Accessibility links

Қостанайда 15 адам құлдықтан босады


Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы Аман-Қарагай елді мекенінде Өзбекстан мен Тәжікстанның 15 азаматын құлдықтан босатқанын хабарлады. Аман-Қарағай ет комбинатын жалдаушы азамат олардың төртеуінің бостандығы үшін 600 доллар талап етіп, соны алып жатқанда тұтқындалған.

Облыстық полиция мекемесінің баспасөз қызметкері Елена Кашеринаның айтуынша, заң өкілдері осыдан бірнеше күн бұрын адам саудасы оқиғасын анықтаған.

- Сәуір айында Атыраулық бір кәсіпкер Аман-Қарағай елді мекеніндегі жалға алған ет комбинатында жұмыс істегені үшін жоғары жалақы төлеймін деп, Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтарын алдап әкелген. Алданған азаматтардың Қостанайда туыстары бар көрінеді. Алғашқыда телефон арқылы байланысып тұрған туыстарынан хабар болмаған соң ол адам Қостанайдан Аман-Қарағайға барып, комбинат басшысымен кездескенде, кәсіпкер «600 доллар төлемесең туыстарыңды босатпаймын, себебі мен оларды сатып алғанмын» деп ақша талап еткен. Туыстарын іздеген азамат біздің басқармаға келіп шағымданды. Біздің қызметкерлер сол 600 долларды алып жатқан кезде комбинат басшысын тұтқындап, оны қамауға алды. Тексеру барысында Аман-Қарағайдағы ет комбинатында бір бөлмеде Өзбекстан мен Тәжікістаннан келген 15 адам бар екендігі анықталып, оларды ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері босатты. Олардың арасында күйеуімен бірге келген 41 жасар әйел де бар екен. Қалғандарының жасы 16 мен 45 жас аралығында. Қазір облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері істің мән-жайын анықтап жатыр, - деді Елена Кашерина «Азаттық» радиосына сәрсенбі күні.

Сондай-ақ Елена Кашерина әлгі босатылғандардың сот-медициналық сараптамадан өткізіліп, көбісінің әртүрлі зақым алғандығының анықталғандығын айтып берді:

- Қазір олардың жағдайлары жақсы. Оларға дәрігерлік көмек көрсетіліп, жатын жер және азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік емес ұйым өкілдері де көмекке келді. Енді олар тергеу амалдары аяқталғанша Қазақстанда болады да, кейін көші-қон полициясының көмегімен өз елдеріне қайтарылады.

Қамауға алынған қазақстандық кәсіпкерге әзірге «азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіру арқылы олардың конституциялық құқығын шектеді, яғни адам құқығын бұзды» деген айып тағылды.

- Ол айып бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 128-ші бабына сәйкес 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған, - дейді Кашерина.

Мұндай адам саудасы оқиғасы елде бұған дейін де тіркелген. 2005 жылдың қаңтарында Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бір кәсіпкердің шаруашылық қожалығынан 5 адамды босатқаны туралы хабарланған болатын. Сол секілді, Ақтөбе облысында да бір монша кешенінде көрші елдің азаматтары құлдық жағдайда жұмыс істегені анықталып, оларды еркінен тыс ұстағандар сотқа тартылған еді.
XS
SM
MD
LG