Accessibility links

Өзбекстан биыл Қазақстанға және аймақтағы басқа елдерге тасымалданатын газ көлемін ұлғайтады


Бұл туралы Ташкентте «Өзбекмұнайгаз» компаниясы төрағасының орынбасары Шавкат Мажитов хабарлады. Кейбір қазақстандық сарапшылар Қазақстан бағасы өсіп кеткен өзбек газынан тәуелсіз болуға тырысады, себебі Қазақстан жеріндегі газ мемлекетке де, экспортқа жіберуге де жетеді деген пікірі білдіреді. Бірақ, өзге экономистер елде газ болғанымен оны өндіруге және тасымалдауға кететін инвестиция өтелмейді деп отыр.

Өзбекстанның мұнай-газ кен орындарын барлау және өндірумен айналысатын монополист мемлекеттік компанияның мәліметінше, былтыр 14 миллиард текше метр табиғи газ эскпорттаған Өзбекстан биыл оны 16 миллиард текше метрге жеткізуді жоспарлап отыр. Яғни, Орталық Азиядағы ірі газ экпорттаушылардың біріне жататын мемлекет газ экпортын 9 пайызға арттырады.

Оның едәуір бөлігі Ресейге сатылады. Ал 4 миллиард текшее метр газ Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанға жөнелтіледі деп хабарланды. Былтыр бұл көрсеткіш 3 миллиардтан сәл асатын. Оның ішінде Қазақстанға тасымалданған өзбек газы Қырғызстан және Тәжікстанды қоса есептегендегі газдан артық болған.

Қазақсандық кейбір бақылаушылар Қазақстан жеріндегі газ біреуге тәуелді болмай-ақ, мемлекетке де, экспортқа жіберуге де жетеді деген пікірі айтады. Бірақ, «Мұнай» институтының директоры Надир Надиров Қазақстандағы «Амангелді» кен орнындағы газ Қазақстан тұтынушыларының тек бір бөлігіне ғана жетеді деп отыр.

Қазір Қазақстан газды негізінен Өзбекстаннан және тағы азғантай бөлігін Түркменстаннан сатып алады. Ал, елдің ішіндегі «Амангелді» кен орнынан алынатын газ тек Жамбыл облысындағы тұтынушыларға жетеді. Және мұнай тапқан кезде артылып шығатын газдың бір бөлігі Қызылорда өңіріне жеткізіледі.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда жылына 30 миллиард текше метр шикі газ өндіріледі, оның біршамасы қайтадан мұнай кен орындарына құйылады. Тауарлық газ көлемі 16 миллиард текше метр. Оның жартысы - 8 миллиардтайы экспортқа шығады. Ал, Оңтүстік пен Қостанай облысына 4,5 миллиард т.м. газды Өзбекстаннан импортқа аламыз, дейді «Қазмұнайгаз» басшылығы.

Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов Қазақстан импортқа тәуелді болмау керек деп санайды. Кейбір қазақстандық сарапшылардың айтуынша, Қазақстан өзбек газынан тәуелсіз болуға тырысады.

2008 жылдың басында ел премьері Кәрім Мәсімов «Бейнеу-Бозой-Самсоновка» газқұбырын қаржыландыру жүйесін жасауды мамыр айының соңына дейін шешуді тапсырған болатын. Әзірге қаржыландырудың 3 ұсынысы бар. Біріншісі, газқұбырына қажетті қаржы толығымен бюджеттен беріледі, екіншісі, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына мемлекет кепілдігімен қарызға ақша бөлінеді, үшіншісі, мемлекет пен жеке меншік сектор жобаны бірігіп қаржыландырады.

«Қазтрансгаз» компаниясының басшылығы айтып отырғандай, Қазақстандағы газ көлемі елдегі тұтынушыларға да, экспортқа да жіберуге жеткілікті. Бірақ, газды өңдеп, тасымалдау үшін үлкен инвестиция керек, дейді олар. Осы саланы зерттеген экономист Валентин Макалкиннің айтуынша, Қазақстан әзірге Өзбекстаннан газ сатып алуға мәжбүр.

Өйткені, Қазақстанның бір шетінен екінші шетіне газ тартқан тиімсіз. Себебі, Қазақстан территориясы үлкен, ал, тұрғындары аз, дейді ол.

Бірақ, «Өзбекмұнайгаз» компаниясы төрағасының орынбасары Шавкат Мажитов экпортқа кететін газ бағасын атамады.

Қазақстан, Өзбекстан және Түркменстан ресейлік «Газпром» компаниясымен 2009 жылдан бастап газ бағасын еуропалық деңгейге дейін көтеруге келіскен. «Қазтрансгаз» компаниясы басшылығының хабарлауынша, Ресей мен Украина арасындағы газ құны жөніндегі келіссөздер шиеленіскен кезде, Өзбекстан жағы Қазақстанға беретін газ құнын көтерген. «Бұл елмен газ тасымалдау жөнінде жылына бір рет келісім жасалады», деп хабарлайды «Қазмұнайгаз» компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин.

Алайда, сарапшылардың бағалауынша, өзбек газы бәрібір бекер қалмайды. Себебі, қазір өзбек газының Қазақстандағы Алматы қаласына дейін жететін бағытымен «Түркменстан-Қытай» газқұбырын салу қолға алынып жатыр. Газ төңірегіндегі соңғы келіссөздер бойынша Қытай мен Түркменстан 30 жыл бойы газ тасымалдау жөніндегі келісімге қол қойған.
XS
SM
MD
LG