Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.06.2008 жыл


Сенбі күні жарық көрген газеттерде, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде байқалған кемшіліктер, бақилық болған борышқордың қарыз ақшасын оның артында қалған 7 жастағы қызынан өндіріп алмақ болған банктің райынан қайтқаны, Атырауда өткен шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті отырысы, Астанаға өз есімін беру туралы ұсынысқа президент Назарбаевтың қарсы екендігі және өзге де мазмұндағы мақалалар жарияланыпты.

«Время» газеті Халық Банкі мен жеті жасар қыз арасындағы даулы мәселеге тоқталыпты. Арқалық қаласында осыдан екі жылдай бұрын Халық Банкінен жарты млн теңге несие алған Лариса Васильева есімді әйел былтыр жазда қайтыс болған соң, төленбей қалған қарызға қатысты банктің берген талабын қараған Арқалық соты, 400 мың теңгеден астам борышты марқұмның артында қалған 7-жасар қызы Юля Васильевадан өндіріп алу туралы биылғы жылдың наурыздың 28-інде шешім шығарған. Қазақстан қоғамында бұл хабар қызу пікірталас туғызып, өз аты-жөндерін атамаған қамқоршылар жетім қызға жәрдем ретінде керек ақшаны жинап берген. Ал осы жайттан соң банк басшылығы таратқан мәлімдемеде қаржы мекемесі өз талабын кәмелетке жасы жетпеген жеткіншекке емес, оның асыраушысына, яғни марқұм Ларисаның сіңілісі Натальяға қарсы бергенін айтқан болатын. Енді Халық Банкі Натальяның жазған өтініші бойынша, оның апайының бұ дүниеде өтелмей қалған қарызын кешіруді ұйғарғаны туралы хабарлап отыр. Ал 7-жастағы Юляға белгісіз қамқоршылардың жолдаған қаржы, жеткіншек кәмелетке толғанша сақтау үшін, банкте оның атында ашылған есеп-шотқа салынған.

«Экспресс К» газетінде жарияланған «Несие тұзағы» атты мақалада автор Александр Каминский былтыр жыл басында бір банктен 10 пайыздық жылдық өсіммен несие алған өз танысы қазір оны алғашқы келісілген мөлшерден артық төлеуге мәжбүр екендігіне тоқталыпты. Банк әлгі адаммен жасаған келісім-шартта, оған берілген несие үшін алынатын өсім пайызының деңгейін біржақты өзгертуге негіз болатын 11 жағдай көрсетіліпті. Борышқордан әу баста 10 пайыздық өсім алған банк көп ұзамай әуелі 12, онан кейін 16 пайызбен ала бастаған. Оны төлемеске шарасы жоқ борышқор сонда ғана өзінің оңбай алданғанын бір-ақ білген. Қазір ол өсім пайызы тағы да ары қарай шарықтамай тұрғанда, несиені бір-ақ беріп құтылуға асығып, жеке меншігіндегі көлігін сатып, басқалардан қарыз жинап жатыр деп жазады мақала авторы.

«Айқын» газеті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана қаласының атауын өзгертуге қарсы екендігін жазыпты. Қала атауын «Нұрсұлтан» деп өзгерту туралы осы аптада парламент мүшелері айтқан ұсынысқа өз жауабын берген Назарбаев, сонымен бірге, өзі әлі «мемлекетті ұзақ уақыт басқаратынын және ізбасарларының жоқтығын» мәлімдеген. Президент бұл мәлімдемесін жұма күні Атырауда өткен шетелдік инвесторлар кеңесінің 19-шы отырысы аяқталған соң жасаған. Бұл жиында Қазақстанның электр-энергетикалық саласын дамыту мәселесі қарастырылған. «Н.Назарбаев энергияны үнемдеу бағдарламаларын жүзеге асыратын кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіндігін айтты» деп жазады мақала авторы Жаһан Шора.

«Время» газеті Ұлттық бірыңғай тестке байланысты елдің Білім министрі Жансейіт Түймебаевтың екі сөйлегенін жазыпты. Маусымның 3-күні «Интерфакс» агенттігі таратқан ақпаратта, Қазақстанда келер жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тест сынағын алып тастау туралы ұсыныс дайындалып жатқанын мәлімдеген министрдің сөзін, арада бір күн өткенде оның орынбасары Күләш Шәмшиддинова жоққа шығарды. Ал, маусымның 6-күні Алматыда, журналистердің қарша боратқан сұрақтарына жауап берген министр Түймебаев Ұлттық бірыңғай тест сынағы 2009 жылы да жалғаса беретіндігін айтқан. Бұл мәселеге қатысты премьер-министр Кәрім Мәсімов Білім министрі Ж.Түймебаевқа ескерту, ал оның орынбасары К.Шәмшиддиноваға сөгіс жариялады. Ал бұл уақытта Алматыдағы Орталық Азия университетінде биылғы Ұлттық бірыңғай тест қабылдау кезінде кеткен қателіктерге байланысты дау-жанжал өрістеп бара жатқаны айтылыпты. Осындағы тест қабылдау орнының жетекшісі Өнербек Құрамысовтың айтуынша, қате басылып шыққан бюллетендер салдарынан тест қортындысы шым-шытырық болған. Екі мыңнан астам бюллетень қолмен қайта саналып, жауабын дұрыс берген түлектерге бастапқы қойылған бағалар түзетіліп, оларға 10-нан 80-баллға дейін қайтадан қосылған. Қазір елде сынақ қортындысына наразы түлектер мен олардың ата-аналарынан арыз-шағымдар толассыз түсіп жатқан көрінеді. Мәселен, Шығыс Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестке қатысқандардың 10 пайызы аппеляциялық шағым берсе, Қарағанды облысында сынаққа қатысқан мектеп түлектерінің 80 пайызынан арыз түскен. Биылғы тест сынақтарына Қазақстан бойынша 118 мыңға жуық талапкер қатысыпты.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG