Accessibility links

Кәсіподақтар конфедерациясы бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуді үкіметтен талап етіп отыр


Қазақстанның кәсіподақтар конфедерациясы бюджет қызметкерлерінің бас жұмыс берушісі - үкіметті сотқа беретіндігін жариялады. Себебі еңбекақыны инфляцияға байланысты жылына бір рет көтеруді ескеретін еңбек кодексіндегі 124 бап орындалмай отыр, дейді кәсіподақтар. Бұл туралы Астанада наурыздың 19 күні хабарланды. Егерде үкімет бюджеттен ақша алатын бір миллион адамның еңбекақысын көтермесе, онда 5 сәуірде облыстарда кәсіподақтар еңбеккерлерді шеруге шығаратындығын мәлімдеді. Үкімет өкілдері болса еңбекақыны реттейтін бюджеттік рәсімдер бар деген уәж айтады.

Сәуір айында Қазақстанда көптеген монополистер коммуналды тарифтерді көтеретіндігін хабарлады. Сондықтан осы уақытта еңбеккерлердің еңбекақысын көтеру керек, дейді кәсіподақ мүшелері.

«Ұзақ уақыт бойы білім алып жоғары оқу орнын тәмамдаған жас дәрігер алғашқы бес жылда небәрі 20 мың теңге еңбекақы алады. Мұғалімдердіңде жағдайы да мәз емес. Балабақшадағы тәрбиеші көмекшісі небәрі 16 мың теңге айлық алады», дейді кәсіподақтар.

Бұл тіпті елдің орташа айлығынан екі есе кем, дейді олар. Салыстырсақ, елдегі орташа еңбекақы 54 мың теңге. Білім саласы кәсіподақтарының төрайымы Майра Амантаева шыдам-төзімнің таусылғанын айтады:

- Еңбекақыны инфляцияға байланысты жылына бір рет көтеруді ескеретін еңбек кодексіндегі 124 бап орындалмай отыр. Талап орындамаса, онда 5 сәуірде барлық облыстарда кәсіподақ жетекшілері еңбеккерлерді шеруге шығарады.

Қазақстанның кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевтің айтуынша, елде төмен жалақыға наразы адамдар көп.

«Салада 1 миллион адам бар», - дейді ол.

Кәсіподақтардың айтуынша, осы мәселенің көтерілгеніне 4 жыл болған, қазір жағдай ушығып барады.

«Әлеуметтік атмосфера тұрақсыз. Үкімет кәсіподақтарды шектен шығатын шара қолдануға итермелеп отырғандай», дейді кәсіподақ мүшелері. Ал, Денсаулық сақтау министрлігінің қаржы департаментінің директоры Бақыт Раева барлық мәселе бюджетке келіп тіреледі деген уәж айтады.

Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек төленуі әдістемесін жасайтын бөлім бастығы Айжамал Мыңжасарова биыл 6 наурызда осы мәселені зерттейтін жұмыс тобы құрылғанын айтты.

«Бірақ, біз тек кәсіподақтармен жұмыс істей алмаймыз, қазір барлық мемлекеттік органдардың ұсыныстарын жинап жатырмыз және жұмыс тобының жетекшісі іс сапарында жүр», дейді Мыңжасарова.

Кейбір бақылаушылардың айтуынша, жергілікті кәсіподақтар тәуелді, сондықтан еңбеккерлер шеруге шықпайды. Қазақстанның кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев еңбеккерлердің өздері белсенді емес деп отыр.

«Халықтың менталитеті басқа, өз құқықтарын білмейді», - дейді ол.

Қазақстанның кәсіподақтар конфедерациясы заңда ескерілгендей еңбекақыға негіз болатын төменгі көрсеткішті өсіруді талап етіп отыр. Бүгінде ол 8712 теңге немесе 72 долларға тең. Және айлықты инфляцияға байланысты көтеріп салалық келісімдерде еңбекақыны жоғарылататын коэффициентті бекітуді талап етіп отыр.

Осы 3 талап үкімет пен парламентке жіберіліп, елдегі барлық кәсіподақ мүшелеріне таратылды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG