Интернеттегі www.kaztoday.ru сайты жариялаған телефон әңгіме Қазақстанның Австриядағы елшілігінің бұрынғы қызметкері Александр Крайнов және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Равил Даутов делінген екі адамның арасында болған деп жазылған. Әңгімеде Қазақстанның Австриядағы елшілігінің бұрынғы қызметкері Александр Крайнов делінетін адамның қыздары Татьяна Крайнова мен Ольга Королеваны Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстап кеткендігі айтылады. ҰҚК бұрынғы қызметкері Равил Даутов делінген адам қыздарды босату үшін Александр Крайновты Қазақстанға келіп заң орындарына тиісті ақпарат айтып беруге үгіттегені баяндалады.
Ал, сайттағы материалдың соңында, өткен аптада Ақмола әскери гарнизондық сотында аяқталған жабық сот процесінде үкім шығарылған 16 адамның ішінде жоғарыдағы телефон әңгімеде есімдері аталған Татьяна Крайнова мен Ольга Королеваның да бас бостандықтарынан айырылғаны хабарланыпты.
Бұл ақпаратқа байланысты «Азаттық» тілшісі Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қоңырау шалып, Қазақстанның қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айыпталып сотқа тартылған әрі мемлекетке опасыздық жасады деп, бас бостандықтарынан айырылған 16 адамның ішінде жоғарыда есімдері аталған екі әйелдің бар-жоқтығын, бар болса оларға қандай айып тағылғаны туралы сұраған еді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Ислам Бекішев «Азаттық» радиосына берген түсініктемесінде:
- Айыпталушыларға қатысты жеке менде, баспасөз қызметінде ондай ақпарат жоқ. Сондықтан, «иә» деп те, «жоқ» деп те айта алмаймын, - деген жауап айтты.
Сол секілді ҚР Бас прокуратурасында да бұл жарияланып отырған ақпаратқа орай нақты мәлімет болмай шықты. Осы мекеменің баспасөз қызметкері Сәулебек Жәмкенов:
- Сотталған 16 адамның кімдер екені ашық айтылған жоқ. Тек Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың аттары аталды. Сотталғандар арасында әйелдердің бар-жоқтығын білмейміз, - деді.
Интернеттегі www.kaztoday.ru сайтында жарияланып отырған ақпаратта сотталған Татьяна Крайнова мен Ольга Королеваның «Алма ТВ» кабельдік телеарнасының бұрынғы қызметкерлері екендігі айтылған.
Бұл мәселеге пікір білдірген оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов:
- Сотталған адамдардың есімдері мен оларға тағылған айып қоғам үшін құпия болмауы керек. Бұл жерде мәселені екіге бөліп қарастырған жөн. Біріншіден, кез-келген елде мемлекеттік құпияға қатысты тиісті шектеулер болады. Бұл заңды. Екіншіден, бұл заңда көрсетілгеніндей мемлекеттік құпияға қатысты сот процестері ме, әлде лауазымды қызметте болған қолында билігі бар азаматтардың лас тірлігін көрсетпеу үшін жасалды ма - осының ара-жігі ажыратылуы керек. Соттың қылмыскерлерге таққан айбын естігенде төбе-шашың тік тұрады. Қазір сотта айтылған нәрселердің салдарымен ғана күрес жүріп жатыр. Қатардан шығып қалған президенттің туысқанын тиісті жазалау. Болды. Ал оның себебіне үңіліп жатқан ешкім жоқ. Қазақстанда үшінші мыңжылдықта неліктен осындай қылмыс орын алды? Меніңше, қоғам осы сұраққа жауап іздеу керек, - дейді.
Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың сарапшысы Айдос Сарым Ақмола әскери сотының үкімінен кейін қоғамда бірқатар сауалдар туындап отырғанын айтады.
- Қоғам сол сұрақтың жауабын құзырлы органдардан талап етуі тиіс. Бұл іс мемлекеттік құпия болсын. Кімдер сотталды, оларға қандай айып тағылды - мұның несі құпия? Сондықтан, сотталғандардың арасында Крайновтың туысы болды ма, жоқ па - ол туралы айтудың өзі қиын, - дейді ол.
Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның сыбайласы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаев бастаған тағы да 16 азаматқа жақында Ақмола әскери соты үкім шығарған болатын. «Мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті күшпен тартып алмақ болған», «Ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, мемлекетті тонаған және мемлекеттік құпияларды жариялаған» деп айыпталған Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев сырттай тағы 20 жылға сотталған еді.