Accessibility links

Кәсіпкер Әбдімәлік Құсманов қазақтың кигіз үйі жайында


- Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде көп айтылғанымен ол жөнді іске аспай жатыр. Ал біз болсақ, талай ғасыр бұрын жасаған ата-бабамыздан бері қолданыста келе жатып, соңғы 70 жылдай коммунистер басшылық еткен кезден ұмытыла бастаған қазақ кигіз үйін жасаумен айналысып, өзіміз жасаған кигіз үйлерді шетелдерге шығарып, түрлі көрмелерге апарып жүлде алып жүрміз. Өткен жылы Малайзияда гран-при жүлдесін алып қайттық.

Шетелдіктер қазақтың кигіз үйіне қатты қызығады. Олар қазақ кигіз үйі адам баласының денсаулығы үшін аса пайдалы әрі қолайлы, сондай-ақ экологиялық тұрғыдан керемет дегенді айтады. Жалпы, қазақтың тамағы да халал, үйі де халал, киімі де халал дер едім. Қазақтың кигіз үйі ағаштан және кигізден ғана жасалады, сондықтан бұлар экологиялық тұрғыдан өте таза заттар.

Қазақ кигізінің мыңдаған жылдық тарихы бар, бұрын 5000 жыл деп айтылып келген болса, жақында Алтай тауының баурайынан табылған көшпенділер қолданған кигіздің осыдан 8 мың жыл бұрын жасалғаны анықталып отыр. Ал сол кигіз бен қазіргі қазақтардың жасайтын кигізі арасында кигіздің құрамы, қаттылығы, өңі, түсі жағынан ешқандай айырмашылық жоқ деуге болады.

Кигіз үйдің тарихы жөнінде тарихшылар 3 мың жылдық тарихы бар дегенді айтады. Қазақтар кигіз үйдің дөңгелек болуын жер анамыздың дөңгелек болуымен соған ұқсатып жасадық дегенді айтады. Сол кезде өздерін мәдениеттіміз деп санайтын еуропалықтар дүниенің қандай екендігі жөнінде бір-бірімен пікір таластырып жүргенде, көшпенділер дүниенің дөңгелек екендігін жақсы білген. Сондықтан қазақ кигіз үйі дөңгелек формада, бұрышсыз болып келеді. Ал жалпы көп халықтар жын, пәленің бәрі бұрышта болады, соған жиналады дегенге сенеді. Ғалымдар болса, бұрышта теріс энергия көп жиналатындығын айтады сондықтан мұсылмандар болсын, христиандар болсын үйлеріне крігенде ең алдымен бұрыштарды аластап жатады. Бұл осы күнге дейін өз жалғасын тауып келе жатыр.

Ауа айналымы, расында, қазақ кигіз үйінде жақсы болады, яғни ауа таза тұрады, адам денсаулығына жақсы жағынан үлкен әсері болады. Сондықтан біздің қолымыздан шыққан қазақ кигіз үйлерін қазір АҚШ-тан, Жапониядан, Сингапурдан, Малайзиядан және басқа да елдерден көптеп көруге болады. Шетелдіктер осыншама қызықтап жатқанда өзіміздің қазақтар ата-баба үйіне онша қызықпай жүргенін де айта кету керек.
XS
SM
MD
LG