Accessibility links

Өзбекстан президенті Орталық Азия одағын құру идеясын қолдамайтынын тағы да айтты


Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов Астанада сәуірдің 22 күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен өткен келіссөздерден кейін Орталық Азия мемлекеттерінің Одағын құру Өзбекстанға қажеті жоқ деген пікірін тағы қайталады. Каримов Одақ құру үшін оған кіретін елдердің экономикалық ұқсастығы мол болу керек және саяси реформалар жөнінде қарама-қайшылықтардан ада болуы тиіс деп санайды. Өз кезегінде президент Назарбаев Еуропалық Одақта тез құрылған жоқ, ал Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы еркін сауда аймағы осы одаққа апаратын жол деген пікірін білдірді.

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов Орталық Азия мемлекеттерінің Одағын құру Өзбекстанға қажеті жоқ деп санайтынын тағы да қайталады.

- Себебі, мұндай одақ құру үшін оған кіретін елдердің экономикалық әлеуметтік деңгейінің ұқсастығы болу керек және саяси реформалар жөнінде қарама қайшылықтары болмауы шарт. Өкінішке қарай, бұл мәселелер бойынша Орталық Азия мемлекеттерінің даму деңгейі салыстыруға келмейді, сондықтан одақ туралы сөз қозғау ерте. Оның үстіне бұны біз бастан кешіргенбіз. 1998 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық Одағы құрылған. Ал, Ортақ банк құрылған кезде оның қаржысының жұмсалуы жөнінде әлі сөз көп. Себебі, Қырғызстан бұл мәселені дұрыс қарастырмады, - деді Кәрімов.

Қазақстан президенті Назарбаевтың айтуынша, өзбек тарабы ұсынып отырған еркін сауда аймағы болашақта экономикалық одаққа апаратын бірінші қадам болмақ.

- ЕуроОдаққа қазіргі жағдайға жету үшін 60 жыл қажет болды, - деді ол.

Қазақстан президенті су мәселесі де одақ мәселесімен өзара байланысты екенін айтты.

- Өткен жылы Тоқтағұлдан су аққан кезде Қазақстан қиыншылықтарға тап болды, - деді Назарбаев.

Президент Назарбаев Орталық Азия мемлекеттері су-энергетикалық мәселелерін халықаралық құқыққа сәйкес шешу керек деп санайды.

- Консорциум құру ұсынысы әзірге жүзеге аспай келеді. Біреулер суды қуатқа айналдырып сатқысы келеді, ал біз суды суғару үшін қолданғымыз келеді, - деді ол.

Назарбаев алдағы сәуір айының соңында Бішкекте Орталық Азия мемлекеттерін сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша 3 жақты келіссөздер өтетінін айтты.

2005 жылдың ақпан айында президент Назарбаев өз жолдауында Орталық Азия мемлекеттерінің Одағын құру идеясын көтеріп, «бізге ортақ базар мен ортақ валютаға қарай қозғалу керек» деген болатын. Ал Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов бұл ұсынысты Назарбаевтан ертерек өзі жасағанын айтқан еді. Өзбекстанның кейбір бұқаралық ақпарат құралдары президент Назарбаевтың бұл ұсынысын аймақтағы көшбасшы ретінде Қазақстанды белгілеу үшін жасалған жарнамалық мақсаттағы шара деп бағалады.

Қазақстанның ілгерлеуі тек мұнай бағасымен байланысты дейді өзбек сарапшылары. Ал, тарихшылардың жазуынша, осыған ұқсас ұсыныстарды бірінші рет өткен ғасырда Түркия негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік, Мұстафа Шоқай, кейін 1995 жылы Қырғызстан жазушысы Шыңғыс Айтматов, Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов ұсынған.

Ал 2008 жылы 17 сәуірде Астанаға ресми сапармен Қырғызстан президенті келгенде президент Назарбаев әлгі ұсынысын тағы да қайталады.

- Аймақ өзін азықпен және ресурспен толық қамтамасыз ете алады, - деді ол.

Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев бұл ұсынысты қолдайтындығын жеткізді. Бұған дейін ол тіпті өзге республикаларды күтпей-ақ екі ел арасында одақ құрайық деген болатын. Қырғызстан президенті бұл ұсынысқа Тәжікстан да қарсы емес сияқты, ал Түркменстан президенті бұл ұсынысқа келісімін нақты айтпаса да қарсылығын білдірмеген деген еді.

Бақылаушылар Орталық Азия Одағын құру иедясы іске асатын болса оған Түркия да енуі ықтимал екенін айтады. Бұл мұсылман елі бірнеше жыл бойы ЕуроОдақтың құрамына кіруге талпынғанмен, Еуропадағы кейбір елдердің қарсылығына тап болған еді. Франция президенті Саркози бұл туралы тура айтқан болатын.
XS
SM
MD
LG