Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.16.2008 жыл


Жұма күнгі барлық дерлік басылымдар Қазақстанда қайтарылмай жатқан ипотекалық несие мәселесін қозғапты. Бірқатар баслылымдар Қазақстандағы нашақорлық мәселесін екшелеп, Қашаған мұнайын игеру неге кейінге қалдырылып отыруы мүмкін деп сұрапты. Тағы бірқатар басылымдар Астанада аяқталған «Жас Отанның» 1-ші съезі, Қазақстан мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың Норвегияға сапары жайында жазыпты.

«Литер» газеті «Жас Отанның» 1-ші съезі туралы мақаласын «Өзіңе өзің көмектес» деп атап, онда автор «Қазақстанның жаңа жастар саясаты «араласпау» принципімен жүзеге аспақ. Қазақстан жастары бұдан былай бойкүйез болмай, нарық заманына бейім, пысық болуы керек. Мұндай «тарихи» шешім «Жас Отанның» 1-ші съезінде қабылданды» деп жазыпты.

Жастар тақырыбын «Караван» апталығы «Жас пионерлерді кімдер алмастырды?» деген мақаламен жалғастырыпты. Мақалада «19 мамыр бұрындары пионер күні ретінде аталып өтетін еді. Қазіргі жастарға пионер кім екенін түсіндіру қиын. Қазақстанда жасы 14 пен 29 аралығындағы 5 миллиондай жастар бар. Олар қандай идеологиямен тәрбие алып жатыр?» деп сұрапты.

Бірқатар басылымдар кеше Астанада Жоғарғы сот, мемлекеттік орган, банк, қаржылай-несиелік мекеме, қоғамдық бірлестік өкілдерінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстөлде» қайтарылмай жатқан несиелер мәселесін талқылағаны туралы жазыпты.

«Литер» газеті осы мәселеге арнаған мақаласын «Несие не өмір. Қазақстандықтарды несие өлімге де әкеліп жатыр» деп атап, онда автор «Былтыр несие берген коммерциялық банктер қайтарылмаған несиелерін қудалап сотқа 50 мың шағым түсірді. Шағымның жалпы сомасы 36 миллиард теңге, олардың 8 миллиард теңге несиесі (ол шамамен 65 миллион доллар) тіпті де қайтқан жоқ. Қайтарылмай жатқан несие көлемі күн санап өсіп жатыр. Себебі, несие берген банк тұтынушының мүддесін емес, өз мүддесін ойлайды. Сондықтан кейбір несие алған азаматтар несиесін қайтара алмағандықтан өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барса, кейбірі тіпті із-түзсіз қашып кеткен» деп жазыпты.

Осы газет «Америка экономикалық дағдарысты телешоуға айналдырды» деген мақаласында «несиелерін қайтармай жатқан 150 мың адамды далаға қуып отырған Америка оны шоуға айналдырып, «Жұмбақ миллионер» атты телешоу өткізбекші. «Шоу шарты бойынша бір миллионер көшедегі қаңғыбастардың арасында он күн өмір сүріп көруі керек. Қаңғыбастардың арасында ең көп өмір сүген миллионер жеңімпаз атанып, 100 мың долларды өзінің көшедегі серігіне көмек ретінде силауы керек» деп жазыпты. Осыған орай газет «АҚШ миллионерлері қаңғыбастарға көмектесу үшін көшеге кетпек, ал біздің байлардың қолынан осы келер ме екен?» деп сұрапты. Оған жауап бергендердің барлығы ондай жағдай Қазақстанда болуы мүмкін еместігін атапты. Себебі «Қазақстанда шын байлардан гөрі тыраштану басым. Ондай телешоу Қазақстанда сайқымазақ сипатында болып, қоғамда ызадан басқа ешнәрсе оятпаған болар еді» депті.

«Республика» апталығы «Тайраңдамай-ақ тірі жүрсек бопты да» деген мақаласында Қазақстан банк жүйесінің бүгінгі ахуалына талдау жасалыпты. Осы газеттің «Баға өсуінде шек бола ма?», «Ең жақсысы жамандыққа дайындалу», «Астықты іздеп жатыр, ал баға ұшып барады» деген мақалаларында Қазақстан нарығындағы ахуал сөз бопты.

Сондай-ақ осы газеттің «Сотта кездесе ме?» деген мақаласында, Қазақстанда әр түрлі айыппен 40 жылдай мерзімге сырттай сотталған, президенттің шет елде бас сауғалап жүрген бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев Қазақстан билік басындағы белді тұлғалардың жемқорлығы туралы «Казақгейт» сот ісіне байланысты АҚШ-та болмақ сот ісінде куәгер ретінде қатысуға әзір екенін айтыпты» деп жазады.

«Деловая неделя» апталығы “Реформа: уәде мен нақты шындық» деген мақаласында «зейнет қорларындағы зейнеткерлердің жинақ қоры көбеюдің орнына азайып барады» деген қорытынды айтыпты.

«Панорама» апталығында «Қашағанды игеру мерзімін кезекті кейінге шегерудің астарында Agip KCO акционерлерінің акция бөлісуде Қазақстан шартымен бөліскісі келмегендігінен болуы мүмкін» деген болжам айтылыпты.

«Айқын» газеті «Шоқынған қазақты жерге берудің қиыны-ай...» деген мақаласында былтыр Мәскеуде қаза болған, аты әлемге әйгілі, тенор дауысты әнші Ерік Құрманғалиевты шын жерлеу осы аптаның сейсені күні ғана мүмкін болғаны туралы жазылыпты.

«Экспресс К» газеті «Доза Ностра» айдарымен Қазақстандағы нашақорлық мәселесіне арнап «Ине ұшындағы өлім», «сайтанның сүрлеу жолы» деген үлкен топтама беріпті.

«Караван» апталығының «Шойын-шпал патшалығындағы дау-дамай» деген мақаласында «Парақорлар» ісі Қазақстанда жемқорлық шенеуніктердің жәй әшейін, ұсақ-түйек күнәлары емес, жүйеге айналғанын көрсетеді» деген тұжырым айтылыпты. Осы газеттің «Ащы әзіл ме, жоқ әлде елеулі ескерту ме?» деген мақаласында «Қазақстанда скинхедтер бар ма?» деген сауалға жауап іздепті.
XS
SM
MD
LG