Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.06.2008 жыл


Сәрсенбі күнгі кейбір басылымдар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілді газеттерге берген сұхбатына айрықша көңіл бөліпті. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қалай жүріп жатқандығы да қазақстандық басылымдардың назарынан тыс қалмапты.

«Егемен Қазақстан» газетінің 4 маусым күнгі санында «Еркіндік нышандары» деген тақырыппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміз күніне байланысты материалдар ұйымдастырылыпты. Айтулы күнге орай газет Елтаңбаның эталондық нұсқасын жасаған Жандарбек Мәлібекұлынан сұхбат алған екен.

Әсіресе басылым президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілді басылымдарға берген сұхбатына ерекше көңіл бөліпті. Осыған орай «Егемен Қазақстанның» сәрсенбілік санында бірнеше материал жарияланыпты.

Бұл тақырып «Айқын» газетінің сәрсенбілік санының назарынан да тыс қалмапты. Осыған орай газетте, «Экономиканы әртараптандыру тапсырмасы қаншалықты орындалып жатыр?» деген мақала жарық көріп, мамандардың пікірі беріліпті.

Сондай-ақ, «Айқын» газетінің сәрсенбілік санында «Шахта астында бес боздақ қалды» деген тақырыппен Қарағанды облысындағы «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-на қарасты «Тентек» шахтасында орын алған апатқа байланысты мақала жарияланыпты.

Сәрсенбі күнгі «Время» басылымы және «Комсомольская правда» газетінің «Қазақстан» қосымшасы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қалай жүріп жатқандығына баса назар аударыпты.

«Время» газетінде «Сынаққа шыдамаған тест» деп аталатын Тоқнияз Кучуков пен Алексей Байтеевтің көлемді мақаласы жарық көріп, онда Қазақстан Республикасының Білім министрі Жансейіт Түймебаевтың 2009 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесін алып тастағысы келетіндігі хабарланыпты.

Тестілеу нәтижесіне риза болмаған ата-аналардың қайта-қайта редакцияға телефон шалып, олардың балаларын аппеляцияға жібермей жатқандығы мақала арқауы болыпты. Орталық Азия университетіне түсуге талпынған Әлия есімді талапкердің айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеуге тапсырған 890 оқушының шамамен 800 ге жуығы риза болмай, оның нәтижесін қайта қарауды талап етіп арызданған.

Орталық Азия университетінің вице-президенті Өнербек Құрамысов болса тест тапсырған абитуриенттердің көбісінің, басқасын сөз қылмағанда, арызды да сауатты жаза алмайтындығын айтып «Время» газетіне түсініктеме беріпті.

Бұл тақырып «Комсомольская правда» газетінің «Қазақстан» қосымшасының да назарынан тыс қалмапты. Газеттің бір топ журналистері әзірлеген бас мақалада Қазақстандағы Ұлттық бірыңғай тестілеу барысы егжей-тегжейлі баяндалыпты.

Мақала авторының айтуынша, Ұлттық тестілеуге жіберерде Астанадағы Еуразия ұлттық университетіндегі абитуриенттердің бәрі қатаң тексеруден өткізілген. Алайда соған қарамастан Ұлттық бірыңғай тестілеуге қол телефондарымен кірудің амалын тапқандар да табылыпты.

Сондай-ақ мақалада Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлерінің емтихан сұрақтарының кілтін сатып жүргендерді ұстағандығы айтылыпты. Комитеттің ресми өкілі Қайыржан Қамзаев оларға байланысты қылмыстық істің қозғалғандығын хабарлап, газет тілшісіне түсініктеме беріпті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG