Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.19.2008 жыл


Сенбі күнгі басылымдар Қазақстандағы діни секталар тақырыбын, Алматыда жаңадан салынған 21 қабатты үйдің бұзылуы мүмкін екендігі туралы даулы мәселені қозғапты. Бірқатар басылымдар Астанада «Жас қанат» ән байқауының ашылғанына, Қазақстандағы ұлтаралық қатынастарға, әлемдік дағдарыс төңірегіндегі мәселелерге көңіл аударыпты.

Сенбі күнгі «Время» газеті «Тоқ адамдардың қастандығы» деген мақаласында Қазақстанның әр облысындағы ең қажет деген тауарлардың бағасын келтіре отырып, «үкімет тұтыну себетін есептегенде азық-түлік бағасын екі есеге кем есептеп, үлкен бұрмалаушылыққа барған» деген қортынды жасапты.

Осы газетте Қазақстандағы сөз бостандығы мәселесімен айналысатын «Әділ сөз» қоғамдық қорының «2007 жылғы Қазақстандағы сөз бостандығы» тақырыбындағы баяндамасын жариялағаны туралы мақалада қор жетекшісі Тамара Калеева «Қазақстандағы сөз бостандығындағы ахуалы қазір «асауды жуасытқандай» сипаттан, «жұмсақ айла-шарғылық» сипат алып отыр» деген тұжырым айтыпты.

Алматыдағы құрылыс заң талаптарын өрескел бұзғаны үшін бұзылуы тиіс делінген 21 қабатты үй төңірегіндегі дауға байланысты мақалада дауласып жатқан екі жақтың да әлі бір тоқтамға келе алмай жатқаны жазылыпты.

«Айқын» газетінің «Секта қазақ жерінде бөтен мемлекет құрмақ болыпты» деген мақаласында «Өскемен қаласында Ресейді шулатқан Гробовой сектасының астыртын ұйымы әшкереленді» дей келіп, олар «Қазақ жерінде монархиялық сипаттағы бөтен, жеке мемлекет құруды жоспарлап жатқан көрінеді» деп жазыпты. Мақала авторының айтуынша, осы ұйымды әшкерелеген, Өскемен қаласының тұрғыны «Бірлік» («Единство») қоғамдық ұйымының жетекшісі Юрий Лебедев екен және оның айтуынша әлгі сектаны «Қазақстан билігінде де қолдайтындар бар» көрінеді, сондықтан ол «өз сөзін растайтын бұлтартпас құжаттарды прокуратура өкілдеріне тексеруге табыс етіпті» деп жазыпты.

Осыған орай «Айқын» газетінің «Жоғарыда ұлтты, мемлекетті бөлшектеуді көздейтін секталарды қолдайтын топ бар ма, әлде заң әлсіз бе?» деген көкейдегі сауалына азаматтардың дені «заң әлсіз» деп жауап беріпті. Осы газеттің «Қала ортасына Қабанбай келді» деген мақаласында «Шығыс Қазақстанға облыс әкімі боп Жәнібек Кәрібжанов келгелі қала көшелерінің аттары қазақылана бастады» деп жазса, осы мәселеге орай «Жас қазақ» апталығы «Өскеменде 600 көшенің 15-і ғана қазақша. Таяуда тағы екі көше қазақыланды» деп жазыпты.

«Егемен Қазақстан» газетінде, кезінде депутат болған, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталының «Ұлтаралық келісім мәдениеті: кеше, бүгін, ертең» деген ауқымды мақаласында Қазақстандағы ұлтаралық қарым-қатынастың қыр-сырын екшелепті.

«Литер» газетінің «Нанды оңды-солға» деген мақаласында «соңғы кездері даулы болған астық экспортына салынған тыйымға парламент депутаттарынің кейбірі қарсы болғаны айтылған. «Сонда олар кімнің мүддесін қорғап жүр?» деп, «Қазақстан үкіметінің шешіміне сәйкес биыл астық алқабының көлемі ұлғаймақ. Демек қосымша егіндік астық қажет, оған қоса әлемдегі астық бағасы күрт қымбаттап барады. Сондықтан биліктің астық экспортына тосқауыл қоюы, іштегі нанның қымбаттау қауіпінің алдын алу шарасы» деп негіздесе, депутат Ромин Мадинов «Қазақстан ең қуаңшыл деген жылдары жинаған 10 миллион тонна астықтан да сатқан кездері болған. Сондықтан «Ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келеді» деген бос сөз» деген уәж айтыпты.

«Экспресс К» газеті «Қазақстанның астық экспортына тыйым салғаны әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Бұл әлемдегі астық қымбатшылығын қамшылай түсуіне себеп болуы мүмкін» деген болжам айтыпты.

«Литер» газеті «Тамақ тығулы» деген мақаласында Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко «Қазақстанда бір жарым миллиард теңге боларлық стратегиялық тамақ қоры жасырулы. Ол қандай да төтенше жағдайларда азық-түліктің күрт қымбаттап кетпеуі үшін жасалған. Онда өсімдік майы, қант және күріш бар» деп айтқаны туралы жазыпты.

Бірқатар басылымдар кеше Астанада «Жас қанат» ән байқауының басталғаны туралы жазса, енді бір басылымдар Ресей мен Қазақстанның экономика мамандары Астанада «Еуразиялық экономикалық клуб» құрып, Ресей, Украина мен Орта Азия мемлекеттерінің мамандары бірігіп, әлемдік дағдарыстың аймаққа әсерін азайту жолдарын іздестірмек боп және «дағдарысқа қарсы бағдарлама» жасамақ боп жатқаны туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG