Accessibility links

Қазақстан кеден саласында халықаралық талаптарға сай өзгерістер енгізбек


2009 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Қазақстанның кеден бекеттерінде қадағалау органдарының саны қысқартылып, тек екі орган қалады. Бұл туралы Астанада мамырдың 13 күні үкімет отырысында елдің қаржы министрі Болат Жәмішев хабарлады. Оның айтуынша, Әлемдік сауда ұйымының нұсқауына сәйкес, кеденнен өткенде енді кәсіпкерлер «бір терезе» арқылы тексеріледі. Бірақ бұл кеден терминалдарын салу жеке меншік брокерлік компанияларға жүктелмек. Ал, соңғылары бұл шығынның өтелетіндігіне күмәнданып отыр.

Көп ұзамай кеденде экспорт-импорт операцияларын жасау үшін сұралып келген түрлі министрліктерден жиналатын 18 құжат саны 11-ге дейін қысқартылады деп хабарланды. Және денсаулық сақтау министрлігі талап етіп келген дәрі енгізуге қажетті құжат және дозиметрлік қадағалау хаттамасы болмайды. Бұған дейін бұл құжаттарды жинап табалдырық тоздырмас үшін кәсіпкерлер кеден бекеттеріне жақын брокерлерге ақша төлеуге мәжбүр болатын, дейді кеденшілер. Енді делдалдар азаяды.

Бұл құжаттарды жинауға кететін 60 күндік уақытты 10 күнге дейін қысқартады деп хабарланады. «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашевтың айтуынша көлік, мал дәрігері, фитосанитарлық, санитарлы-эпидимиологиялық және автоқадағалау функциялары кеден органдарына берілді.

Перуашевтың айтуынша, қазір бизнесті жүргізу жеңілдігі жөнінен Қазақстан әлемдік банктің «Дуин бизнес» рейтингінде ең соңғы - 178 орында.

«Шекарадағы кедергілердің кесірінен саудагерлер Қазақстанан гөрі Қырғызстанда жұмыс істеуді қалайтын болды», дейді ол.

«Базарлар және саудагерлер» қауымдастығының атқарушы директоры Жібек Әжібаеваның айтуынша, Қазақстанда кеден ставкасы 0,60 еуро болса, Қырғызстанда 0,15 еуро талап етіледі.

«Және қазір Қазақстанда тексерушілер тым көп, сондықтан кәсіпкерлер пара беруге мәжбүр», дейді ол.

Осылайша көпшілік делдалдардың жұмысына сын айтып отыр. Ал, брокерлерді біріктіретін «Еуразиялық Одақ» атты үкіметтік емес ұйымның жауапты хатшысы Жансұлу Қапасованың айтуынша, кеден бекеттерінде лицензиясыз жұмыс істейтін қара делдалдар бар.

«Бірақ, әзірге оларға кеденшілер назар аудармай жүр», дейді ол.

Республикалық кеден комитеті төрағасының орынбасары София Айсағалиеваның айтуынша, олар кәсіби делдалдарды жоя алмайды.

«Себебі көптеген кәсіпкерлер құжат жасаудан бейхабар», дейді ол.

Кәсіпкер Әжібаеваның айтуынша, құжат толтырған шынында да қиын және қосымша шығын талап етеді.

Ал, министр Жәмішевтің мәліметінше, кеденнен өткенде енді кәсіпкерлер «бір рет қана тоқтап, бір терезе» арқылы тексеріледі. Себебі, Әлемдік сауда ұйымы Қазақстанға өркениетті кеден қадағалауы болсын деп осындай нұқсау жасаған, дейді ол. Бірақ, бір терезе желісін жасау үшін ортақ терминалдар салу қажет. Ал, брокер Қапасованың айтуынша, терминал салуға көп ақша керек.

«Шекара мемлекет меншігі болғандықтан онда салынған қозғалмайтын мүлікті кейін мемлекет тартып алуы мүмкін. Сондықтан мұндай қатерге барлығы бара бермейді», дейді ол.

Кеден комитеті төрағасының орынбасары Айсағалиева терминал салуға көп ақша қажет екенін жоқа шығармайды.

«Бірақ, бұл бизнестен көп табыс та табуға болады», дейді ол.
XS
SM
MD
LG