Accessibility links

Қазақстан астық экспортына уақытша тыйым салды


Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елден астық шығарып сатуға 2008 жылдың қыркүйек айына дейін уақытша тыйым салды. Бұл туралы Астанада үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Ұн сатушылар бұл бізге тиімді десе, кейбір тәуелсіз экономистер осы шарадан кейін Қазақстан астығын алып келген өзге мемлекеттерде азық-түлік дағдарысы басталады деген пікірде. Өз кезегінде жергілікті ауыл-шаруашылық министрлігі экспорттық көрсеткіштер былтырдағыдан екі есеге ұлғайып экспорттық уәделер ерте орындалған деп отыр.

15 сәуірде үкімет отырысында астық мәселесі жабық есік жағдайында талқыланды. Ауыл шаруашылық министрінің баспасөз хатшысы Талғат Махановтың айтуынша астық экспортына шектеу салынғанымен астықты ұнға айналдырып шет елдерге шығаруға болады. «Бұл экономика жағынан тиімді, себебі бұл шара елдің ұн өндірісі қуатын жұмылдырып ұн саудасы базарын сақтауға септігін тигізеді», деп түсіндіреді Маханов.

Ауыл-шаруашылық министрлігінің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, 2007 жылы 20 миллион тонна астық жиналды. Осы уақытқа дейін Қазақстан елде өсірілетін астығының үштен екі бөлігін экспортқа жіберіп келген. Қазақстанның өз тұтынушыларына 5 миллион тонна қажет. Ресми мәлімет бойынша «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» акционерлік қоғамы аймақтарда астықтың тұрақтандыру қорын құрған. Осы компания өкілдері хабарлағандай нан бағасын тұрақтандыру үшін ірі наубайханаларға арзанырақ астық беріліп келген. Осындай астық алатын Астананың едәуір тұрғындарын нанмен және ұнмен қамтамасыз етіп отырған «Цесна астық» корпорациясының ПиАр бөлімінің бастығы Гүлнара Каленова үкіметтің бұл шарасы бізге тиімді дейді. «Себебі астық бағасының өсуі бізге кесірін тигізген», дейді Каленова.

Каленованың айтуынша әзірге нан бағасы өспейді, себебі келесі егін өніміне дейін әлеуметтік маңыздағы нан бағасын көтермеу жөнінде меморандум жасалған, дейді ол. Ал, тәуелсіз экономист Қанат Берентаевтың айтуынша бұл шара ішкі азық-түлік бағасына әсер етпейді. «Бірақ, өзге елдердің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етеді. Менің білуімше Тәжікстанмен Қырғызстан белгілі бір мөлшерде Қазақстан астығына қарап отыр, демек онда азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін», дейді экономист Берентаев.

Ресми мәлімет бойынша жергілікті астық 45 елге сатылады. Қазақстан астығы негізінен Тәуелсіз мемлекеттер достастығына сатылады. Сосын Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Еуро Одақ елдері тұр. Ал, ауыл шаруашылық министрінің баспасөз хатшысы Талғат Махановтың айтуынша Қазақстан шет елге осыншама астық шығарамыз деген уәдесін орындап бітті десе болады.

Экономист Берентаевтың айтуынша бұл жағдайда стратегиялық өнімге жататын астық экспортына мемелекеттік монополия енгізген дұрыс. Бұл әлемдік сауда ұйымының нормаларына қайшы келмейді. Себебі астық әлемдік бағамен сатылады, дейді ол.

Ал, Қазақстан астығын экспортқа шығарумен айналысатын Азық-түлік корпорациясының президенті Руслан Әзімов болса егу жұмыстары кезінде елден астықты шығаруға тыйым салатын уақытша шаралар орынды деген болатын. Азық-түлік корпорациясының мәліметінше қазір астық тоннасының шекарадағы бағасы 370-380 доллар. Бірақ, әлемдік астық экспортында бесінші орында тұрған Қазақстандағы соңғы шарадан кейін әлемдік биржаларда астық құны өсті деп хабарланады.
XS
SM
MD
LG