Accessibility links

Әлиевтің қылмысы жайлы фильм


Өткен жұма күні мемлекеттік «Қазақстан» телеарнасы кешкі сағат 8-ден кеткенде «Тас-талқаны шыққан бүлік» («Разрушенный заговор») атты хроникалық оқиғаларға негізделген 37 минуттық орыс тіліндегі деректі фильм көрсетті. Бұдан екі күн бұрын кейбір интернет сайттарында, авторы Рахат Әлиев деп көрсетілген, 250 бет көлемінде бір кітап жарияланған болатын. Бірақ келесі күні Р.Әлиев әлгі жарияланған кітапқа өзінің ешқандай қатысы жоқтығын айтып, оны Қазақстанның қазіргі билігіне жақын жүргендердің ісі деген мәлімдеме таратты.

Бұл екі оқиға да Қазақстанның үлкен билігіндегілер бұрынғы күйеу баланың жариялауға уәде еткен кітабында айтылып қалуы ықтимал кейбір жайттарға жұртшылықтың ынта-ықыласын бәсеңдетуді көздеп отырғанын көрсетеді дейді кейбір сарапшылар.

- «Қазақстан» телеарнасы арқылы көрсетілген деректі филмнің астарында үлкен бір саясат бар. Өйткені, билікте отырғандар арасында Р.Әлиевтің «Өкіл қайын ата» деген атпен кешікпей шығарамын деген кітабы алдында үлкен бір дүрлігу барға ұқсайды. Сондықтан, кітап шықпас бұрын, олар осындай деректі фильм арқылы жұртшылыққа Р.Әлиев және оның сыбайласы Әлнұр Мұсаев туралы, олардың Конституцияға қарсы мемлекеттік төңкеріс жасау арқылы билікті тартып алмақ болған деген сипатта көрсету қажет болды, - дейді оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов.

Ол сондай-ақ Р.Әлиевтің өзі де кейбір жайттарды ашық айтуға батпай отыр деген пікір білдірді.

- Кімдікі дұрыс, кімдікі теріс екенін ажырату қиын осындай түсініксіз жағдайда, ең жөні Р.Әлиевтің өзі халық алдына шығып, «иә, кінәлімін» деп, не «кінәлі емеспін» дегенді нақтап айтса, халық сонда түсінер еді, бәлкім, кешірер еді. Ал шетел асып қашып жүрген соң жұртшылықтың көбі оны расында қылмыскер деп ойлайды, - дейді Ә.Қосанов.

Сарапшы Айдос Сарым «Қазақстан» телеарнасында Р.Әлиев және Ә.Мұсаевтың Қазақстанда билікті тартып алмақ болғандары туралы көрсетілген деректі фильмге бір жақты жасалған деген баға береді.

- Ескі совет заманында көрсетілетін осындай фильмдерді көбірек еске түсіретін бұл шығарма биліктің жаңа бір жобасы болу керек, - дейді А.Сарым.

Тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи жуырда интернет парақшаларында Рахат Әлиевтің атынан жарияланған 250 беттік кітаптың авторы Р.Әлиев дегенге сенбейді.

- Өйткені, ол кітапта жазылған жағдайлар, сондай ойға жетелейді. Бәлкім, бұл биліктің жобасы болмаса, онда үшінші бір күштер тарапынан жазылған болуы да әбден мүмкін. Қалайда, қазіргі билікте сәлде болсын бір абыржу, сасу бар. Р.Әлиев туралы теледидар көрсетілімі және авторы белгісіз кітап соны айғақтап бергендей, - дейді Е.Бапи.

Сәуірдің 14-күні kaztoday.ru Интернет парақшасында «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшылығына қатысты Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың, үкімет басшысы К.Мәсімовтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қазіргі басшысы А.Шабдарбаевтың дауыстарына өте ұқсас адамдардың телефон арқылы сөйлескен сөздерінің аудиожазбалары және мәтіндік нұсқалары жарияланды. Бұл жазбалар «Тәуелсіз зерттеулер агентігі» дегеннің атынан ілінді. Р.Әлиевтің ең жақын сыбайласы саналатын, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев жақында берген сұхбатында, осы агенттікке өзінің жетекшілікке келгенін айтып, алдағы уақытта Қазақстанның жоғары билігіндегі коррупцияны әшкерелейтін журналистік зерттеулермен айналысатынын мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG