Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.07.2008 жыл


Жұма күнгі басылымдардың дені 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне назар аударыпты. Оппозициялық басылымдар Рахат Әлиевтің ұсынған «Жемқорлыққа күйрете берілетін он соққыға қосымша» атты мақаласын басыпты. Кейбір басылымдар «Азат» партиясының атауы төңірегіндегі дау туралы жазыпты.

Жұма күнгі басылымдардың дені 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне назар аударыпты. Осы орайда «Айқын» газеті қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз, Халық Қаһарманы - Хиуаз Доспанова апаймен ауқымды сұхбатын берсе, «Қазақстан-Zaman» апталығы қазіргі заман ұшқыш қызы Тоты Әміровамен «Тоғыз жасымнан ұшқыш болуды армандадым» деген сұхбатын беріпті.

Сонымен қатар, «Айқын» газеті «Менің өлеңім жиырмасыншы ғасырда шашылып қалды» деген атпен қазақтың айтыс өнерінің дарабозы, Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова апаймен сұхбатын жариялапты. Осы тақырыпта тәуелсіз басылымдар оппозиция қайраткерлерінің бірі Маржан Аспандиярова туралы мақалалар басыпты.

«Свобода слова» апталығы «Әлиев маған қысым жасаған жоқ» деген атпен «Нұрбанк» ісіне байланысты қазір үстінен сот жүріп жатқан, қаржы полициясының тергеу бөлім бастығы орынбасары Бауыржан Әубакіровпен сұхбатын жариялапты.

«Свобода слованы қалай соттады?» деген мақаласында осы газет 4-ші наурыз күні Алматыдағы Алмалы аудандық сотта Қарасай мен Жамбыл ұрпақтары апталық басылымды сотта қалай жеңіп және оларға барлығы 150 мың теңгедей айыппұл төлетуге сот газетті қалай міндеттегені туралы жазыпты.

Барлық дерлік оппозициялық басылымдар «Азат» партиясының атауына Хасен Қожахмет басқаратын қоғамдық қозғалыс пен партия арасындағы талас өршіп бара жатқаны туралы жазыпты.

«Тасжарған» осыған байланысты мақаласында «Азаттың» атына талас тудырғандарды түрткілеген кімдер?» деп сұрап, «Азат» қоғамдық қозғалысының арасындағы ырду-дырду таласқа біраз тарихи шолу жасалып, «бұл тағы да биліктің түрткісінен туған әрекет» деп жауап беріпті. Осы апталық әлгі, «28-дің хатына» кезінде қол қойып, кейін сол үшін көпшіліктен кешірім сұраған Мұрат Әуезовпен «Мен тұз ішіп, у жұтқан қоғамнан кешірім сұрадым» деген сұхбатын беріпті. Онда автор ойын «Маған салсаңыз, тіршілік тізесін бүгіп, сағын сындырған жұртшылыққа ондай идеяның ауаны да, оның нақты орындалуы да қызық емес. Бұл бастама – «белгісіз біреулердің» жоғарыдағы көшбасшы алдында ұпай жинау үшін жасаған саяси жүрісі» деп қортындылапты.

Осы «28-дің хатын» қолдаған белгілі ақын Олжас Сүлейменов туралы «Свобода слова» апталығы «ол халықтан тіпті де алыста екен» деп жазыпты.

Сонымен бірге, «Тасжарған» апталығы Қазақстан президентінің екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаев туралы ауқымды мақала басыпты. Мақалада Тимур қазір Италияда тұрып жатқаны, онда өзінің екінші әйелі Гаухар Ашкеназиден (Гога Беркалиева) туған ұлы бар екені туралы айтылады.

«Республика» апталығы «Әбілов неге Тасмағамбетовпен салғыласады?» деген мақаласында, «бұл билік басындағы элиталар арасындағы қақтығыстардың көрінісі» деген тұжырым айтады.

«Литер» газеті «Қытайлық екі ауыр атлетика қыздары Қазақстан азаматтығын алуы мүмкін және жазғы олимпиадада Қазақстан намысын қорғауы мүмкін» деп жазыпты. Осыған орай газет «Қазақстан спортын дамытамыз десек, стадиондар салу жөн бе, жоқ Рональдино мен Раульге азаматтық бергеніміз жөн бе?» деп сұрапты.

«Айқын» басылымы «Қазақстанға үлкен экономикалық дағдарыс жақындап келеді деген пікір қаншалықты негізді?» деп сұрайды. Оған жауап бергендерден экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов: «Әлемдік талдау агенттіктерінің зерттеулері бойынша тек Қазақстанды емес, әлемді үлкен экономикалық дағдарыс күтіп тұрған сыңайлы» деп жауап берсе, басқалары «жоқ» дегендей жауап беріпті.
XS
SM
MD
LG