Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.18.2008 жыл


Жұма күнгі басылымдардың дені Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевтің Қазақстанға сапары жайлы, кеше Астанада талқыланған – діни бостандық туралы заң төңірегінде әңгіме қозғапты. Бірқатар басылымдар «Көксарай» субөгетінің қажеттігін негіздеумен қатар әлемді шарлаған қымбатшылық тақырыбын жалғастырыпты.

«Егемен Қазақстан» газеті Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевтің Қазақстанға сапарына арнаған мақаласын «Туыстардың түсінуі де тез» деп атап, екі ел арасындағы қарым-қатынастың қыр-сырына тоқталса, «Литер» газеті «екі ел президенттерінің кездесуінде Қазақстан президенті Орта Азиялық мемлекеттер одағын құру ұсынысын тағы көтерді» деп, 2009 жылы осы аймақтың экономикалық одағының мүмкіндіктеріне арналған арнайы халықаралық конференция өткізу жоспарланып отырғанын жазыпты.

«Деловая неделя» апталығы осы тақырыпты «Сапарға силық» деген мақаламен жалғастырып, «жеті жылдан бері Қырғыздар жағы бекітпей келген екі ел арасындағы шекара мәселесін осы сапар алдында қырғыздардың Жоғорку Кенешінің билік қысымымен бекуі, Қырғызстан президентінің Қазақстан президентіне тартуы және ол үшін Қазақстан қандай жеңілдіктерге барар екен?» деп сұрапты.

Ал «Панорама» апталығы осыған орай «Қазақстан Ұзынағаштан Қырғызстанға аутожол салуға уәде берді» деп жазады.

«Айқын» газеті «Сектаның қаупін енді сезінді...» деген мақаласында дін туралы заңның жобасы Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған дөңгелек үстелде қаралғанын жазыпты. «Діни наным-сенім еркіндігіне байланысты ең бір либералды заңнама ТМД кеңістігіндегі мемлекеттердің ішінде тек бізде ғана бар. Наным-сенімге қатысты осындай «еркіндіктің» нәтижесінде кейбір тоталитарлық діни бірлестіктер елде қалыптасқан толеранттылық пен дінаралық келісімге қауіп төндіре бастады» деген тұжырым айтыпты басылым.

«Экспресс К» газеті «Газ мәселесі» деген мақаласында Қазақстанда 1 маусымнан бастап газ қымбаттайтыны туралы хабарлапты. «Оған себеп - Өзбекстан газының бағасы биылғы жылдың бірінші жартысында әр мың текше метріне 130 доллар болса, екінші жартысында 160, ал келесі жылы 210 доллармен сатылмақшы» деген уәж айтыпты.

«Деловая неделя» апталығы «Қазақстанда өсімдік майы мамыр айынан бастап 25 пайызға қымбаттайды» дей келіп, «азық-түлік бағасының қымбаттауы кедейшілікпен күреске кеткен жеті жылды жұтады» деген қортынды айтыпты.

«Экспресс К» газеті «Ақшаңды – бөшкеге, тісіңді - сөреге қой» деген топтамасын осы мәселеге арнап, «Қазақстан, барлық әлем сияқты, азық-түлік дағдарысының алдында тұр» деген қортынды айтыпты.

«Караван» апталығының «Ғаламдық аштық – нақты қауіп» деген мақаласында «дәнді дақылдардың биожанар-жағар май өндіру үшін пайдалана басталуы, азық-түлік пен жер, судың қымбаттауына әкелуі мүмкін. Ол әлем алдында аштық қаупін күшейте түседі» деген тұжырым айтыпты.

«Айқын» газетінің көкейдегі сауалы «Астық экспортын тоқтатуға қарсылық нақты есеп-қисапқа негізделген бе, жоқ әлде Парламентте лоббист депутаттар бар ма?» деп аталыпты. Оған жауап берген саясаткер Амалбек Тышан: «Лоббистердің бар екендігі басы ашық мәселе емес пе? ...Бұл жерде астық компаниялары алдымен өздерінің қалтасына түсетін табыстың кеміп қалатынына іштері удай ашып барады. Халықтың мүддесі деген олар үшін жоқ нәрсе. Ал енді 22 миллион тонна астық жинағанымыз шын болса, оның бәрі қайда кетті деген сауалдың туындауы заңды. Одан аз астық алып жүрген кездерімізде де экспортқа шығарған жоқпыз ба? Яғни, өткен жылы біздің 22 миллион тонна астық жинадық деп берген ақпаратымыздың шындығына күмән келтіруге болады. Сонда кімді алдаймыз?» депті.

Бірқатар басылымдар «Қазақстан келешекте шетелге қандай брендпен, яғни таңбамен танылмақ?» деген мәселені қозғапты. «Литер» газеті осы мәселе бойынша кеше Астанада семинар өткенін айта келіп, «өкінішке орай Қазақстанды шетел әзірге тек мұнайымен, астығымен, бірінші президентімен ғана таниды» деген қортындыға келіпті. «Қазақстанның символы немесе бренді не болуы мүмкін?» деген газет сауалына жауап бергендердің кейбірі «Қазақстанның сан алуан табиғаты бренд бола алады» десе, біреулері «Алматының апорт алмасы не қазақтың қазысы болуы мүмкін. Ал егер Қазақстанның символдық жануарын ата десеңіз ол – жылқы» деп жауап беріпті.

Бірқатар басылымдар «Қазақстан, Ресей, АҚШ арнаулы қызметкерлері Қазақстан арқылы Еуропаға тасымалданатын есірткі жолын кесті» деп, осыған байланысты «жарты тоннадан асатын есірткіні ұстаған Қазақстан кеденшісі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды» деп жазыпты.
XS
SM
MD
LG