Accessibility links

Аштық жариялаушылар саны көбейсе де, тойға дайындық қызу жүруде


Сейсенбі күні «Азат» демократиялық партиясының басшылары мен төрт апта бойы Алматыда аштық жариялап жатқан Розыбакиев, Гагарин, әл-Фараби, Қожабеков көшелерінің тұрғындары жерге байланысты дауға орай «Алматыжер» кәсіпорны БАҚ арқылы жұртшылыққа шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты деп мәлімдеме жасады.

Алматыда төрт апта бойы аштық жариялап жатқандардың бірі Сергей Дмитриевтің айтуынша, қазіргі уақытта «Алматыжер» мемлекеттік кәсіпорны мен «СитиСервисИнвестСтрой» компаниясы ресми БАҚ арқылы, баспанасынан айырылып қалудың алдында тұрғандарға жеткілікті қаражат берілсе де, өздері қырсығып, келіссөзге келуден бас тартып отыр деген сыңайдағы жалған ақпарат тарата бастапты.

«СитиСервисИнвестСтрой» мен тұрғындардың арасында делдал болып жүрген «Алматыжер» кәсіпорны, соңғы кездері болмаған нәрсені болды деп айта бастады. Себебі, ресми БАҚ арқылы айтып жүргендей, біздің пәтеріміздің әр шаршы метріне 2200 долларды ешкім ұсынған жоқ. «Алматыжердің» өкілдері келіп, осы соманы ауызша айтқанымен, оны дәлелдейтін тиісті құжаттарды көрсетпеді. Бізге белгілі болғандай, «СитиСервисИнвесСтрой» компаниясында қаржы жоқ екен. Олар ертең біздің үйлеріміз орналасқан жерді иеленіп алатындай жағдайға қол жеткізсе, қандай қаражатқа құрылыс жүргізбекші? Өйткені, бізге жеткен ақпарат бойынша, әлгі компанияның есеп шотында бар болғаны 87 мың теңге ғана бар», - деді ол.

Ал «Сити Сервис Инвест Строй» ЖШС-нің атқарушы директоры Талғат Даденов, аштық жариялаушылар төлем шартын өз еріктерімен жасаса, онда серіктестік олардың талабын орындауға әзір екендігін айтып отыр.

«Біз жер телімінің 1 шаршы метрін 2 мың 200 АҚШ долларына бағаладық. Оны төлеуге дайынбыз. Егер оны 40 шаршы метрге көбейтсек, 88 мың АҚШ доллары болады. Алайда тұрғындар 1 пәтердің орнына 2-3 пәтер алғысы келеді. Олардың талабы орынсыз. Біздің серіктестік 180 тұрғынмен төлем келісімін жасап, оларды орналастырды. Ал неге екені белгісіз 11 адам біздің шарттан бас тартып, аштық жариялауда. Мәселені мұндай жолмен шешу мүмкін емес», - деді Талғат Даденов.

«Азат» партиясы төрағасының орынбасары Петр Своик болса: «Алматыдағы пәтердің бағасы күн санап түсіп жатқаны барлықтарыңызға белгілі. Тұрғын үйдің бағасы былтырғымен салыстырғанда екі есеге арзандады. Бірақ, жердің бағасы бұрын қандай болса, әлі де сондай. Арзандаған жоқ. «СитиСервисИнвестСтрой» компаниясының бұл азаматтардың үйлері орналасқан жерге көз тігуі де сондықтан. Дау туындатып отырған жердің аумағы 7,3 гектарды құрайды» - деді.

Бүгінгі күні аштық жариялап жатқан 10 адамның денсаулығы өте нашарлап кеткен. Осы наразылық акциясына басынан бастап қатысқан Тамара Бубух, қант диабетінің асқынуына байланысты қатарынан екі рет жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жатқызылыпты.

Бұл - дау тәуелсіз ақпарат құралдары арқылы кеңінен жарияланып, күнен күнге ушығып бара жатқан соң, оған «Нұр Отан» партиясы да араласып, өткен аптаның жұмасында қалалық бөлімшесінің кеңсесінде аштық жариялаушылармен кездескен. Сол жерге қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов мырза да келген. Олар тұрғындарға қолынан келген көмектерін аямайтындықтарын айтып, уәде берсе де, әлі күнге дейін компания басшыларының қатысуымен болады деп күтіліп отырған кездесу өткен жоқ. Қайта содан бері аштық жариялаушылардың саны тағы да он адамқа көбейген.

Маржан Аспандиярова, «Азат» Партиясының төрағасының орынбасары:

«Қазақстандағыдай байлықпен тұрғын үй мәселесін болдырмауға да болады. Өкінішке қарай билік басындағы мырзалар қарапайым халықтың жағдайына назар аударып отырған жоқ. Олар Астананың он жылдығын тойламақ болып, жанталасып жүр. Соңғы кездері ресми ақпарат құралдарының да айтып жатқандары осы тойға байланысты болып кетті. Мыңдаған үлескер баспанасына қол жеткізе алмай, адамдар аштық жариялап жатқанда, билік басындағылар қалайша той туралы ойлайды, мен мұны түсінбеймін» дейді..
XS
SM
MD
LG