Accessibility links

Екібастұздың бұрынғы әкімінің өліміне қатысты күдіктілер ұсталды


Павлодар облыстық Ішкі істер департаменті 10 маусым күні Екібастұз қаласының бұрынғы әкімі Рамазан Жұматаевты өлтіруге қатысы бар деген күдіктілер ұсталғандығы туралы хабар таратты.

Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі аталмыш қылмысты жасады деген күдікпен Павлодар қаласының екі тұрғыны мен Өскемен қаласының тұрғыны ұсталып, қазір уақытша қамау абақтысына жабылғанын хабарлады.

«Екібастұз қаласы әкімшілігінің бұрынғы басшысын өлтірді деген күдікпен, 1983 және 1977 жылдары туған тағы да екі адамға іздеу жарияланды. Бұл екі күдікті де көршілес жатқан Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары», - деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Жанна Біләлова «Азаттық» радиосына маусымның 10-күні.

Екібастұз қаласының бұрынғы әкімі, 58 жасар Рамазан Жұматаев 21 мамыр күні сағат түскі бір кезінде Павлодар қаласының орталығында, «Тойота Ланд Крузер» автокөлігінінде отырған кезінде, әлдекімдер оған ту сыртынан автоматтан оқ жаудырып, қаза болған.

Сол күні кешкісін полиция іздеу салынған «Audi B4» автокөлігін тауып алды. Бірнеше сағаттан соң, қылмысқа қатысы бар күдікті ретінде автокөліктің қожайыны да ұсталды. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 96-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

1993 жылдан 1995 жылға дейін Екібастұз қаласы әкімі қызметін атқарған Р.Жұматаев соңғы кездері жеке бизнеспен шұғылданып, бірнеше ірі компаниялардың тең құрылтайшысы мен қожайыны болды.

Оқиға болған жерде табылған 11 оқ сынығы және 7 гильза арнайы тексеру үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне жіберілді. Полиция Екібастұз қаласының экс-әкімін өлтіру қылмысын ашуға көмектескен адамға 1 миллион теңге сыйақы берілетінін жариялаған болатын.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG