Accessibility links

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеуінде жатқан философты қолдаушылар Алматыда наразылық жиынын өткізді


Сенбі күні Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатры жанындағы алаңда, «ұлт және діни алауыздықты қоздырмақ болды» деген айыппен қазіргі кезде Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің тергеуінде қамауда жатқан философ Нұрлан Әлімбековтің қолдаушылары наразылық митингісін өтізді. Ұйымдастырушылар бұл шараны Қазақстанда мамырдың 31-інде аталып өтілетін саяси-құрғын сүргін құрбандарын еске алу күнімен байланыстырды.

Жергілікті биліктің рұқсатымен Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаңға жиналған наразы топ философ, ғалым Нұрлан Әлімбековты бостандыққа шығаруды талап етті. Қазақстанда 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырып өткізілген бұл митингте сөз алғандар қазіргі заманда Қазақстандағы биліктің қуғын-қысымымен саяси құрбанға айналған азаматтардың есімдерін атады.

Митингіде сөйлеген «Қатерге тап болған журналистер» қоғамдық қорының президенті Розлана Таукина, елде кез-келген адамның өз ойын ашық айтып, өз пікірін еркін жеткізуге құқығы бар екендігі туралы Конституцияда көрсетілген баптар өрескел бұзылып отырғанын айтты:

- Мен ашық түрде Нұрлан Әлімбековтың босатылуына ат салысуларыңызды сұраймын. Өткен ғасырларда саяси қуғын-сүргін құрбандары болған азаматтардың тағдыры ғасыр жаңаланса да қайталанып отыр. Ойын ашық айтып, қоғамдық өзгерістерге пікірін еркін жеткізетін адамды қамауға бола ма? Қазақстан Конституциясы бойынша әрбір қазақстандық азамат ойын емін-еркін жеткізіп, пікірін ашық білдіруге құқылы. Ғылыми мақалалары көптеген басылымдарда жарық көрген Нұрлан өте еңбекққор публицист, журналист-ғалым. Ұсталғанға дейін ол Шымкентте шет тілдерін меңгеріп, ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген болатын, - деді Таукина.

Нұрланның інісі, әрі қоғамдық қорғаушысы Ораз Әлімбеков Қазақстандағы қазіргі қолданыстағы заң бойынша ағасын қорғап қалудың мүмкіндігі жоқ екенін айтады:

- Нұрланды Алматыдағы Абай және Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы емханаға психиатриялық сараптамадан үшінші рет өткізуге алып келді. Осы жерден анықталғаннан кейін ісі сотқа баратын шығар деп отырмыз. Бірақ әзір қалай болатыны белгісіз. Оны сараптама жасауға осындай емханаларға ары-бері тасып жүруінің себебі ол - қылмыскер емес. Ал біздегі сот жүйесінде егер кімде-кім өзінің қылмысын мойындамаса, онда психиатриялық ауруханаларға апарып, түрлі әдістер арқылы қинап мойындатады. Мұның астарында саяси тапсырыс жатыр деп есептеймін. Өйткені, оның қылмысын мойнына қойып беретіндей ешқандай нақты айғақ жоқ.

Митингіде сөз алған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы басшыларының бірі Әміржан Қосанов, ой-пікірі үшін қапаста жатқан адам тағдырына алаңдаушылық танытып, бүгін алаңға келгендердің қатары аз екендігіне қынжылатынын айтты:

- Мен сіздерге қарап, жалпы қоғамнан түңіліп отырмын. Біреуге әке, біреуге асыл жар, біреуге бауыр апталдай азаматты 7 ай бойы қапаста ұстап отыр. Бүгін Алматы жұртшылығының азғантай қолы жиналып отыр. Осындай немқұрайлылық біздің түбімізге жетеді. Бұл қазаққа ояну үшін не керек? Нұрлан Әлімбековты қорғап, бүгін даусымызды ашық шығарып, пікірімізді еркін білдірмесек, ертең басқа Әлімбековтер пайда болады.

Алаңға жиналған топтың қолында «Нұрлан Әлімбековке бостандық берілсін!», «НКВД-Гестапо-КГБ-КНБ», т.б. мазмұндағылармен бірге «Президент Назарбаев отставкаға кетсін!» деген талап-жазуды осы жерге келген заң өкілдері «бұл бүгінгі жиынды өткізуге берілген өтініштегі тақырыпқа сәйкес келмейді» деген сылатумен тартып алып кетті. Полицейлер әлгі жазуды көтеріп тұрған адамдарды да өздерімен бірге ұстап алып кетпек болғанымен, өзге адамдар оларды бермей алып қалды.

Нұрлан Әлімбековты Ұлттық қауіпсіздік комитеті Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті өткен жылдың 16-тамызында қамауға алып, оған «ұлттық және діни алауыздықты қоздырды» деген айып тағып, қылмыстық іс қозғаған болатын. Содан бергі өткен уақытта мәжбүрлі түрде екі рет психиатриялық сараптамадан өткен Нұрлан Әлімбеков қазір үшінші тексерудің кезегін күтіп Алматының тергеу абақтысында қамауда жатыр.
XS
SM
MD
LG