Accessibility links

Жазушы Ғаббас Қабышұлы ел астанасының атауын өзгерту жайында


- Депутат Сәт Тоқпақбаев бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстан астанасының атауын «Нұрсұлтан қаласы» деп өзгертуді ұсыныпты, оны кейбір әріптестері қолдап жатқан көрінеді. Мәжілісте басқа мәселелердің бәрі қаралып біткендей осы әңгімені қозғаудың өзі өрескелдік. Мәселен, Алматының іргесіндегі Шаңырақ, басқа ауылдардың жағдайын неге ойламайды? Ондай ауылдар Қазақстанның қай түкпірінде болсын кездеседі. Солардың мәселесін түбегейлі шешудің орнына бұлар астананың атын алай-бұлай өзгертуге неге құмар?

Негізінде, ата-бабамыз қойған тарихи – Ақмола деген атауы болған тұғын. Сол күйінде қалуы керек еді. Оны баяғыда анау көлеңкесінен шошып жүретін Никита Хрущев деген Целиноград етіп өзгертті. Ал енді одан құтылдық, тәуелсіздік алдық, Ақмола атауын қайта қалпына келтірдік деген қуанышымыз да ұзаққа бармады. Тағы да осы Тоқпақбаев сияқты біреулер шығып, «ойбай, мұның атын Астана деп өзгерту керек!» деді. Оны жоғары билік басындағылар да қолдады. Мәскеудегілер «Ақмоланы» орысшалағанда «Белая могила» деген ұғым білдіреді деп күледі екен дегенді сылтау етіп, қала атауын Астана етіп өзгертуге шешім қабылдады.

Сайып келгенде, өзге жұртта Могилев деген қала да, Могилевский деген фамилиялар да бар, олар соны өзгертпейді. Ал ендеше қазақ неге ол атауды ұят санап, өзгертуі керек? Осы Ақмоланы Астана деп өзгертіп жатқан кезде мен көңіліме секем алып едім, бұл Астана деген не ары, не бері жоқ бір атау, осы түбінде қаланы басқаша атпен өзгертпек есеппен жасалып отырған уақытша нәрсе ғой деп. Сол күдігім расқа айналғандай қазір.

Ал енді, «күбірлегенді құдай естімейді ме» дегендей, бұл қазіргі Мәжілісті сайлағанда халықтың мұң-мұқтажын ойлап айқайлайтын нағыз азаматтар өткізілмей, тек басты шұлғуды ғана білетіндерден жиналғаны ешкімге жасырын емес. Біреулер бұны «қалтадағы Мәжіліс» дейді, мен оны «шалбардың артқы қалтасындағы» деп айтар едім.

Енді бұлардың осындай өрескел ұсыныс жасап отырғаны таңқаларлық іс емес. Егер оларға жоғарыдан күбірлеп-сыбырлап, «осыны айтыңдар» деп отырмай, шын білмеген болса, президенттің «бұл - ұят, қойыңдар!» деген бір-ақ ауыз сөзі жетер еді. Әй, қайдам, сол жақтан жел тұрмаса, бұлар өздігінен қозғалатындар емес қой, ертеңгі күні Нұрсұлтан қаласы деген атауды қабылдап тынатын шығар.

Бұл өзі жер-су атын өзгертпейтін халқымыздың тарихына жасалған қиянат деп ойлаймын. Егер шынайы әділдік, адалдық керек болса ата-бабамыз Ақмола деп ардақтаған қастерлі атауды қайтадан қалпына келтіру керек.
XS
SM
MD
LG