Accessibility links

Оппозиция қайраткерлерінің бірі Жасарал Қуанышәлі атауын өзгерткен партия қатарынан шықты


Оған партия атауының «Азат» болып өзгергендігі басты себеп болып отыр. Партия қатарынан шығу туралы мәлімдеме жасаған Жасарал Қуанышәлі «Нағыз Ақ жол» деген атауды «Азатқа» өзгерту қарама-қайшылыққа алып келіп, тағы да шатастыруға ұрындырады деген пікірде. Ол партия атауы партияның жарғысын бұзу арқылы жүзеге асырылды дейді. Себебі, партияның атауы төралқа жиынында талқыланбай бұрынғы үш төрағаның оңаша шешімімен бірден орталық кеңестің отырысында жарияланып, төралқа мүшелерінің де, орталық кеңестің де пікірі ескерілмеді, дейді саясаткер.

Бұған дейін «Нағыз Ақ жол» партиясының төралқа мүшесі болған оппозиция қайраткерлерінің бірі Жасарал Қуанышәлі сейсенбі күні Алматыда журналистер алдында мәлімдеме жасады.

- Партия қатарынан шығу туралы мәлімдеме жасауға шарасыздықтан барып отырмын. Бұрынғы «Нағыз Ақжол дың» басшылары маған басқа таңдау қалдырмағандықтан осылай етуге мәжбүрмін, - деді Ж.Қуанышәлі.

Ол осы кезге дейін өзі мүшесі боп келген оппозиция партия басшылығы осымен екінші рет партияның атауын өзгертуде қате жіберіп отыр деп санайды.

- Бірінші рет партия екіге жарылған тұста, партияның атауын өзгерту керек болғанда марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы сәтті ұсыныс жасап, партия атауын сақтап қалған еді. Ол жаңа атаудың түбегейлі бекуі үшін аз тер төкпеген. Алайда, Алтынбек Сәрсенбайұлы айуандықпен өлтірілген соң партияның өзге тең төрағалары салы суға кетіп, қайтадан партия атауын өзгертуді қалады. Егер Алтынбек Сәрсенбайұлы тірі болғанда мұндай қадамға жол бермейтін еді, - дейді Ж.Қуанышәлі.

Оның айтуына қарағанда, партия атауын «Азат» деп өзгерту туралы шешімді бұрынғы үш төраға өзара қабылдаған. Партияның жаңа атауы партияның төралқа жиынында талқыға салынбай, орталық кеңесте бір-ақ жарияланған. Ал орталық кеңестің кейбір мүшелері айтқан ұсыныстар ескерілмеген. Партияның атауын өзгерту мәселесін съезде қарау да осындай жағдайда өткен.

- Осыған орай мен «Нағыз Ақ жол» партиясының соңғы съезіне дейінгі төралқа мүшесі және «Азат» қозғалысының бұрынғы мүшесі ретінде өз наразылығымды білдіріп, партия қатарынан шығуға мәжбүрмін, - дейді Жасарал Қуанышәлі.

Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың жетекшісі Айдос Сарым Қуанышәлінің айтқанымен келіспейді.

- Бұрынғы «Нағыз Ақ жолдың» атауын «Азат» етіп өзгерту тек үш тең төрағаның шешімі деуге келмейді. Партия атауын «Азат» деп атауды съезд делегеттары шешті. Өйткені, съезде «Азат» пен «Азамат» деген атаудың арасында үлкен талқы болды. Ал Жасаралдың партия қатарынан шығуына келетін болсақ, ол кісі саясатта, қоғамда орны бар адам. Партия қатарына кіруге де, шығуға да толық құқығы бар. Таңдауды өзі жасайды, - дейді.

«Нағыз Ақ жол» партиясы өз атауын «Азат» етіп биылғы жылдың ақпан айының аяғында Алматыда өткен 4-інші съезінде өзгерткен еді. Дегенмен, қазақстандықтарға «Азат» есімі бұрыннан таныс. Осындай аттағы қоғамдық қозғалыс та бар. Сол қозғалыстың кейбір мүшелері де оппозициялық партияның «Азат» аталуына наразылық білдірген болатын. Себебі, 15 жылдан бері ұлттық-демократиялық бағытта жұмыс істеп келеміз деген уәж айтады қозғалыс белсенділері.

- «Нағыз Ақ жол» партиясының «Азат» аталуына қарсы болып азаматтар партия қатарынан кетіп жатса, «Азат» қозғалысының Қазақстан қоғамындағы орнын көрсетеді. «Нағыз Ақ жолдықтарға» не болды, қазақта басқа сөз құрып қалып па? – дейді «Азат» қозғалысын кезінде басқарғандардың бірі Хасен Қожахмет.

«Ендігі жоспарыңыз қандай? «Азат» қозғалысына қосыласыз ба, әлде басқа саяси ұйымдарға кіресіз бе?» деген журналистер сауалына бұрынғы «Нағыз Ақ жол» партиясының қатарынан шыққан Жасарал Қуанышәлі: «Маған ешқайда барудың қажеті жоқ. Менің баяғы «Азат» қозғалысына мүшелігім әлі күнге сақтаулы. Мен қозғалыс қатарынан шыққам жоқ, мені ешкім шығарып тастаған жоқ. Қозғалыстағы жұмысымды жалғастыра беремін», деді.
XS
SM
MD
LG