Accessibility links

Оппозициялық партия өз атауын өзгертті


Алдағы уақытта «Нағыз Ақ жол» партиясы Қазақстанның демократиялық «Азат» партиясы боп аталуы мүмкін. Ақпанның 29 күні Алматыда өткен «Нағыз Ақ жол» партиясының 4-съезінің екінші отырысында осындай шешім қабылданды. Съездің тағы бір жаңалығы - бұдан былай партияда теңтөраға деген қызмет болмайды, оның орнына партия төрағасы болып Болат Әбілов, ал бас хатшылыққа Төлеген Жүкеев сайланды. Сонымен қатар партия өзінің жаңа рәмізін де бекітті.

«Нағыз Ақ жол» партиясының былтыр басталған 4-съезінің екінші отырысы 2008 жылдың ақпан айының соңғы күні жалғасып, дауыс беру нәтижесінде партия өзінің атауын өзгерту туралы шешім қабылдады. Ол жайлы партия мүшесі, саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы былай дейді:

- Партияның жаңа атауын таңдауда 300-ге жуық ұсыныстар болды. Соның ішінде, партияның атауын Алтынбектің атымен атау туралы да ұсыныстар болды. Ұсынылғандардың ішінен таңдап алынған үшеудің екеуін - «Азат» және «Азамат» деген атауларды съез дауысқа салды. «Азат» атауын жақтап 88 дауыс, ал «Азамат» деп атауды қолдап 58 дауыс берілді, 12 дауыс қалыс қалды. Қортындысында «Азат» деген атау таңдалды.

Бірақ, партияның белді мүшелерінің кейбірі «Азат» атауына қарсы болды.

- «Нағыз Ақ жол» партиясының атын өзгертуімізге себеп, тағы бір партия бар «Ақ жол» деген. Өздеріңіз білесіздер, оны Әлихан Байменов басқарып, партиямызды екіге бөліп, былайша айтқанда, бір бөлігін партияның атымен қоса алып кеткен. Біз амалсыздан, марқұм Алтынбектің ұсынысымен «Нағыз Ақ жол» атанған болатынбыз. Ол белгілі дәрежеде өзін ақтады да. Оның үстіне соңғы сайлауда халық партияларды шатастырды. Ал қазір біз соны тағы да қайталайтын сияқтымыз. Тағы да, бұл қай «Азат»?! Анау «Азат», мейлі ол қозғалыс болсын, ол тіркеуде тұр. Ол бар! Сондықтан, менің принципті пікірім – біз тағы да бірдемені қайталаған болмайық, сол қатенің зардабын тағы шегіп жүрмейік. Ыңғайсыздық тумасын деп ойлаймын. Бұл өте принципті мәселе, сондықтан мен өз басым – «Азаматты» қолдаймын!», - деді саясаткер Жасарал Қуанышәлі.

Ал Рысбек Сәрсенбайұлы партия өз атын дұрыс таңдады деп санайды.

- «Азат» ол азаттыққа шақыратын нәрсе. Бұл ең алдымен азаматтардың құлдық психологиядан азат болуы керек дегенді білдіреді. Жеке басқа табынушылық орнаған заманда адамдар содан азат болуы керек. Санада азаттық керек. Мемлекетте азаттық керек. Мемлекет жемқорлықтан азат болуы керек. Қоғам әділетсіздік пен заңсыздықтан азат болуы керек. Отан мына қазба байлықтарын тонап жатқандардан азат болуы керек. Міне, осылардың бәрімен де күресетін партия болғандықтан «Азат» аты лайықты деп есептеймін.

Дегенмен, қазақстандықтарға «Азат» есімі бұрыннан таныс. Осындай аттағы қоғамдық қозғалыс та бар. Алматы қалалық «Азат» қоғамдық қозғалысының төрайымы Қания Бейсенбай осы туралы былай дейді:

- «Азат» қоғамдық қозғалысы әділет министрлігінен тіркеуден өтіп, құжаттарымыз қолымызда. Енді бұлар партияларының атын «Азат» деп қоятын болса, арада реніш туындайды, сосын біз ешқандай мафия, коррупциямен күресе алмай, бір-бірімізбен күресіп кетеміз. Онсыз да ондай жағдайлар болған, сол қайталанады деп ойлаймын.

Бірақ Рысбек Сәрсенбайұлы бұл жерде ешқандай заң бұзушылық жоқ және оны тіркетудің ешқандай қиындығы болмайды деген пікірде.

- «Азат» деген қозғалыс та, партия да бола береді. Ол, «Азат» деген атқа таласудың еш қажеті жоқ. Қайта азаттық жолындағы күреске түсіністікпен, бірлесіп ұмтылу керек.

Сөйтіп, алдағы уақытта Қазақстанның демократиялық «Азат» партиясы әділет министрлігіне атын өзгерткені туралы тіркеуден қайта өту үшін құжаттарын табыстамақ. Бұдан былай партияда теңтөраға деген болмайды, сьезде қабылданған шешімге сәйкес, партияны алдағы уақытта тек Болат Әбілов басқарады да, бас хатшы қызметін Төлеген Жүкеев атқарады. Ал Ораз Жандосов та партия қатарында және төралқа мүшелігінде қалатын болды.

Съезде партияның 2008-2010 жылдарға арналған қысқамерзімді бағдарламасы да қабылданды. Одан басқа 2012 жылға дейінгі бағдарлама талқыланды. Экономикалық, әлеуметтік, саяси салаларды қамтыған бұл бағдарламада шетелдік жұмыс күштеріне тиым салу, зейнетақыны көтеру, қоғамдық телеарна ашу, оффшор арқылы саудаға тиым салу, компания иелерінің ашықтығына, кен-байлық контрактілерінің ашықтығына қол жеткізу, т.б. мәселелер қозғалды.

Сондай-ақ съезде партияның жаңа рәмізі бекітілді. Жаңа рәмізде жебе оғы іспеттес сызықтың үстінде «Азат» деген жазу бар.
XS
SM
MD
LG