Accessibility links

Атырауда электр энергетикасы мәселесі талқыланды


Маусымның 6-сы күні Атырауда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 19-шы жалпы отырысы өтті. Бұл жолғы мәжілісте талқыланған негізгі тақырып - «Қазақстан Республикасының электр-энергетикалық саласын дамыту мәселелері». Мәжілс келесі отырысын 2008 жылдың 5 желтоқсанында Алматыда өткізу туралы шешім қабылдады.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің құрылғанына биыл он жыл толады. Кеңестің негізгі мақсаты – инвестициялық ахуал мәселесінде қандай да проблема болмасын шұғыл шешуді реттеу үшін Қазақстан үкіметі мен шет елдік инвесторлардың арасындағы диалогты қамтамасыз ету.

Шетелдік инвесторлар кеңесі жылына екі рет мәжіліс өткізіп, инвестиция мен елдің даму бағытындағы өзекті мәселе бойынша ой бөлісетін кеңесші орган ретінде құрылған. Осы кеңес өздерінің кезекті 19-шы мәжілісін Атырауда өткізіп, «Қазақстан Республикасының электр-энергетикалық саласын дамыту мәселелерін» талқылады. Жалпы, шетелдік инвесторлар кеңесі мәжілісін Қазақстанның әр қаласында өткізіп тұру дәстүрі қалыптасқан. Дегенмен осы «19-шы кеңестің Атырауда өтіп, әрі оның электр энергетикасы саласының проблемаларына арнауында да сыр бар» дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

«Біріншіден инвесторлардың нағыз мұнай-газ алаңы Атырау мен Маңғыстауда. Ол жерде соңғы жылдары әлеуметтік мәселелер де күшейіп кетті. Жұмысқа алу проблемасы, мамандар дайындау, экология проблемасы, т.с.с. дегендей. Сонымен бірге, мүмкін, Ақтаудағы атом энергетикасын дамыту да керек шығар. Менің ойымша, инвесторлар кеңесінің мәжілісін осындай аймақтарға барып өткізіп тұрған оңтайлы сияқты».

Айта кету керек, Ақтау атом электр станциясын салу туралы әңгіме басталысымен көптеген маңғыстаулықтар бұл шешімге оң көзқарас танытпаған. Жергілікті оппозициялық басылымдар ақтаулық тұрғындардың «Ақтау атом электрстанциясын» салуға қарсы пікірлерін жариялаған болатын.

Алайда мамандар «шұғыл шара қолданбаса, келесі жылы-ақ Қазақстан электр энергиясы тапшылығына ұрынады» деп болжап отыр. Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың І тоқсанында республикада электр қуатын тұтынудың көлемі оның өндіріс көлемінен асып түскен. Жетпеген электр қуатын Қазақстан көрші елдерден алады.Инвесторлар кеңесінің Атыраудағы мәжілісінде электр қуаты мәселесіне баса назар аударылғаны да мүмкін сондықтан шығар.

Энергетика мәселесін бұл кеңес 2007 жылдың желтоқсанда Астанада өткен 18-ші мәжілісінде де талқылаған болатын. Онда президент «электр энергиясын үнемдеу қазақстандықтардың менталитеті болуы керек», «балама энергия көздерін дамыту керек» деген пікір білдірген. Осы пікірін президент Атыраудағы 19-шы мәжілісте тағы да қайталады.

Жергілікті ақпараттық агенттіктердің хабарлауынша, президент Атыраудағы мәжілісте: «Республикада тұрмыстық және өнеркәсіптік тұтынушылардың арасында энергияны үнемдеу насихатын жандандыру керек, бұл – энергия жетіспеушілігі проблемасын қысқа және ұзақ мерзімдік перспективада шешудің жалғыз ғана мүмкіндігі» деп айтып, елдегі оңтайлы инвестициялық ахуалға тоқтап, инвесторлардың энергетика саласына назар аударуын сұрапты. Алайда, саясаттанушы Әзімбай Ғали, шет елдік инвесторлар үшін Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың бұрынғымен салыстырғанда қатайтылғанын айтады:

«Бір кездері Қазақстанда «мұнайға тиіспе» деген ұран болды. Соған байланысты шет елдік инвесторлардың аздап басынғаны бар. Ол басыну біраз жанжал да туғызған. Түрік, Қытай, Канада компанияларына байланысты біраз дау-дамай да болды. Менің ойымша, сол кезде нақты шешімдер қабылданып, көп нәрсе орнына келді. Уақыт өте келе Қазақстан өзінің «азуын» көрсетті. Мүмкін, белгілі дәрежеде, шет елдік инвесторлар шошыды. Бірақ әлемдік нарықтағы мұнай бағасының шарықтауына байланысты олар Қазақстанның талаптарының өсуіне көнді. Бұрын мысалы, оларға ешқандай талап қойылмады десек те болады. Оларға талап қоюға болмайтын да. Мысалы «Ойбай, инвестициялық климат өзгереді, тиісуге болмайды» деуші еді, қазір мемлекет біраз пакеттерін қайтадан сатып алды. Біраз талаптарын орындатып жатыр. Қазір ахуалдың өзгергені байқаймыз»

Үкіметте 2007 жылы Қазақстанның электр-энергетикалық саласын дамыту іс-шараларының 2015 жылға дейінгі жоспары қабылданған еді. Бұл құжатқа сәйкес, республикада 23 электрмен жабдықтау нысанын қайта жөндеуден өткізу, 22 жаңа электр стансасын салу, электр-желілік нысандарын дамыту қарастырылған. Бірінші кезектегі міндеттердің қатарында - Балқаш жылу-электр стансасын, Мойнақ су-электр стансасын, 2-Екібастұз ГРЭС-нің үшінші энергоблогын салу жоспарланған.

Сөйтіп, электр энергетикасының мәселелерін талқылаған Атырауда аяқталған шетелдік инвесторлар кеңесінде Қазақстан президенті «2008 жылдың ең үздік инвесторы» байқауын жариялап, келесі, 20-шы мәжілісін 2008 жылдың 5 желтоқсанында Алматыда «Қазақстандық мазмұнды дамыту» тақырыбы аясында өткізбек боп шешіпті.
XS
SM
MD
LG