Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.08.2008 жыл


Сейсенбі күнгі басылымдар «Көксарай су қоймасының салыну мәселесі түбегейлі шешілді, қымбатшылықпен күрес шарасы ретінде сыртқа астық пен жанар-жағар май саудасына шектеу қойылмақ» деп жазды. Бірқатар басылымдар Астана мен Алматы әкімдерінің ауысуы, тұрғын үй үлескерлерінің мәселесін одан әрі қозғайды.

Сейсенбі күнгі барлық дерлік басылым назарында – кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен өткен Үкіметтің кезекті селекторлық кеңесінде қаралған мәселелер. Атап айтқанда басылымдар «әлемдегі астық бағасының қымбаттауы сыртқа астық сатушыларды ынталандырып, оның арты ішкі тұтынушыларға нанның қымбаттауына әкеп соғу қаупі бар болғандықтан, шұғыл түрде сыртқа шығарылатын астық пен жанар-жағар майға баж салығын енгізу қажеттігі боп тұр» деп жазады.

«Егемен Қазақстан» басылымы осы мәселеге арналған мақаласын «Бағаны тұрақтандыру – басты мәселе» деп атаса, «Эксперсс К» газеті «Нан арифметикасы» деген мақаласында «үкімет осы аптаның аяғына дейін баж салығының мәселесін шешуі керек» деп жазыпты.

«Казахстанская правда» газеті «Көксарайды салатын болдық» деген мақаласында, «президент осы су қоймасына байланысты қоғамда әртүрлі пікір болғандықтан, барлық тараптардың пікірін толық тыңдап болып, бұл нысана тиімсіздеу болып көрінгенмен, елдің батысынан оңтүстікке салынбақшы боп жатқан газ құбыры іспеттес әлеуметтік нысана болғандықтан, халыққа осыны жеткізіп, Кіші Аралдың да суы азаймайтындығын түсіндіру қажет деп айтты» деп жазады.

Сонымен қатар осы газет «Көмірді кез келген бағамен бе?» деген мақаласында «жер астында да, үстінде де шахтерлардың құқығы сақталмай отыр» деген тұжырым айтыпты.

Бірқатар басылымдар «Қазақстанда сәуір айының басында «Тазша бала» байқауы сегізінші рет өтіп отыр» деп, Астанада өткен осы байқаудың жеңімпаздары жайлы жазады.

Бірқатар басылымдар «Қазақмыс» корпорациясы Қарсақпай кен орынында мыс өндірудің 80 жылдығына орай жазушылар арасында шығармашылық байқауға 5 мың долларлық үш жүлде тағайындағаны туралы жазыпты.

«Эксперсс К» газеті Қазақстанның белгілі ақыны әрі қазір ЮНЕСКО-дағы Қазақстан өкілі Олжас Сүлейменовпен болған сұхбатын, оның өз сөзімен: «Кирилица – ол түркілер мен славяндардың ортақ мұрасы» деп атапты. Онда ақын Орта Азиядағы кейбір республикалардай «латынша әріпке көшуге асықпау керек» деген ой айтыпты. Осы газеттің «Жазбасаңыздар – сіздерді қудаламайды» деген мақаласында «өздерінің жағдайларына шағымданған Солтүстік Қазақстан облысының дәрігерлері облыстық денсаулық сақтау әкімшілігі тарапынан қудалауға ұшырағандығы туралы жазылыпты.

«Время» газеті 6-шы сәуір күні Астана үлескерлерінің тұңғыш рет рұқсат етілген, 2 мыңдай адам қатысқан митингісі болғаны жайында жаза отырып, «жексенбі күні Алматыда да «Қуат» құрылыс компаниясының үлескерлер шеруі қала көшелерімен өтті. Олар осы шара арқылы билік назарын өздеріне аудармақшы» деп жазыпты. Осы газеттің оқырмандар сауалына жауап берген, «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Петр Своик «мен ешқашан қырғыздардың арақтарын сатқан жоқпын» депті.

«Литер» газеті «Миссия ақталмайды» деген мақаласында Қырғызстан Ыстықкөл маңайындағы, кезінде Қазақстан қаржысына салынған 4 пансионатты 49 жылға Қазақстанға жалға беруге дайын, бірақ «олардың Қазақстанға қойып отырған шарты өте тиімсіз. Біріншіден, олар пансионаттарды жыл он екі ай істеуге міндеттеп отыр, екіншіден, пансионаттарға алынбақ Қырғызстан қызметкерлерін Қазақстандағыдай айлық мөлшерімен қамтамасыз етуді талап етуде. Ондай жағдай мүмкін емес, себебі пансионат тек жаз айларында істеуге бейімделген, екіншіден, біз де шетелдік инвесторларға біздің жұмысшыларға шетелдердегідей мөлшерде жалақы тағайындаңдар деп отырған жоқпыз ғой» деп жазыпты.

«Айқын» газеті барлық дерлік мақалаларын өздерінің 1000-шы номерлерінің шығуына арнап, бас мақаласын «Басты оқырман – ел мен Елбасы» деп атапты. «Жас алаш» газеті техника ғылымдарының докторы Тоқтамыс Мендебаевпен сұхбатын «Қазақстанның қуат қауiпсiздiгi атом стансасына тәуелдi емес» деп, «керісінше, атом стансасы қуат тәуелсіздігіне қауіп төндіреді» деген тұжырыммен Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың назарын аударуға тырысыпты. Осы газеттің Өзбекстанға арналған топтамасында, Ташкентте жерленген ортақ бабалар туралы айта келіп, «Тіл мәселесінде Қазақстандағы қазақтарға қарағанда, Өзбекстандағы қазақтардың жағдайы жақсы» деген Өзбекстан Республикасындағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Үсен Асқаровтың пікірін беріпті.
XS
SM
MD
LG