Accessibility links

«Ақпараттық теңсіздікті азайту» бағдарламасының бірінші кезеңі күткендегідей болмады


Қазақстанда халықтың интернет пен компьютерден сауаттылығын арттыруды көздейтін мемлекеттік бағдарламаның алғашқы кезеңінің қорытындысы жарияланды. 2007-2009 жылдарды қамтитын «Ақпараттық теңсіздікті азайту» бағдарламасының бірінші кезеңінде халықтың 10 пайызы ғана арнайы курстардан өткен. Мамандар алдағы 2 жылды қамтитын бағдарламаның кейінгі кезеңдерінде межеленген көрсеткішке жете алатындықтарына күмәнмен қарап отыр Себебі, халықтың бұл бағдарламадан мүлдем хабары жоқ. Ал қатардағы азаматтар болса өздерінің компьютерлік сауаты жоқ екендігін мойындап отыр.

Алматы қаласында соңғы 5 жылда тұрып жатқан Ботагөз Әбдіреева компьютерді меңгеруге ден қойып жүргендердің бірі. Ол халықтың интернет пен компьютерден сауаттылығын арттыруды көздейтін мемлекеттік бағдарламаны тіпті естімеген болып шықты.

- Ондай бағдарлама туралы естімегенмін. Компьютерді кім үйренгісі келмейді? Естісем барар едім. Сол қарапайым ғана нәрсені үйрену үшін біз көптеген қиындықтарға кез болып жатамыз. Мәселен, ақша жағдайы. Кейбір курстарға барсаң сондай қызық қарсы алады. Дөрекі, білмегенің үшін кінәлі сияқты қызық жағдайда қаласың. Екінші рет ол жаққа беттей алмайсың, - дейді Ботагөз.

Қазақстанда халықтың компьютерлік сауаттылығын көтеріп, интернет пайдаланушыларды көбейту үшін «Ақпараттық бастама» қоры үш жылға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыра бастаған болатын. Бағдарламаның мақсаты - 2009 жылға дейін компьютерлік сауаты барлар мен интернетті пайдаланушыларды 20 пайызға жеткізуді көздейді. Бағдарламаға бюджеттен 15 млрд. теңге қаржы бөлінген.

Осы бағдарламаның алғашқы кезеңін қорытындылаған «Ақпараттық бастама» қорының өкілдері бағдарламаның алғашқы кезеңінде межеленген деңгейге қол жетпегенін айтып отыр. Оның себебі, жоғарыдағы бағдарлама аясында Қазақстан бойынша 200 мың адам ғана компьютерлік сауатын ашыпты. Ал алдағы екі жыл ішінде 2,2 млн. адам арнаулы курстан өтуі тиіс екен.

Алайда, бұл бағдарламаны жүзеге асырушылар алдағы екі жылға жетер-жетпес уақыт ішінде 2,2 млн адамның сауат аша алатындықтарына күмәнмен қарап отыр. Себебі, халықтың 80 пайызы мұндай бағдарламаның жүзеге асып жатқандығынан бейхабар болса, 20 пайызы бағдарлама туралы естігенімен оның қандай мақсат көздейтіндігін білмейді. Мұндай селқостық өздеріне зиян екенін олар әлі түсінбеген. Екіншіден, енжарлықта өз кесірін тигізіп жатады екен. Бұған бүгінде Алматы қаласында қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарлама бойынша құжат қабылдау кезінде бірнеше мыңдаған адам суыққа тоңып, түнімен департамент алдын күзетіп шыққандығы нақты мысал бола алады екен.

- Егер соңғы уақыттағы электронды үкімет бағдарламасы тиімді жұмыс істеп тұрса, азаматтардың компьютерлік сауаты болған болса, олар үйінде отырып-ақ интернет арқылы тіркеу номерін алуларына болар еді, - дейді жоғарыдағы бағдарламаның менеджері Жәнібек Хасан.

Келесі біз тілдескен Алматы қаласының тағы бір тұрғыны Қарлығыш Жұматаева болса, өзінің компьютер білмейтіндігіне өзгелерді кінәлайды.

- Компьютер білмеймін деп айтудың өзі ұят, шындығында. Бірақ мен үйреніп аламын деп ойлаймын. Курстарға барып көрдім. Ол жерден жарытып білім алдым деп айта алмаймын. Себебі, қажетті бағдарламаны үйретпейді. Ал өзіне қажеттісін үйренгің келсе қосымша тағы қаражат төлеуге тура келеді, - дейді ол.

Айта кетерлігі, жоғарыдағы бағдарлама аясында халықтың компьютерлік біліктілігін арттыру үшін республика бойынша 500-ден астам арнайы сыныптар ашылған. Қазақстанда компьютер үйренгісі келген әркім бұл курстарда тегін оқуға құқылы.
XS
SM
MD
LG