Accessibility links

Алматы тұрғыны Серік Ыдырышев өз еңбек құқығын қорғауға Қазақстан президентінен жәрдем сұрайды


- Мен 35 жыл бойы Алматы ауыр машина жасау зауытында болат құю цехында жұмыс істедім. Болат құю цехында жұмыс жағдайы өте ауыр, зиянды, онда еңбек еткендер №1-тізіммен зейнеткерлікке шығады.

Міне, мен әлгі айтқан 35 жылдың соңғы 6 жылында жалғыз жұмыс істедім. Негізінен біз әлгі цехта кезектесіп жұмыс істейтін 3 адам едік, алдымен біреуі жұмыстан шығып кетті, онан кейін кезекпен мені ауыстырып жүрген жігіт те жұмыстан кетіп, мен жалғыз қалдым. Бастықтарым маған «шыдап істей тұр, кейін адам тауып береміз» деді де, бірақ сол бойы тапқан жоқ ешкімді. Ал мен болсам өзім жалғыз жұмыс істеген алты жылда жиыны 3397 сағатты белгіленген мөлшерден артық еңбек етіп, 10 мың тоннадан артық өнім беріппін. Бірақ, өзіме белгіленген уақыттан тыс еткен еңбегіме заң бойынша 2 есе төлеуі тиіс болса да кәсіпорын маған ол ақшаны төлемеді.

Содан Алматыдағы Алмалы аудандық №2 сотына талап-арыз бердім өз маңдай тер еңбегімнің төлемін даулап. Бірінші сот 2007 жылы 6-сәуірден бастап 5-қыркүйекке дейін созылды. Бес ай бойы мен құдды бір жұмысқа барғандай сотқа барып жүрдім. Ақыр соңында, не керек, әлгі артық 3397 сағат үшін соттың маған кәсіпорыннан өндіріп берілсін деп шешкені небары 135 мың теңге ғана болды.

Ойпырмай, осы тура жердің үстімен барып, астымен қайтқандай болдым, Алла сақтасын. Әйткенмен онымен келіспей Алматы қалалық сотына шағымдандым. Олар алдыңғы соттың шығарған шешімі дұрыс емес деген себеппен істі қайта жіберді. Менің бұған ішім жылып, үміт оты қайта жанғандай болып еді.

Енді қазір міне, былтырғы қарашаның 20-сынан бері сот табалдырығын тағы да тоздырып сандалбай жүріспен әлі жүрмін. Ең қызығы, менің талап-арызда айтқандарыммен зауыттың басшылары мойындап отыр, яғни менікінің бәрі дұрыс болып отыр. Бірақ, шешім әлі күнге жоқ. Бұл сот не тосып жүр? Зауыт басшылары не күтіп жүр? Түк түсінбеймін. Сотқа бара, ондағылар «бүгін қарамайды, ертеңге қалдырды» дейді. Ертеңінде барсаң тағы да солай келесі күндерге сырғытады. Сөйтіп қазір не істерімді білмей, оттың ортасында жүргендей күйдемін мен.

Зауытпен соттасып жүргенімде, кәсіпорын басшылығы сыныққа сылтау іздеп, ақыры 2007 жылы қазан айында мені жұмыстан кетірді. Ол былай болды: зауыт әкімшілігі маған аула сыпырушы болып істе деген талап қойды. Ау, айналайындар, 35 жыл цехта жұмыс істеген мені енді аула сыпыр дегендерің қай сөздерің десем, олар «оған келіспесең жұмыстан кет» дегенге келтірді. Содан еріксіз өтінішімді бердім де жұмыстан шығып кеттім.

Япырмай, әділдік деген біздің елге қашан келер екен?! Мен осы «Азаттық» арқылы өз мұң-зарымды ел президентіне жеткізгім келеді:

Құрметті Нұрсұлтан аға! Жұмысшының еңбегін жегендерге бір ауыз сөз айтыңызшы, аға! Менің әбден есім шықты...

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG