Accessibility links

«Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі Дос Көшім Қазақстандағы бала еңбегінің қаналуы жайында


- Қазақстанның оңтүстік өңірінде балаларды ауылшаруашылығы жұмыстарына салу өкінішке орай сақталып отыр. Балаларды тазалық жұмыстарына, сенбілікке салып шығу да ерікті болу керек. Ал бізде еріксіз келмесең айқай мен ұйқай. Бұған әрине, бірінші кезекте мемлекет жауап беруі керек. Екіншіден, ата-аналарда балаларын қорғай білуі керек. Үшіншіден, жергілікті билік жауапты болу керек. Ал сол билік органдары мектептерге «әкімшіліктің алдын сендер тазалайсыңдар», «мына аллеяны сендер сыпырасыңдар», деп жерлерді бөліп беріп отырған өздері. Осыған кім кінәлі деген сауал туындағанда жауабы табылмайды. Қысқасы, біздің мемлекет осы балалар құқығын қорғап, сақтаудың орнына оны өздері бұзып отыр және ең қиыны сол балалардың құқығын бұзып отырмыз деп ойланбайды да бұзғандарын мойындамайды да. Өйткені бұл әбден қалыптасып қалды.

Балалардың еркі бар, олардың таңдау құқығы, ерікті түрде қатысу құқығы бар екенін өкінішке орай, біз мойындай қойған жоқпыз. Менің ойымша, бұл жерде ең үлкен мәселе - мектептерде оқыту. Балалардың азаматтық көзқарасын қалыптастыру, олардың ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ойлайтын деңгейге алып келу. Бізде өкінішке орай, азаматтық көзқарасты дайындамайды. Қайта жоғарыдағының айтқанын мойындайтын адамдарды дайындап отыр. Бұл бізде бұрында болған қазірде бар. Мұндай тәрбиемен біз азаматтық қоғамның болашақ құрылысшыларын дайындай алмаймыз. Өкінішке орай, 1996-1997 жылдары біз осы бағытта жұмыс істедік. Мектептердің бәріне азаматтық көзқарасты қалыптастыру деген факультативтік сабақты ұсынғамыз. Мен соған арнайы кітапта жаздым. Оны мектептерге тараттық. Қазір кейбір облыстардың мектептерінде факультативтік сабақ есебінде оқытылып жатыр. Бірақ осыны біз мемлекеттік бағдарламаға енгізе алмадық. Сөйтті ол біраздан кейін күн тәртібінен түсіп қалды. Менің ойымша осындай бағытта жұмыс істелу керек. Бұл қоғамдық ұйымдардың негізгі жұмыстары болу керек. Бізде адам құқығы жөніндегі омбудсмен, президенттің жанындағы адам құқығын қорғау жөніндегі комиссия бар. Бұлардың барлығы тек қағаз жүзінде ғана. Ал іс жүзінде жұмыс істеп жатқанын көріп отырғамыз жоқ. Осылар нақты түрде жұмыс істесе жоғарыдағы балалардың құқығын байланысты мәселелердің барлығын тоқтату оп-оңай. Себебі, мемлекет соны сақтаса, оны ата-аналар бақылап отырса болғаны.

Мысалы, Еуропа елдерінде, АҚШ-та балалардың құқығы жақсы қорғалады. Мен Израилда солардың сенбіліктеріне шығып көрдім. Олардың сенбілігі кішігірім мереке. Себебі, ән айтылады, ойын ойналады, ағаш еккеннің өзі керемет. Ағаш еккен баланың қолына қағаз беріп бұл сенің ағашың өзің күт, өзің өсір дейді. Думанды кеш сияқты өтеді. Қысқасы, бізде осы балаларды еңбекке тарту, мұның қызық екенін, керек екенін түсіндіру жоқ, қоғамдық жұмысқа тартудың жолдарын жөндерін білмейді және онымен бастарын ауыртып жатқысы келмейді. Одан да әкімшілік департаментке бұйрық береді. Департамент директорларға бұйырады. Сонымен балалардың құқығы толық бұзылып, ертеңіне 12-13 жасар балалар қолдарына күрек, сыпырғы алып көше сыпырып жүреді.
XS
SM
MD
LG