Accessibility links

Тәуелсіз журналист Айнұр Құрманов 10 тәулікке қамауға алынды


Жуырда ғана тіркеуден өткен «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің белсендісі әрі тәуелсіз журналист Айнұр Құрманов 10 күнге абақтыға жабылды. Оны Алматының ауданаралық экономикалық соты наурыздың 25-і күні Алматы қаласы әкімшілігінің алдында заңсыз жиынға қатысып, қоғамдық тәртіп бұзды деп 10-шы рет әкімшілік жауапқа тартты. Ал Айнұр Құрамновпен бірге ұсталған 6 адамның кейбіріне айыппұл салынса, кейбіріне ескерту жасалып босатылды.

Қоғамдық тәртіп бұзды, заңсыз митингі өткізді деп әкімшілік кодекстің 373-бабы айыпталған Айнұр Құрманов пен бірге тағы алты адам әкімшілік жауапқа тартылды. Бұлардың барлығы наурыздың 25-і күні баспаналарын қорғау мақсатында Алматы қалалық әкімшілік алдында жиналып қала әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің қабылдауын талап еткен болатын.

Әкімшілік жауапқа тартылғандардың ішінде тәуелсіз журналист әрі "Шаңырақ" республикалық бірлестігінің өкілі Айнұр Құрманов сот шешімімен 10 күнге қамалды. Ал қалған азаматтардың кейбіріне айыппұл салынса, кейбіріне ескерту жасалып сот залынан босатылған. Оқиғаның куәгері әрі Айнұр Құрмановтың жақтасы әкімшілік жауапқа тартылған 7 адамның бірі Ризада Жақыпбек өздерінің заңсыз жазаланып отырғанын айтады.

- Полиция сендер неге заңсыз шығасыңдар, заң бұздыңдар деп қоқан-лоқы көрсетіп кісілерді ұстап, ұрып-соғып алып кетті. Кеше күні бойы сот болып маған айыппұл салды, - дейді Ризада Жақыпбек.

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі белсенділерінің бірі Дос Көшім:

- Сот Айнұр Құрмановты тым қатты жазаға кесті. Ол «Шаңырақ» қозғалысы атынан тұрғындарға бағыт-бағдар беру үшін барған еді. Бізде оны 10 күнге жауып тастайды деп күткеніміз жоқ. Бейнематериалды қарағанда да ол ешнәрсе жасамаған. Жаға да жыртпаған, төбелес те шығармаған. Ол осының алдында да дәл осындай оқиғамен сотталған болатын. Соны есепке алған сот оған 10 тәулік беріп отыр. Бұл енді тәртіп қорғаушылар тарапынан тым қатал жаза деп ойлаймын, - дейді.

«Мемлекеттік қажеттілік деген желеумен сүрілетін баспаналарына нарыққа сай өтемақы сұраған тұрғындардың кезекті наразылық шарасы осылайша аяғы сотпен аяқталды. Алайда, бұл бірінші рет емес. Тұрғындардың баспана дауы үшін көшеге шығуы үйреншікті жағдайға айналып бара жатқандай. Алайда бұған селт етіп отырған билік өкілдері жоқ», дейді Ризада Жақыпбек.

Заңгер Өмірзақ Асанов жоғарыдағы жағдайға орай мынадай түсініктеме береді:

- Митинг, пикет, шерулер өткізу туралы Қазақстан заңына сәйкес азаматтар 10 күн бұрын арнаулы мемлекеттік жергілікті органдардан рұқсат алуы керек. Егер рұқсат алмаса ол заңсыз шара болып табылады. Құқық бұзушылық кодексте бұл жөнінде жазалар көрсетілген. Бұл жерде екі мәселенің басын ашып алу керек. Бұл заңсыз пикет болып табыла ма, әлде азаматтардың ашық пікірін білдіруі ме? Бұл жерде менің байқағаным - азаматтардың жәй ғана ашық пікірін білдіруі ғана. Сондықтан, бұл жерде құқықтық заң бұзушылық болды деп айта алмаймын. Әр азаматтың белгілі бір мемлекеттік органдарға шағымдануға, хаттарын жіберуге және олардан жауап күтуге құқығы бар.

Айнұр Құрманов жазықсыз абақтыға жабылып отыр деген оның жақтастары Айнұрды мерзімінен бұрын босатуды талап етіп наразылық шарасына шығу ойларында бар екендігін айтады.
XS
SM
MD
LG