Accessibility links

Астана әкімшілігі құрылысы бітпеген үйлерден 1 мыңнан астам пәтер сатып алмақ


Биыл сәуір айында Астана әкімшілігі құрылысы аяқталмаған нысандардан 1 мыңнан астам пәтер сатып алады. Бұл туралы наурыздың 17 күні әкімшілік отырысында Астана әкімі Асқар Мәмин хабарлады. Оның айтуынша бұл пәтерлер бюджет қарамағындағы тұрғындарға жалға беріледі. Бірақ, кейбір тұрғындар бюджет қаржысына алынған пәтерлерді қайтадан сол салық жинаған адамдарға жалға беру дұрыс емес деп отыр.

Астана әкімшілігінде хабарланғандай биылғы мың пәтердің сыртында келесі жылы тағы 5 мың пәтер алу көзделді. Үкімет резервінен осы 6 мың пәтер алуға жететін 41 миллиард теңге бөлінген. Бюджет қаржысы банктер арқылы 2008 жылы аяқталуға тиіс болған құрылыс нысандарын қаржыландыруға жұмсалу керек деп хабарланды. Осылайша құрылысы аяқталып қалған пәтерлерді бюджет қаржысына сатып алынады. Алдымен бағаны төмендететін тендер өткізіледі. Арзан пәтерлердің бір шаршы метрі 114 мың теңгеден алынады. Премьер-министрдің орынбасары Өмірзақ Шүкеевтің айтуынша мұндай бағамен пәтер сатуға құрылыс компаниялары келісім берді.

Әкімшілік мәліметінше Астанадағы ұлттық компанияларыда өз қызметкерлеріне деп қаладан 8 мың пәтер алуға уағдаласты. Осылайша қаладағы құрылысы басталып сатылмай қалған пәтерлер саны азаяды деп хабарланып отыр. Пәтерлерін сатуға 60 нысан ұсынылды. Бірақ, олардың ішінен әзірге тек 20 ғимарат іріктеліп отыр. Алдағы екі аптада барлық ұйымдастыру рәсімдері аяқталып, сәуірдің екінші тоқсанын бастап пәтер сатып алуға кірісеміз, дейді Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошун. Құрылыс компаниялары қауымдастығының төрағасы Айдын Рақымбаевтың айтуынша енді Астана әкімшілігі, Қазына тұрақты даму қоры, және Ұлттық компаниялар осы пәтерлерді құрылыс компанияларынан көтерме бағамен сатып алады.

Үкімет мүшелерінің айтуынша өзіндік құнға сатып алынған пәтерлердің бір бөлігі жалға беріледі. Оған ай сайын 150 доллар төлеуге шамасы жететін тұрмысы мүшкіл адамдар және мұғалімдермен дәрігерлер кіргізіледі. Бірақ, кейбір тұрғындар бұл бастамаға наразы. Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік коммуналдық тұрғын үйлер әлеуметтік жағынан қорғауды талап ететін тұрғындарға беріліп келген. Тіпті әр түрлі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде Астана, Алматы қалаларымен әр облыста 100 пәтерлік коммуналды тұрғын үй салынады деп хабарланған. Бірақ, президент Назарбаев соңғы жолдауында айтқандай енді мұндай коммуналды, яғни тегін берілетін пәтерлер салынбайды. Есесіне әр облыста жалға берілетін 120 пәтерден салынады. Астана тұрғыны Әсель Әбдіғапарованың айтуынша бұл дұрыс емес. «Бізден салық жинап алып кейін сол бюджет қаржысына үй салып қайтадан сол үйлерге бюджет қызметкерлерін кіргізіп олардан жалға қаражат жинау дұрыс емес», дейді ол.

Бірақ, әкімшілік отырысында хабарланғандай қалада қазір үлескерлердің қаржысына салынуға тиіс болсада құрылысы тоқтап қалған 26 проблемалық ғимарат бар. Онда 6 мыңға жуық үлескер 10 мыңнан астам пәтерін ала алмай отыр. Сондықтан әзірге құрылыс компанияларына жаңа құрылыс бастауға тыйым салынған.
XS
SM
MD
LG