Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.23.2008 жыл


Сенбі күнгі басылымдар Оңтүстік Қазақстанда су тасқыны салдарынан қалыптасқан жағдай мен соңғы күндері ауа райының күрт суып, қалың қар жауғанына, кеше Мәскеуде өткен ТМД елдері басшыларының бейресми саммитіне және Қазақстан энергетикасы саласындағы жағдайға арнаған мақалалар басыпты.

Сенбі күнгі басылымдардың дені Сырдарияның тасуы мен Оңтүстік Қазақстанда болған су тасқыны туралы жазыпты.

«Литер» газеті «Божкоға сен, бірақ өзің де қарап отырма» деген мақаласында «Оңтүстік Қазақстанда 2000-ға жуық үй, 5 мектепті су басты, су басқан үйлердің 100-ге жуығы қираған, 2 көпір шайылды, жолдар жарамсыз боп қалды» дей келіп «23 жасар бір азамат суға кетіп қаза болса, бір адамнан хабар-ошар жоқ» деп хабарлапты.

«Время» газеті төтенше жағдай департаментінің дерегіне сілтеме жасап, «қираған үйлер 200, өлген малдардың саны 300-ден асады» деп жазыпты.

«Егемен Қазақстан» басылымы «бүгінге дейін 7100 адам қауіпсіз жерлерге шығарылды, олардың көбі туған-туыс, жекжаттарын сағалауда» деп жазыпты. Сонымен қатар газет ондағы халыққа «аудан әкімі 10 Газель автокөлігімен азық-түлік жеткіздірген болатын. Облыс басшысының пәрменімен 4 Камаз азық-түлік зардап шеккен ауыл тұрғындарына отбасы мүшелерінің санына орай таратылды. Олар орналасқан үйлерге көмір жеткізіліп берілді. Үкіметтен бөлінген алғашқы 500 млн. теңге облыс бюджетіне келіп түсті» дей келіп, апатты көзімен көруге осы өңірге үкімет басшысы Кәрім Мәсімов келіп, республика тарапынан құрылған арнаулы комиссия іске кірісті деп жазады.

«Экспресс К» газеті осы су тасқынына арнаған топтамасында «Сарыағаш, Ордабасы, Арыс аудандарында 3000-ға жуық үй су астында қалды. Қазір онда құтқару шараларына 1100-ден астам адам, 120-дан астам техника тартылып, барлық жапа шеккен 24 ауылда комиссиялар құрылып, апаттың әкелген шығынын есептеуге кірісті» дей келіп, «соңғы күндері қалың жауған қардан республиканың оңтүстік облыстарындағы көптеген жолдар жабылып, оның үшінде Алматы-Ташкент бағытындағы тас жолдың да белгісіз мерзімге жабылып, қазір онда тазарту жұмыстарының жалғасып» жатқанын жазыпты. «Алматы облысының таулы аймағында, осы екі күнде, бір айлық ылғал түсуіне орай қар көшкіні қауіпі барын» жазады газет. Сонымен бірге басылым Оңтүстік Қазақстандағы су тасқынына байланысты Қазақстанның басқа да облыстарының көктемгі су тасқынына әзірлігі туралы мақалалар беріпті.

«Литер» газеті осы ахуалға арнаған мақаласын «Көктемгі шиеленіс» деп атап, соңғы жауған қар қыспағынан төтенше жағдай мамандары күре жолдан 20 жеңіл автокөлік, 5 жолаушылар таситын автобусты құтқарғаны туралы жазыпты.

Ресми басылымдар Мәскеуде өткен ТМД елдері басшыларының бейресми саммитіне арналған мақалаларда «бұл негізінен президент Владимир Путинмен қоштасу және оның мұрагері Дмитрий Медведьевпен танысу саммиті болған соң, осы саммитке ТМД басшыларының бәрі де келді, тіпті достастыққа толық мүше болмаса да Түркменстан басшысы да кепті» деп жазады.

«Айқын» газеті «Орынбор қазақтары араша сұрайды» деген мақаласын «Мәскеуде ТМД елдері басшыларының бейресми саммиті өтіп жатқанда 300 мыңнан астам қандасымыз тұратын Ресейдің Орынбор өлкесінен біздің редакциямызға араша сұраған хат келді» деп бастап, онда «Біз тұратын Соль-Илецк (бұрынғы аты Тұз-Төбе) ауылында... қызметке тартқанда адамды ұлтқа бөліп, кемсіту саясаты сақталынып келеді» деп айтылыпты. Араша сұрап хат жазған «тұрғындар хаттың бір данасын Қазақстан Президентіне, екінші данасын Ресей президентіне жолдаған көрінеді» дей келіп «Айқын» газеті «алдағы уақытта бұл мәселені өз қадағалауымызға алатын боламыз» деп жазыпты.

«Егемен Қазақстан» басылымы «Самұрық» қолға алған тапсырма, ел мен экономиканы электр энергиясы тапшылығынан шығара ала ма?» деген мақаласында «Қазіргі күндері Қазақстанның Солтүстігі–Оңтүстігі жобасының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр» дей келіп, осы желінің құрамдас бөлігі боп есептелетін «Балқаш ЖЭО құрылысы биыл басталғалы отыр. Оның алғашқы кезеңі 2013 жылы аяқталмақ, тірлікті толайым аяқтау 2016 жылға көзделген. Орталық 2 модульден құралмақ. Әрбір блоктың қуаты 660 мегаватт болмақ. Жобаның құны шамамен 4,5 миллиард АҚШ долларындай болады» деп жазыпты.

«Литер» газеті «Миттал жымқырып отыр» деген мақаласында Қарағанды экономикалық соты анықтаған «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының қарыз 100 миллиард теңге салық түріндегі төлемдерді компания заңгерлері мойындамай, олар да сотқа жүгініп отырғаны туралы жазыпты.

«Экспресс К» газеті Карл Байпақов бастаған Қазақстан археологтары суы тартылған Арал өңірінен кезінде Оғыздардың астанасы болған деп есептеліп отырған Жувары не Хоры деп аталатын қаланың орнын тапқаны туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG