Accessibility links

Ауылың қайда? Қазағым!


Жұма күні «Таным» пікір-сайыс клубында, үкіметтің үш жыл бойы ауылға арналған бағдарламасы және жерге жеке меншік құқығын енгізген кодекстің қабылданғанына бес жыл толғандығына байланысты «Ауылың қайда? Қазағым!» деп аталатын тақырыптың аясында басқосу өтті.

Осы күнге шейін ауыл мәселесінің бірнеше мәрте талқыланып, осыған орай, үкіметте «Ауыл жылы» бағдарламасының қабылданып, оны жүзеге асыру үшін 150 миллиард теңгенің бөлінгені аян. Алайда баспасөз бетінде осындай қыруар қаржының талан-таражға ұшырағаны туралы аз жазылған жоқ.

Ауыл тақырыбын тілге тиек еткен жазушы Ғаббас Қабышұлы, Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап, қазақ ауылдарының құлдырай бастағанын, бұл мәселенің әлі күнге дейін оң шешімін таппай, шалғайдағы қазақ отбасыларының не малы жоқ, не жері жоқ күйде тоз-тозы шығып отырғанын айтты.

Осы бас қосуға сарапшы ретінде ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Өндіріс Жақыпов қатысты. Ауыл тақырыбын ол 1994 жылдан бері зерттеп келеді екен. Ғалым зерттеу жұмыстарымен таныстырып, оның мәнісін пікір-сайыс клубына келген қонақтарға түсіндіріп бергенде, олардың көпшілігі таңданысын жасыра алмады.

Жақыпов мырзаның айтуынша, жекешелендіру аяқталған соң, әсіресе, жерді жеке меншікке пайдалану құқығын енгізген заң өзгерісі қабылданғаннан кейін, елде ауыл шаруашылығымен айналысатын 9 мыңнан астам ірі компаниялар пайда болған. Қазіргі уақытта, олардың меншігіндегі жер телімі 57 пайызды құрайды, соның 59 пайызы егістік жерлер. Ал осыншама жері бола тұрса да, олардың қолындағы мал саны өте аз.

«Мысалы, жылқы 5, сиыр 4,7, қой 6,8, үй құстары 40 пайызға ғана жетіп отыр. Одан соң, орта деңгейлі шаруа қожалықтарының меншігіндегі жерді де аз деп айтуға болмайды. Қазақстандағы ауыл шаруашылығына арналған жерлердің 42 пайызға жуығы солардың меншігінде. Солай бола тұрса да, олар да мал бағудан басын ала қашады. Ал малдың басым бөлігі кішігірім шаруа қожалықтарында, оларда, жылқының 86 (4432 мың), сиырдың 89 (2103 мың), қойдың 78 (10303 мың) пайызы бар, бірақ, оны бағып көбейтетін жерлері өте аз. Сонымен қатар, бұл көрсеткіш Қазақстандағы мал басының таусылудың алдында тұрғанын білдіреді», - дейді маман.

Бас қосуға келгендер ауылдағы қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты бұдан да бөлек мәселелерді тілге тиек етті. Айтылған әңгімеден байқағанымыз, ауыл қазағының жәй-күйі мемлекеттік ақпарат құралдарында айтылып жатқандай керемет емес екен.

«Таным» пікір-сайыс клубында айтылған әңгімеге байланысты, қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлин былай деді:

«Ауылдағы қазақтардың барлығын қалаға көшіру керек дегенді өз басым құптамаймын. Қалаға келгенде оларға ешкім де көмек бермейді. «Бақай» мен «Шаңырақтағы» жағдайды айтсақ та жеткілікті емес пе? Қазіргі уақытта, қазақты жерден айыру процесі жүріп жатыр. Жерден айырылғанымыз мемлекеттен айырылғанымызбен бірдей. Біз осыған жол бермей, табанды түрде күресуіміз керек. Ол үшін бір мықты ұйым құруымыз қажет. Қазір халыққа қолына мылтық ал да, үкіметке қарсы шық деп ешкім үгіттеп жатқан жоқ. Ол қажет те емес. Бізге жоғары биліктегілерге Украина, Грузия, Қырғызстандағыдай халықтың бар екенін көрсету керек. «Халық көтерілсе хан тұралмас тағында» деген қазақтың сөзі бар, осыны ешкім ұмытпауы тиіс».
XS
SM
MD
LG