Accessibility links

ЕуроОдақ Қазақстанға жаңа салық кодексін жасауға көмектеседі


Бұл туралы Астанада сәуірдің 15 күні құны 3 миллион еуро болатын және 3 жылға ескерілген жоба авторлары хабарлады. Олардың айтуынша, Қазақстанның қазіргі салық кодексі дамыған елдермен салыстырғанда тым күрделі, сондықтан оны ашық жасау керек. Жергілікті үкіметтің экономистері болса, салық қорын толтыру үшін мұнай компанияларына баж алымы енгізіледі, ал шикізаттан тыс салаларға салынатын салықты азайтуға бағытталған жаңа кодекс жасап жатырмыз, дейді.

ЕуроОдақ Қазақстанда «Стратегиялық диалог және кеңестер» атты жобасын бастайтындығын хабарлады. ЕуроОдақ қаржыландыратын жоба мақсаты - тәжірибе алмасу арқылы Қазақстандағы реформаларды қолдау деп хабарланады.

Жобаға Қазақстан үкіметіндегі «Ұлттық сараптамалық орталық» акционерлік қоғамы, Ұлттық банк және премьер канцеляриясы қатысады. Жоба шеңберінде жергілікті үкіметке стратегиялық және экономикалық кеңестер беріледі. Жоба 2008 жылдың 22 қаңтарында басталды. Жобаны Франция, Бельгия, Мысыр елдеріндегі компаниялар консорциумы жүзеге асырады деп хабарланып отыр. ЕуроОдақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Адриаан ван дер Меердің айтуынша олар салық кодексін жасауға септігін тигізеді.

«Біз елдің салық заңдарының базалық құрылымын сыйлаймыз. Бірақ, жаңа салық кодексінің өте күрлелі екендігін көріп отырмыз, негізгі бағыт бәрі қарапайым болғаны жөн», дейді ол. «Және неғұрлым көбірек ашықтық болса ол жаңа салық салу жүйесінің жақсы мінездемесі болады», деді ол.

Ван дер Меердің айтуынша, қазір Эстонияның жақсы тәжірибесі бар. «Салықты жинау оңай болады. Оны есептеу оңайға түседі. Соның арқасында үкімет табыстың қандай деңгейде болатынын оңай жорамалдауға болады. Және кімнің салықты төлеп отырғандығымен төлемей отырғандығын оңай білуге болады. Сонда бұл сауданы дамытады. Еуропалық сарапшылар Қазақстанға тауар экспортын жасаған кезде оңай есептей алады», дейді ол.

«Бізде табысқа салынатын салықтың ең қарапайым жүйесі бар. Онда тұрақты ставкалар ескеріледі», дейді ЕуроОдақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Адриаан ван дер Меер.

Қазақстанның экономика министірінің орынбасары Марат Құсайыновтың айтуынша жаңа салық кодексінің нормаларын талқылау әлі ерте. «Өйткені жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Ол үкіметтің жанынан құрылған. Оның құрамында мемлекеттік органдармен қатар кәсіпкерлер қауымдастығының сарапшыларыда бар», дейді ол. «Бірақ, кодексті жасау үшін халықаралық сарапшыларды тартып отырғандағы басты мақсатымыз әлемнің таңдаулы тәжірибесін зерттеу», дейді вице-министр Құсайынов.

Үкімет жанындағы экономикалық зерттеулер институтының вице-президенті Айгүл Тоқсанованың айтуынша Еуропа елдерінде бұл мәселе реттелген, сондықтан велосипед ойластырмай-ақ бұл тәжірибені қолданып оңай және ашық жиналатын салық жүйесін жасау керек, дейді сарапшы.

Қазақстанның экономика министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша жаңа салық кодексін жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Ол шикізаттан тыс салаларға салынатын салықты азайтуға бағытталған», дейді ол.

Қазақстанның қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша 2008 жылдың 1 сәуіріне шаққандағы мәлімет бойынша мемлекеттік бюджетке өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 115 миллиард теңге артық түскен. Бірақ, салық жоспардағыдан аз жиналды. Жылдың соңына дейін тағы жарты триллион теңге жинау керек, деді ол. Ол үшін шаралар қажет боды. Бұл шаралардың ішінде мұнай компанияларынан алынатын баж алымыда бар, дейді ол.

Министр Жәмішевтің айтуынша бұл мерзімде қосымша құн салығы бір пунктке және әлеуметтік салық 30 пайызға төмендетілген болатын. Дегенмен экономика өсімімен қадағалаудың арқасында бұл салықтар өсті, дейді министр. Министр Жәмішевтің айтуынша есесіне елдің ұлттық қорындағы қаражат 2 триллион теңгеден асты. Оның айтуынша мұнай саласынан 245 миллиард теңге салық жиналды.
XS
SM
MD
LG