Accessibility links

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы «Рахатгейт» ісі бойынша комитеттен 100 адам жауапқа тартылып, қызметтен алынғанын айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің ісінен кейін Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінен 100 адам сотталып, қызметтен босатылды. Бұл туралы «Интерфакс - Қазақстан» агенттігі елдің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа сілтеме жасап хабарлады. Шабдарбаевтың пайымдауынша, Интернет кеңістігінде пайда болған елдегі жоғары лауазымды тұлғалардың телефон келіссөздері шынайы емес, компьютермен жасалған. Ал оны орналастырған Әлиевтің өзі, дейді комитет төрағасы. Бірақ, қазақстандық оппозициялық саясаткерлер бұл көзқарасқа күмән келтіріп отыр.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Амангелді Шабдарбаев өз сұқбатында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің және комитеттің бұрынғы бастығы Әлнұр Мұсаевтың істеріне байланысты ақпараттың толық жариялануын ел билігін басып алам дейтіндерге ескерту болсын деп жасағандығын жасырмады.

«Әлбетте, іс тапсырыспен жасалған деген көзқарас қалыптасуы мүмкін. Бірақ, бізде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне нұқсан келтіретін бұл ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарынан мүлде жасырып қалатын мүмкіншілігіміз болдығой», дейді Шабдарбаев.

Ал, оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова бұны комитеттің саяси технологиясы деген пікір білдіреді. Мамандығы саясаттанушы мемлекеттік қызметкер Ғазизат Имақованың пікірі де осыған ұқсас.

Комитет төрағасының айтуынша, Әлиев Қазақстан тұрғындары мен халықаралық қоғамдастық алдында Қазақстан басшылығының абыройын түсіру үшін, немесе дербес элита тұлғалары мен түрлі топтар арасына іріткі салу үшін ақпарат жариялауы мүмкін.

«Әлбетте, Австрияда жатып алып PR-технологиялар арқылы өзін демократия үшін күресіп жатқан азамат бейнесінде көрсетпекке тырысуға болады. Бірақ, Қазақстанда ол жүзеге аспайды. Себебі, Әлиевтің артында өте көзге түсіп тұрған криминалды із бар. Және интернет кеңістігінде пайда болған елдегі жоғары лауазымды тұлғалардың телефон келіссөздері шынайы емес, компьютермен жасалған. Ал оны орналастырған Әлиевтің өзі», дейді комитет төрағасы Шабдарбаев.

Оппозициялық саясаткер Батталова болса дауыстар қолдан жасалған дегенге сенбейді. Ал, саясаттанушы Имақова комитеттің ақпараты шындыққа көбірек ұқсайды деген пікірде.

Комитет төрағасының пайымдауынша, отандарында мемлекеттік төңкеріс жасағысы келді деген айыппен сотталған Әлиев пен Мұсаев өздеріне «режимнен зардап шеккендер» шекпенін кигізе алмайды.

«Қазақстандық элитаның бұл өкілдері биліктен кеткен соң еш жерге тіпті оппозицияға сыймаған жалғыз адамдар шығар», - дейді комитет төрағасы.

Әйткенмен, Шабдарбаев Әлиевтің ісі комитет имиджіне нұқсан келтіргендігін мойындап отыр.

«Бірақ, өз қатарымызды тазалау қаншалықты қиын болса да, біз мұны істеп жатырмыз. Комитеттен жүзге жақын қызметкер сотталып қызметтен кетірілді», дейді ол.

Оппозициялық саясаткер Батталова бұл ақпаратқа күмән келтіріп отыр. Ал, саясаттанушы Имақованың пайымдауынша, арнайы қызметтің ішкі тазалауы міндетті түрде болады.
XS
SM
MD
LG