Accessibility links

Төзімдері таусылған үлескерлер наразылық митингісіне шыққалы отыр


Алматы қаласындағы «Ақ ауыл» құрылыс компаниясының «Премьера» тұрғын үй кешенінің үлескерлері Қазақстан билігіне үндеу жолдап, өздері мен құрылыс компаниясы арасындағы дауды шешіп беруді сұрап отыр. Олар 2007 жылдың тамыз айынан бастап бүгінге дейін құрылыс алаңында еш жұмыс жүргізілмегенін айтады. Үлескерлер корпорация басшылығына «шиеленіскен жағдайдан жол тауып шығуға еш әрекет етпеді» деген кінә тағып отыр.

Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Қалқаман елді мекенінен «Премьера» тұрғын үй кешенін салып беруді уәде еткен «Ақ ауыл» компаниясы 800-ден астам үлескерден ақша жинап алған. Ал былтыр қаржы дағдарысы басталғаннан кейін коммерциялық банктер несие беруді күрт шектеп, 2008 жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс құрылыс нысаны өткен жылдың жазында тоқтап қалған.

Құрылыс бітпей қалған кешеннің үлескерлері бүгінгі күні төзімдерінің таусылғанын айтады.

- Мен «Премьераның» үлескерімін. Біз сияқтылардың бәрі қазір пәтерде жүр, несие төлеп жатыр. Өзіме келсем, жұбайым Чернобыль ардагері, екі балам бар, пәтерге ақша төлеймін. Үйімізді уақытында бермей жатыр, - дейді Ғалия Тұқбаева.

Ал үлескерлердің тағы бірі Лариса Әбдірашитова уәденің орындалмауын айтпағанда, компанияның кейбір әрекеттеріне күйінеді:

- Мен жарнамадан «Aқ ауыл» компаниясының өз үлескерлеріне келісім шартқа қосымша сыйлық ретінде сақтандыру сертификатын беретіні жайлы естіп қалдым. Бұл үлескер алдында салушы компанияның жауапкершілігі жайлы сертификат еді. Бұл компанияның өзіне неғұрлым көп үлескерді тарту үшін жасалғанын кейін ғана білдік, себебі, оның ешқандай заңды күші жоқ екені анықталды.

Құрылыс тоқтағаннан кейін де талай мәрте компания басшылығымен кездеспек болған үлескерлер, бүгінге дейін тек құрғақ уәделер естіп келе жатқандарын айтады. Үстіміздегі жылдың басында қаржы дағдарысы салдарынан тұралап қалған бірқатар құрылыс компанияларына Үкімет екінші дәрежелік банктер арқылы несие беруді бастаған болатын. Ал бұл көмекке «Ақ ауыл» корпорациясының ілінген-ілінбегендігін үлескерлердің өздері де нақты білмейді.

Үлескерлер мәселесі бойынша компанияның Алматы қалалық басшылығына талай мәрте хабарласқанымызбен ондағы басшыларды орнынан таба алмадық.

Үлескерлердің құқығын қорғау мақсатында жақында құрылған ынталы топтың жетекшісі Амангелді Шорманбаев «Ақ ауыл» компаниясы тарапынан ешқандай жауап болмаса наразылық митингісіне шығатындықтарын айтып отыр.

- Біз оларға бір ай мұрсат береміз, егер мына құрылысты аяқтаудың нақты жолын таппаса, бізбен кездесуден бас тартса, онда шілденің 6-сы күні Алматыдағы Республика алаңына кем дегенде 2000 үлескер шығып, наразылық шарасын ұйымдастырамыз, - деді Амангелді Шорманбаев.

2006 жылдан бастап Алматыда тұрғын үй кешендерін салумен айналысып келе жатқан «Ақ ауыл» корпорациясы осыған дейін Астана қаласында да бірқатар кешендерді тұрғызған болатын. Қазіргі күнде компанияның астаналық үлескерлеріде дәл осындай жағдайды бастан кешіп отыр.

Осыған дейін мамырдың 30-ы күні құрылыстың аяқталуын талап еткен үлескерлердің Астанада митингке шыққанын жергілікті ақпарат көздері жазған болатын. Жергілікті ақпарат бұлақтарының хабарлауынша, «Ақ ауыл» компаниясының Астана қаласындағы үлескерлері маусымның 6-сы күні тағы да митинг ұйымдастырмақшы.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG