Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.20.2008 жыл


Бейсенбі күнгі басылымдардың дені Наурыз мерекесінің басталуына орай мақалалар беріпті. Оппозициялық басылымдар Қазақстан президентінің інісі Болат Назарбаевтың әйелі Майра Назарбаеваның Түрік архитекторына жасаған қысымы жайлы ауқымды мақалалар берумен қатар, «Хабар» телеарнасының алдағы уақытта олигархтарға сатылу мүмкіндігі туралы, Рахат Әлиевтің Қазақстандағы қант зауыттарына енді кім ие болғандығы туралы мақалалар басыпты.

«Айқын» газеті Наурыз мерекесіне арнаған «Бүгін күн мен түн теңеледі» деген мақаласында «Наурыздың басталу сәті жыл сайын Күн қозғалысына орай өзгеріп отырады. Айталық, былтыр күн мен түннің теңелуі наурыздың 21-і күні таңғы сағат 6-дан 7 минут 26 секунд өткен сәтке, ал 2006 жылы наурыздың 20-сынан 21-іне қараған түні сағат 1-ден 25 минут 33 секунд өткен сәтке дөп келді. Ал бүгін Ұлыстың ұлы сәті: сағат 11-ден 48 минут 19 секунд кеткенде күн мен түн теңелді! Бұл турасында еліміздің астрофизика институты хабарлап отыр» дей келіп, «осыған орай Үндістан, Иран, Тәжікстан және Ауғанстан елдерінде бүгін Наурыз тойы басталды. Ал күннің ұзаруын меже қылған елімізде бұл мереке наурыздың 22-сінде басталады» деп жазыпты.

«Қазақстан ZAMAN» апталығы осы мерекеге байланысты, жаңадан басталған Тышқан жылымен құттықтай келіп, «әр ауыл мен әр қалада «Президент бағы» болсын» деген ұсыныс айтыпты. Сонымен қатар осы апталық оқырмандарына «соңғы жылдары Наурыз тойлау бәсеңсіп кеткені қалай? Наурыз дастарханының сәнін арақ-шарап кетіріп тұр, мұны қалай тоқтатамыз?» деген сияқты сауалнама тастапты.

«Жас алаш» басылымы «Наурызды Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері тойлай ма екен?» деген сауалнама нәтижесін жариялапты.

«Свобода слова» апталығы «Майра Назарбаеваның аты шықты» деген мақаласында «президенттің келіні шетелдік азаматтан қаржы талап ету үшін, оны ұрламақ болды» деп жазыпты. Ал «Президенттің досын кім қудалауға алмақ?» деген мақаласында Тараз қаласынынң белгілі кәсіпкері Сұлтан Махмадовтың соңғы кездері Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қызметкерлері тарапынан қысым көріп жатқаны туралы жазыпты. «Мән-жайға қарағанда біздің чекистер Өзбек жолын таңдаған секілді» деген мақалада Қазақстандық бір топ азамат әртүрлі діни экстремизммен айыпталып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылғаны туралы айтылады. Осы апталықтың «Қазақстанда енді кім «тәтті?» деген мақаласында Рахат Әлиевтен тәркіленіп алынған қант зауыттарының ендігі иесі вице-премьер Ахметжан Есімов болуы әбден мүмкін деген болжам айтыпты.

«Время» газеті бас мақаласын «Қорғас» кеден бекеті басшысының үстінен қылмыстық іс ашылғанына арнай отырып, Оралда нан бағасының қымбаттағаны туралы, кеше Алматыда қала әкімшілігі ғимараты алдында үлескерлердің пикеті болғаны туралы жазады. Осы газет «Құм кернеу генералы» деген мақаласында отставкаға шыққан Қазақстан офицерлерінің заң бойынша тиесілі пәтерлерін әлі күнге ала алмай жүргендері туралы жазады.

Сонымен қатар «Время» газеті «Алда аласапыран жылдар бар» деген мақаласында өзін «саяси жұлдызшымын» деген Алматылық Константин Малков «келесі онжылдықта Қазақстанды тұрақсыздық күтіп тұр. Көршілермен елеулі экономикалық текетіреске баруымыз мүмкін» деген болжам айтыпты. Оған белгілі саясаттануыш Досым Сәтпаев өз түсініктемесін беріпті.

«Жас алаш» газеті жақында ғана Еуропа кеңесiнiң Парламенттiк ассамблеясының арнайы шақыруымен Парижге барып келген оппозиция қайраткерлерінің бірі Әміржан Қосановпен сұхбатын, оның өз сөзімен «Демократия сағаты тоқтап тұр» деп атапты. Онда автор Парижге барған Қазақстан ресми делегаттары мен оппозиция арасындағы пікірталас туралы айтады. Ал Болат Әбіловпен сұхбатын, тағы да автордың сөзімен «Билiктiң iрiп-шiруi ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiредi» деп атапты.

«Айқын» басылымы «Алла үйінің атауы ойлантады» деген мақалада автор Қазақстандағы әртүрлі діни ағымдар туралы айта келіп, «...діни басқарманың талаптарына да бағынбай жүрген мешіт салушылар табылып жатыр, жекеменшік мешіттер таратылып, сараптаудан өткізілген соң ғана Діни басқарма ұсынысымен тіркелсе, ал жері жеке адамдардың меншігіндегі бірқатар мешіттердің жер актісі қайта қаралып, Діни басқарма балансына берілсе» деген ұсыныстар айтыпты.

«Экспресс К» газеті «Тағылардың шабуылы» деген мақаласында «Тамғалы тас» секілді үш мың жылдық тарихы бар жәдігерлерге ХХІ ғасырдың жазулары пайда болғаны туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG