Accessibility links

Астанада 300 үлескер құрылысы тоқтап тұрған тұрғын үйлердің мәселесін шешуді талап етіп жиын өткізді


Құрылыс компаниясының басшылығы болса әлемдік дағдарыс кесірінен құрылыс тоқтап қалды деген уәж айтады. Қала басшылығының мәліметінше, Астанада осы тектес 45 үйде құрылыс баяу өтіп жатыр. 26 үйде құрылыс мүлде тоқтап тұр. 34 үйде үлескерлердің қаржысы өзге мақсатқа жұмсалып кеткен.

Астанадағы Мирзоян мен Манас көшелерінің қиылысындағы көп қабатты 3 тұрғын үй ғимараттары құрылысының бірінші кезегі 2006 жылы аяқталуға тиіс болған. Үлескерлердің бастама тобының жетекшісі Қайырбек Нағымановтың айтуынша, үлескерлер ақшасын ай сайын толеп жатқанына қарамастан, құрылыс тоқтап тұр.

Мердігер компанияның өкілі Зафир Йылмастың айтуынша, олар құрылысты бастаған кезде бетонның әр текше метрі 9 мың теңге тұрған, ал жазда ол 30 мың теңгеге қымбаттады, дейді ол.

Зафир Йылмас темір арматурасының бағасы да 60 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін қымбаттағанын айтады.

Ал үлескер Қайырбек Нағыманов болса, бетон бағасы тек жуырда көтерілгенін айтып, ал оған дейінгі ақшаның қайда кетіп жатқаны белгісіз дейді.

Үлескер Шолпан Мағауияқызы үлескерлер ақшаны емес пәтерлерді алғысы келеді.

«Себебі, кезінде әр шаршы метрін 800 доллардан сатып алғанбыз, ал қазір бұл баға көтерілген. Яғни, біздің ақша екі жыл бұрынғы өз құнын жоғалтты», - дейді ол.

«Әрмен қарай Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі бюросына шағымданамыз», - дейді үлескер.

«Байқоңыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сауда бөлімінің бастығы Бора Динджердің айтуынша, үлескерлерден алынған ақша қала желілеріне қосылу үшін жұмсалып жатыр.

«Қазір нысан канализация құбырларына қосылды, су құбырлары өткізілді», - дейді ол.

Үлескер Шолпан Мағауияқызы қаланың ресми департаменттерінен құрылыс нысаны жөнінде ақпарат жинай бастағалы алаңдай бастағанын айтады.

«Себебі, компанияда ғимараттарды қаланың электр желілеріне қосуға рұқсаттары да жоқ екен», - дейді ол.

Құрылысқа тапсырыс берген Бора Динджер дағдарыс пен баға өсудің кесірінен пәтердегі шаршы метрдің өзіндік құны көтерілгенін алға тартады.

«Банктер ақшаны тек кепілдікке береді. Жергілікті үкімет «Қазына» қоры арқылы ақша бөлгенімен ол әлі бізге жетпеді. Егерде ақша берілсе бұл нысанды бір жарым жыл ішінде аяқтаймыз деген мақсат бар», - дейді ол.

Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошунның айтуынша, мемлекеттік комиссия несие беруді шешкен Астанада 112 тұрғын үй іріктелді. 45 үйде құрылыс баяу өтіп жатыр. 26 үйде құрылыс мүлде тоқтап тұр. Көптеген құрылыс компанияларында ақшалары жоқ, ал несие алайын десе банктер сұрайтын кепілдіктері жоқ. 34 үйде үлескерлердің қаржысы өзге мақсатқа жұмсалып кеткен.

Премьер-министрдің орынбасары Өмірзақ Шүкеевтің айтуынша, Астанада 25 мың пәтерге үлескерлер ақша салып қойған. Бірақ бұл пәтерлердің құрылысы тоқтап қалды.
XS
SM
MD
LG