Accessibility links

Қазақстан Ресейге екі елдің экономикалық интеграциялық құжатын дайындауды ұсынды


Мамырдың 22 күні Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев осында алғашқы шетелдік сапармен келген Ресей президенті Дмитрий Медведевпен өткен келіссөзден кейін, Қазақстан тарабы Ресейге екі елдің экономикалық интеграциялық құжатын дайындауды ұсынғанын мәлімдеді. Кейбір қазақстандық саясаткерлер бұл ұсыныс Ресейдің кезекті империялық амбициялары деп бағалады. Мұнай-газ саласындағы транзиттік бағыттар да екі президенттің келіссөздерінің негізгі тақырыбы болды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен ресми түрде қызметке кіріскелі Ресей президенті Дмитрий Медведев тұңғыш шетелдік сапармен Қазақстанға келді. Бұл жолы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге екі елдің ұзақ мерзімді интеграциялық экономикалық ынтымақтастық құжатын дайындауды ұсынды.

«Біз кеден одағын құру жөнінде пікір алмастық. Және Қазақстан «Еуразиялық одақ» құру идеясы тезірек жүзеге асады деген үмітте», - деді президент Назарбаев.

Өз кезегінде Ресей президенті Дмитрий Медведев «егерде екі тарап жақын серіктес болса, егерде бір-біріне интеграциялық қозғалыс жасап жатса, онда біз жылдарға алдын-ала жоспарларымызды қосарлауымыз керек», деген пікірін білдірді.

Кейбір қазақстандық саясаткерлер бұл ұсыныстарды Ресейдің кезекті империялық амбициялары деп бағалайды. Тіпті осы ұсыныстардың империялық пиғылы байқалмас үшін Ресей тарабы оны Қазақстанға әдейі айтқызып отыр деген пікір айтады.

Мұнай-газ саласындағы интеграция да келіссөздің негізгі тақырыбы болды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Тәуелсіз елдер достастығында жыл сайын бір тақырыппен жұмыс істеуге келісім бар.

«2009 жыл «Энергетикадағы өзара әрекет» жылы болсын деген келісімге келдік», - деді Назарбаев.

2006 жылы екі ел арасында жасалған келісімге сәйкес, Қазақстанның Қарашығанақ газы Ресейдің Орынбор мұнай өңдеу зауытында өңделетін болды. Бұл да осы келіссөзде айтылды. Бүгінде Қазақстан, мұнай картелі елдерін есептемегенде, Ресей мен Норвегиядан кейін ЕуроОдаққа мұнай тасымалдап келетін үшінші мемлекетке жатады. Бірақ, кейбір бақылаушылардың айтуынша, Ресей президентінің бұл сапарында Қазақстанның «Баку-Тбилиси-Жейхан» жүйесіне қосылуы сияқты өткір сұрақтар талқыланбады.

Керісінше, Ресей президенті Дмитрий Медведевтің айтуынша екі тарап «Каспий маңындағы құбыр» салу жобасын, «Орталық Азия центр» құбырының қуатын кеңейту жобаларын талқылады.

Өз кезегінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан Ресейді айналып өте ме, өтпейді ме деген әңгімелер бар.

«Бірақ, Қазақстан ешқашан Ресейді айналып өтпейді. Егерде мүмкіншілік берілсе, әр мемлекет өз тиімділігіне қарау керек», - деді ол.

Мұнай-газдың сыртында энергетикада атом саласындағы ынтымақтастық талқыланды. Ресей Қазақстанда атом электр стансасын салуы ықтимал, деді президент Медведев. Жорамал бойынша, атом стансасы Каспийдегі Ақтау қаласында салынуы мүмкін. «Росатом» компаниясының мәліметінше, Ресей Қазақстанды атом саласында стратегиялық серігі санайды. Өйткені, Қазақстан уран көлемі бойынша әлемде екінші орында, деп хабарланды.

Жалпы, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 16 миллиард доллардан асқан. Қазір Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстарында екі елдің біріккен қаражатына жұмыс істейтін 3000 кәсіпорын бар. Бірақ Қазақстан әлі күнге дейін Ресейге тәуелді болып отыр, дейді қазақстандық сарапшылар.

Экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шаменнің пікірінше, ауыл-шаруашылығында, әсіресе, тамақ өндірісінде Қазақстан қауіпсіздік деңгейіне жеткен жоқ.

«Реседен май, сүт, консерві алу Қазақстанға ұят. Бұдан бүкіләлемдік сауда ұйымына кірген кезде, Қазақстанның жағдайы ауыр болып қалады», - дейді маман.
XS
SM
MD
LG