Accessibility links

Астанада аштық жариялаған үлескерлердің саны 15-ке жетті


Мамырдың 14 күні тағы 50 адам аштық жариялауға ниет білдірді. Наразылық шарасына қатысушылардың айтуынша, аштық жариялағандардың көбінде бір жетіден бері денсаулықтары нашарлап барады, ал биліктен еш шара жоқ. Олар бұлай жалғаса берсе, президент Назарбаевтың туған күні әрі көптеген шетелдік қонақтар шақырылған Астана күнінде шеруге шығып, қаладағы автожолдарды жабамыз деп отыр. Ал бас прокуратура мәліметінше, қазір президент Назарбаевтың тапсырмасымен құрылыс компанияларында кешенді тексеру жүріп жатыр.

Астанадағы «Үлескерлер қауымдастығы» қоғамдық ұйымының кеңсесінде осымен 8-ші күн аштық жариялап жатқан үлескер Қарлығаш Килашованың айтуынша, ол Астанадан 250 шақырым жердегі Степногорск қаласындағы пәтерін сатып осыдан 3 жыл бұрын мансард пәтеріне ақша салыпты. Бірақ, «НСК Солоник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Астанадағы 4-інші ықшам аудандағы 23 үйдің шатырын бұзып құрылысты бастағанымен аяқтамады, дейді ол. Үлескердің айтуынша, енді қазір қала әкімшілігі ондай құрылыс жұмыстарын жүргізуге біз рұқсат берген жоқ болатынбыз деп ат-тонын ала қашса, құрылыс компаниясы үлескерлерден қосымша қаржы сұрап отыр.

Үлескерлердің айтуынша, аштық жариялағандардың ішінде пәтерлерін 2002 жылдан бері күтіп жүргендер бар. Соңғы уақытта үлескерлердің наразылық шарасына тағы 56 нысанның тұрғындары қосылды. Олар Астана орталығында ескі үйлердің шатырын бұзып, қосымша қабаттан салынғалы жатқан пәтерлерден дәмелі болып жүргендер. Үлескер Килашованың айтуынша, кезінде ол да мансардтан пәтер аламын деп ойлаған екен.

«Бірақ соңғы уақытта менің жағдайым көптеген үлескерлердікіндей тіпті қиындап кетті», дейді ол.

Үлескерлердің айтуынша, аштық жариялаған адамдардың ішінде денсаулықтары нашарлап, шараны тоқтатқандары бар екен, олардың біреуі жүкті әйел, біреуі қант диабетіне шалдыққан әйел, біреуі асқазан ауруына шалдыққан әйел.

«Бірақ, олардың орнына басқалары келіп жатыр, бәрібір баратын пәтеріміз жоқ. Нәтиже болмай шараны доғармаймыз», дейді үлескерлер. Аштық жариялаған үлескерлердің айтуынша, оларға қала әкімшілігінен, «Нұр Отан» партиясынан келген адамдар наразылық шараны тоқтатуды сұраған. Ал, Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісовтың айтуынша, наразылық акциясы заңды.

Әділет министрлігінде заңды тұлға ретінде тіркелген «Үлескерлер қауымдастығы» төрайымының орынбасары, өзі де 8 күн бұрын аштық жариялаған Марина Мамированың мәліметінше, аштық жариялағандар Астананың 10 жылдығы мерейтойына 6 шілде күні шеруге шығамыз деп әкімшілікке өтініш жазыпты.

«Тыйымды біз қабылдамаймыз. Біз бейбіт шеруді өткізуді сұрадық. Бірақ, адамдар жолдарды жабуға ниетті», деді ол.

Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрпейісовтың айтуынша, қазір құрылыс компаниялары кешенді түрде тексеріліп жатыр. Және бұл ақпарат алдымен зерттелу керек.

«Үлескерлер қауымдастығы» төрайымының орынбасары Мамированың мәліметінше, Астанада үйлеріне кіре алмай жүрген 33 мыңға жуық үлескер бар екен. Республика бойынша 100 мың адам. Оған отбасы мүшелерін қоссақ 900 мың адам болады, дейді ол.

«Егерде олардың барлығы біздің қауымдастыққа біріксе, онда үлкен әлеуметтік жарылыс болады», дейді ол.

Құрылыс компаниялары болса, әлемдік қаржы дағдарысы кесірінен құрылыс материалдары және жер бағасы өсті деген уәж айтып отыр. Астана әкімшілігінің мәліметінше, көптеген құрылыс компанияларында ақшалары жоқ, ал несие алайын десе, банктер сұрайтын кепілдіктері жоқ. 34 үйде үлескерлердің қаржысы өзге мақсатқа жұмсалып кеткен. Ал, 26 үйде құрылыс мүлде тоқтап тұр.
XS
SM
MD
LG