Accessibility links

Сатпаев атындағы каналдың жұмысшылары наразылық акциясына шықпады


Бұдан бұрын хабарланғанындай, сәуірдің 28-і күні Сатпаев атындағы каналдың Қарағандылық бөлімшесінің жұмысшылары бірнеше айдан бері төленбеген айлық жалақыларын талап етіп аштық акция өткізетіндерін жариялаған болатын. Алайда «Сатпаев атындағы канал» мемлекеттік кәсіпорнының Қарағанды бөлімшесінің кәсіподақ комитетінің өз аты-жөнін айтқысы келмеген өкілі жұмысшылардың аштық жариялау акциясы дүйсенбі күні өтпегенін айтты.

Себеп - кәсіподақ комитеті басшылары мен кәсіпорын әкімшілігі арасында дүйсенбі күні жүрген келіссөз қортындысында кәсіпорын басшыларының сейсенбіден бастап жұмысшыларға төленбеген айлық жалақыны төлеуге келіскендігі болды деді ол. Ал Сатпаев атындағы каналдың Қарағанды бөлімшесінің диспетчері Юрий Николаевич кәсіпорын басшылығының жұмысшыларға бірнеше айдан бері айлық жалақы төлемей отырғандығын айта келе, канал суының Қарағанды, Астана және Теміртау қалаларына ешбір бөгетсіз барып жатқандығын айтты.

Бұған дейін ашулы жұмысшылар егер де кәсіпорын басшылығы айлық жалақыны тез арада төлемейтін болса, онда канал суын жауып тастауға дейін баруға дайын екендерін айтып сес көрсеткен болатын.

«Сатпаев атындағы канал» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Мейірбек Егенов дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, әкімшілік жұмысшылардың айлық жалақысына берешек боп қалуына кәсіпорынға қарыздар бірқатар мекеме, кәсіпорындардың ақшаны кешеулдеткені себеп болғанын айтты.

-

Мысалы, «Екібастұз су» мекемесі 400 млн теңге қарызын, ал «Қарағанды су» мекемесі 623 млн теңгенің қарызын төлемей отырғандығы кәсіпорынның жұмысшыларға төлейтін айлық жалақысының уақытында төленбеуіне әкелді. Сондай-ақ канал жұмысшыларына наурыздан бері айлық жалақы төленген жоқ. Наурыздың жалақысын осы бірнеше күннің ішінде - мамырдың 1-іне дейін төлеп бітеміз, ал соған бола аштық жариялаймыз деп шу көтергені дұрыс болмады, - деді бас директор М.Егенов.

Бүгінде «Сатпаев атындағы канал» мемлекеттік кәсіпорнында 2 мыңдай жұмысшы жұмыс істейді.
XS
SM
MD
LG