Accessibility links

Қазақстан сыртқы істер министрі өз елінің үкіметі ұлттық заңнаманы халықаралық талаптарға сәйкестендіреді деп сендірді


«Қазақстан үкіметі ұлттық заңдарды және олардың қолданылуын халықаралық стандарттарға сәйкес болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды». Женевада наурыздың 5-күні Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқтары жөніндегі Кеңесінің 7-сессиясында сөйлеген Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжин осындай мәлімдеме жасады. Ал, Қазақстандағы оппозиция өкілдері осы уәделер әлі орындалмай жатыр дейді.

Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің пікірінше, Қазақстан бұл саладағы халықаралық тәжірибеден тыс қалғысы келмейді, сондықтан республика Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы жөніндегі көптеген конвенцияларына және халықаралық шарттарға қосылған.

«2008 жылы қаңтар айында Қазақстан азаптауға қарсы шағымдарды қарастыратын БҰҰ-ның құзыретін мойындайтын өтініш қабылдады. Оның сыртында азаптауға қарсы конвенцияны ратификациядан өткізу үшін елдің ішіндегі рәсімдер аяқталуға жақын», - деді министр Тәжин. Оның айтуынша, осы жылы Қазақстанда Вена декларациясына сәйкес адам құқығы саласындағы ұлттық шаралар жоспары дайындалады.

«Бұл құжат адам құқығы саласындағы базалық баяндама негізінде жасалады», дейді министр.

Тәжиннің айтуынша, бұл жұмыстарға үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдар қатыстырылады. Ал, Еурокеңестің парламенттік ассамблеясы Қазақстанға Еурокеңес стандарттарына сәйкес заңдарға өзгеріс енгізуді ұсынған. Ол заңдар мыналар: сайлау өткізу, БАҚ еркіндігі, митинг өткізу, сот тәуелсіздігі, жергілікті өзін-өзі басқару, өлім жазасынан мүлдем бас тарту.

«Адам құқықтары үшін хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетованың айтуынша, халықаралық заңдарда адамдар өз пікірін білдіргісі келсе немесе бейбіт шеруге шыққысы келсе биліктен рұқсат сұрамай тек хабардар етуге тиіс. Алайда Қазақстан заңдары өзгеше дейді ол:

- Адамдардың шеруіне сөз бостандығына басқа көзбен қарау керек, бізде негізі заңдарда тек мемлекет тарабынан рұқсат алып өткізуге болады.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның мәліметінше, Қазақстан адам құқығы жөніндегі 40-тан астам халықаралық құжаттарға қосылған және адам құқығы жөніндегі пактілер мен конвенциялардың барлығын Қазақстан парламенті бекіткен. Осы комиссия мүшесі Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимов айтып өткендей, әліде заңдарға өзгеріс енгізу керек:

- Қазақстан екі пактіге қосылды, бірақ, екі хаттамаға қосылған жоқ. Айта кету керек, Қазақстанның көптеген заңдары халықаралық талаптарға сәйкес келеді, бірақ, нормативті актілер бойынша көп жұмыс жасау керек, өйткені, бізде әлі де заңға сәйкес келмейтін нормативті актілер шығарылып келеді.

Министр Тәжиннің айтуынша, Қазақстан адам құқығының тиімді сақталуына ұлттық кепілдік беруге ниеті бар. Оның ішінде құқық сақтау институттарының құзыретін кеңейтіп, сот жүйесін тиімді қылу шаралары кіреді, деді Тәжин.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанның адам құқығы жөніндегі ұлттық орталығына жыл сайын азаматтардан 3000-ға жуық арыз-шағымдар түсіп тұрады. Шағымдар жыл сайын көбейіп барады деп хабарланып отыр.

Шағымдардың көбі сот шешімдеріне келіспейтіндерден түсті. Бірақ, омбудсменнің мәліметінше, мұндай шағымдардың барлығын қанағаттандыру мүмкін емес. Ол үшін, заңдарға өзгеріс енгізу қажет. Әзірге омбудсмен сот шешімдеріне байланысты сауалдарды, үкімет, орталық сайлау комиссиясы, конституциялық кеңес, парламент депуттарына қатысты бұзушылықтарды қарастыра алмайды.

«Жария» атты әйелдер қоғамы үкіметтік емес ұйымының директоры Гүлзия Набиева бұл мәселеге орай мынадай пікірін білдірді:

- Көп адамдар біздің қоғамда адам құқықтары туралы білмейді. Адам өз құқығын білмесе оған ешкім көмектесіп дайындап бәрін әкелмейді.

Ал, министр Тәжиннің айтуынша, бір жағынан саяси-азаматтық құқықтармен, екінші жағынан экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтар арасында тепе-теңдік сақталу керек.
XS
SM
MD
LG