Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.06.2008 жыл


Сейсенбілік басылымдарда Қарағанды облысындағы шахтадағы апат пен Оңтүстік Қазақстан облысында өсімдікті жалмаған қара шегіртке шабуылының салдары, Алматыдағы метро құрылысы және тұрғындар тобының наразылығы, жанар-жағар май бағасының қымбаттауы және қаржы тапшылығы жайында мақалалар жарық көрді.

«Жас алаш» газетіндегі «Бұл өзі кімнің шегірткесі?» деп аталатын мақалада Қазақстанда қаптай бастаған шегірткелердің басқа мемлекеттердің де ауыл шаруашылық саласына зиян тигізе бастағандығын және Қазақстанда шырылдауық шегірткемен күресуге бюджеттен 73,2 миллион теңге, ал Қырғызстан 20 миллон сом бөлгенін жазыпты. Бірақ бұл қаржы мәселенің түйінін біржола шеше алмайтынын жазады мақала авторы журналист Руслан Ербота.

Осы басылымдағы Азамат Байзақұлының «Әкімшілік жалған айтты, ашығушылар оны жоққа шығарды» деп аталатын мақалада Алматыдағы Әл-Фараби – Розыбакиев – Қожабеков – Гагарин көшелерінің аумағындағы тұрғындар мен «Сити СервисИнвестСтрой» компаниясының арасында делдал болып жүрген «Алматыжер» мемлекеттік кәсіпорынның арасындағы дау-дамайға байланысты брифинг өтіп, оған демократиялық партиялардың өкілдері, «Бағалаушылар палатасы» қоғамдық ұйымы мен бірқатар шетелдік елшілер өкілдерінің қатысқаны баяндалыпты. Алматыда наразы тұрғындардың 17 күн бойы аштық жариялап жатқаны айтылыпты.

Газеттің үшінші бетіндегі «...халық көшеге шығады немесе тамыз дағдарысы» деп аталатын Сәкен Салтанның мақаласында, әлемдік қаржы дағдарысының АҚШ-қа ғана емес, Азия елдеріне де ауыр соққы болғаны айтылыпты. Мақала авторы сарапшылардың сөзіне сүйене отырып, Шри-Ланканың алғаш рет жанармай бағасын қымбаттатқанын тілге тиек етіпті. Сонымен қатар ол Азия елдерінде мұнай бағасының 135 долларға жеткеніне де тоқталыпты.

«Время» газетінде жарық көрген «Ешнәрсе бізді ерден аударып тастай алмайды!» деп аталатын мақалада Джиро д Италия веложарысында жалпы есепте екінші орынға табан тіреген «Астана» командасының бұл жетістігі испандық Альберто Контадордың табандылығының арқасында жүзеге асқаны айтылыпты. Ол алты кезеңде де алғашқылардың қатарынан көрініп, осы жарыстағы өзінің басты қарсыласы саналған италияндық Рикардо Рикканы 1 минут 57 секундқа озып, көпкүндік жарыстың жеңімпазы атанды.

Басылымда «Тұңғиық бетіндегі әбігер» деген тағы бір мақалада автор Руслан Бахтигереев Алматыда салынып жатқан метроның шахтасындағы жұмыстармен танысып, құрылысты жүргізіп жатқан дирекцияның басшысы Әмір Ғалиевті әңгімеге тартыпты. Ол метроны пайдалануға дер кезінде өткізу үшін, жұмыс күшін толықтыру керектігі және «биыл бюджет есебінен бөлінген 21 миллиард теңгеге қосымша тағы да 10 миллиард қажет екені» айтыпты. Бұл мәселе оң шешімін таппаса, Алматы қаласы басшылары айтып жүргендей, метроны пайдалану мерзімі тағы да біраз уақытта созылуы мүмкін екен.

«Экспресс К» газеті сейсенбілік санында «Құтқару шеңберінде» деген тақырыппен басқан мақалада, үкімет үйінде Қарағанды облысы «Тентек» шахтасында болған жарылысқа байланысты селекторлық жиын өткендігін жазыпты. Облыс әкімі Нұрлан Нығматулин жарылыс салдарынан шахтада болған 100 адамның бесеуі үйіндінің астында қалып қойғандығы жөнінде мәлімдегені айтылыпты.

Осы басылымдағы «Жаңа заманға лайықталған ескі ақша» деген мақалада, кеше үкімет мүшелерінің жиынында министрлер премьер-министр Кәрім Мәсімовке есеп бергенді жөнінде баяндалыпты. Мақалада Кәрім Қажымқанұлының артық ақшаның болмайтындығына уәде бергеніне және оның «жаз барлықтарыңыз үшін ыстық болады» деген сөзіне баса назар аударылыпты.

Ал газеттің төртінші бетінде «Кедергілерді жоя отырып» деген тақырыппен шыққан мақалада, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтың бизнес-қауымдастығымен кездескендігі жазылыпты.

«Айқын» газеті сейсенбілік санында басқан «Қараталда жер дауы өршіп тұр» деген мақалада Талдықорған облысы Қаратал ауданына туыстарының шақыртуымен көшіп барған Х.Құдайбердиев деген азаматтың Мәнтай Түстікбаев әулеті тұрып жатқан жерді, үй-жайымен қоса сатып алып, жалған құжаттар арқылы оларға күніге келіп қоқан-лоқы жасайтындығы әңгімеленіпті.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG