Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.21.2008 жыл


Сәрсенбі күнгі ресми басылымдар Ресейдің жаңа президенті Дмитрий Медведевтің Қазақстанға ертең басталмақ ресми сапарына назар аударып, кеше өткен Үкімет отырысында халық денсаулығын жақсарту бағытында салауатты өмір салтын орнықтыру мәселелері қаралғаны туралы жазыпты. Бірқатар басылымдар Қазақстанда байқалды деген ентеровирус диагнозы расталмағаны туралы хабарлапты. Алданған үлескерлер мәселесі мен жанар-жағар май қымбатшылығы да назардан тыс қалмапты.

«Время» газеті Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Қазақстанға сапары қарсаңында Қазақстан зейнеткерлерінің «Поколение» қоғамдық қозғалыс төрайымы Ирина Савостинаның «Балам, көмектесші» деген мақаласын басыпты. Онда Савостина ханым Қазақстанда 1992 жылы қабылданған «Зейнеткер ТМД азаматтарының құқығының қорғалуы туралы» заңның орындалмай отырғаны туралы айтып, соған Ресей президентінен араша сұрапты. «Мысалы, – дейді Савостина ханым, – Тәжікстанның Госпланында өмір бойы істеп, зейнетке шыққан соң отанына оралған азаматтың қазір алатын зейнетақысы небары 7200 теңге екен. Ол туралы мен Үкімет басышысына дейін барып айтқаныммен «мәселені шешеміз» деген уәдеден басқа еш нәрсе өзгермеді» деп жазыпты.

«Экспресс К» газеті «Барлығы да құбырда» деген мақаласында: «Қазақстанда Үкімет басшысының жарлығымен 1-ші қыркүйекке дейін сыртқа бензин шығаруға тиым салынды. Бұл қадамның мақсаты елдегі жанар-жағар майдың қымбаттауы мен тапшылығына жол бермеу» деп жазыпты.

«Время» газеті болса, «Маня, боржом ішу көмектеспейді» деген бас мақаласында «Үкіметтің сыртқа жанар-жағар майды шығаруға тыйым салуы рыноктағы жанар-жағар май бағасының қымбаттауын тоқтата алмайды» деген тұжырым айтыпты.

Осы газеттің «Кохтың таяқшасын мундирге жасыра алмайсыз» деген мақаласында «Қазақстан Қорғаныс министрлігі Отар әскери бөлімшесіндегі бірнеше жауынгердің туберкулез ауруына шалдыққанын ресми мойындады. Дәрігерлер «оның негізгі себебі - Отан қорғаушылардың тамағы әлсіз, қуатсыз болуынан» деген болжам айтып отыр» деп жазыпты.

«Экспресс К» газеті «Тәркілене бөлісу» деген мақаласында тұрғын үй сап береміз деп, үлескерлерден ақшаларын алып, уәделерін орындамаған бірнеше құрылыс компанияларының басшыларын дүние-мүлкін тәркілеп, соттап жатқаны туралы айта келіп, «соңғы екі жылда олар 2 мыңдай адамнан 3 миллиардттай теңге жымқырған» деп жазыпты.

«Время» газеті Алматыдағы Әл-Фараби – Розыбакиев – Қожабеков – Гагарин көшелерінің аумағындағы үйлердің оншақты тұрғыны алтыншы күн аштық жариялап жатқаны туралы жазыпты. Осы аштық жариялаушылардың өз сөздерімен «Біздің ұялы телефондарымызды өшіріп тастап жатыр» деп аталатын мақалада, аштық жариялаушылар бұзылуға кетпек өз үйлерін құрылыс компаниясының арзанға бағалағанына наразы және Алматы әкімшілігінің «мемлекеттік мұқтаждыққа қажет, сондықтан ол тұрғындарды күштеп шығару керек» деген сот арқылы шығарған шешімдеріне наразылық білдіреміз» деп айтыпты.

«Айқын» газеті «Баптистер балалардың санасын улап жатыр» деген мақаласында Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезов атындағы мектеп оқушыларына «Евангелдік христиан-баптистер шіркеуі» діни бірлестігінің жетекшісі Ә.Балгереев өзінің қызметкерлерімен бірлесіп балалар киімдері мен түрлі тәтті тағам секілді сыйлықтармен бірге өздерінің дінін насихаттайтын қазақ тіліндегі діни кітаптарды қоса таратқаны анықталып, ол сотқа тартылды» деп жазыпты.

«Время» газеті осы тақырыпты «Діни бостандық туралы заңға» енгізілмек өзгертулер қайда апарады» деген мақаламен жалғастырыпты. Онда, Алматыдағы Хелсинкий комитетінің төрайымы, адам құқықтары жөніндегі Президент жанындағы Комиссия мүшесі Нинель Фокина: «Қазақстандағы православие шіркеуі өз жағдайларын дұрыс бағаламай отыр. Жаңа заңдағы миссионерлер туралы қосымша оларға да тиесілі, себебі олардың бар басшыларын Мәскеу патриархы тағайындайтын болған соң, олар да шетелдік дін өкілдері боп, миссионерлердің кебін кимек» деп айтыпты.

«Айқын» газеті былтыр 16 мамырда Қазақстанда Конституциялық өзгертулер қабылдануының бір жылдығына орай «Қазақстандағы көппартиялық жүйе әлсіз» деген мақала баса отырып, «Сайлануға қажетті межені 7 пайыздан төмендету мәселесінің қозғалуы сайлауалды саясат па, әлде бірпартиялы Парламент өзін ақтай алмады ма?» деген көкейдегі сауалын қойыпты. Оған жауап бергендердің дені «Бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне байланысты қолға алынып жатқан іс-әрекеттер» дегендей жауап беріпті.

Кейбір басылымдар «енді Қырғызстанның оңтүстігін шегіртке басып жатқаны» туралы жазса, енді бір басылымдар «Қазақстанда байқалды деген ентеровирус расталмағанын Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой мәлімдегенін» жазыпты.

«Аргументы и факты Казахстан» апталығы «Алматыда жалпы жұмыссыздар 52 мың болса, олардың жұмыссыз ретінде тіркелген 3 мыңдайының 68 пайызы жоғары білімді» деген деректер беріпті.
XS
SM
MD
LG