Accessibility links

Қазақстандағы саяси құғын сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы екінші дүниежүзілік соғыста сұрмергендігімен танылған қазақ жігіті Төлеуғали Әбдібеков туралы


- Қазақ халқының басынан өткен ең бір қиын кезең - Кеңес дәуірі болды. Сол кеңес заманында, 1941-1945 жылдары болған екінші дүниежүзілік соғыста, талай қазақ азаматы соғыста асқан батырлығымен даңқы шықса да сол кездегі қитұрқы саясат кесірінен ерлігі еленбей қалғандары аз емес.

Солардың бірі әрі бірегейі нағыз сұр мерген Төлеуғали Әбдібеков екінші дүниежүзілік соғыста майданда 395 фашистің көзін жойған. Сол соғыста дәл ондай асқан батырлық көрсеткен ешкімде жоқ. Бұл туралы сол кездері майдан газеттерінде көп айтылып, көп жазылса да, қазақ жігітіне ресми батыр атағы берілмеді. Оның себебі, мерген Т.Әбдібеков байдың ұрпағы болып, оның туған ағасы Кемелбай 1937-38 жылдарғы репрессия кезінде «халық жауы» ретінде ұсталып, сонау Мағаданға айдалып, сонда түрмеде азап шегіп жүріп 1942 жылы өлгендігі. Майданда ерлік жасаған Төлеуғали Әбдібековке Кеңестер Одағының Батыры атағын беруге ұсыныс жасалып, соған тиісті құжаттар толтырған кезде батыр жігіт ағасының «халық жауы» болып ұсталып кеткенін, өзінің байдың ұрпағы екенін жасырмай жазған екен. Ал ол кезде 1937-38 жылдарғы репрессия салқыны әлі басылмағандықтан байдың ұрпағын батыр болдыруға болмайды деген солақай саясаттың кесірінен Мәскеудегі басшылар оған батыр атағын бермей тастаған.

Бір батальондай жауды бір өзі жалғыз сұлатып ерлік жасаған бірде бір батырдың тумағанын Мәскеу біле тұра, қазақ жігітіне батыр атағын беруді қимаған. Сол жылдары ең мерген деген Зайцев 255 фашисті жер жастандырған болса, Т.Әбдібеков 395 дұшпанды о дүниеге аттандырған.

Бүгінгі күні атақты мергеннің мылтығы Алматыдағы Орталық мұражайда сақтаулы тұр. Ал атақты 28-панфиловшылар дивизиясының «Даңқ» мұражайында атақты ағамыздың батырлығы, ерлік істері туралы жазылған соғыс кезіндегі майдан газеттерін көруге болады. Әйткенмен, арада қанша жыл өтіп кетсе де, ерлікті ешқашан ұмытуға болмайды. Әсіресе осындай батыр ағалармыздың ерлігін айту - ұрпағымызды отаншылдық рухта тәрбиелеу үшін қажет болмақ.

Сондықтан, алда келе жатқан екінші дүнежүзілік соғыстағы жеңістің 63 жылдығы қарсаңында асқан мерген, батыр ағамыз Төлеуғали Әбдібековке Ресей «Батыр» атағын, ал Қазақстан «Халық қахарманы» атағын бергені жөн деп санаймын. Қазақстан президенті Н.Назарбаев бұл ұсынысты толық қолдайды дегенге сенеміз. Өйткені, қазақтың біртуар батыр ұлдары Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев және Қасым Қайсеновтерге кезінде Мәскеу батыр атағын беруді қимаса да, тәуелсіз Қазақстан оларға «Халық қахарманы» атағын берді. Ендеше, халықтың біртуар ұлы Төлеуғали Әбдібековтың ерлігі де лайықты бағалануы тиіс.
XS
SM
MD
LG