Accessibility links

Асқарбек Мәжитұлы Ислам дінінің терроризмді қалай айыптайтыны туралы


- Ислам деген сөздің өзі бейбітшілік, сәлем беру, нұр шашу деген ұғымдарды білдіреді. Және бұл дінді сүйікті пайғамбары арқылы бізге жіберген Аллатағала мұсылманға «адамзатты сүй» деп жаратқаны Абайдың сөзінде де бар екені қазаққа мәлім. Ендеше, Аллатағала өзінің сүйіп жаратқан құлдарына түсірген осындай бейбіт мақсатты көздеп, уағыздайтын дінді экстремизммен байланыстыру ақылға сиымсыз нәрсе ғой.

Исламда емес қателік, қате – мұсылмандықты бұрыс түсінгендерде. Мысалы, Бен Ладен қолдан жасалған, яғни мұсылмандықты мүлдем бұрыс түсінген, қазақша айтқанда, құранды теріс оқитын адам. Міне, сол секілді кейбір қара пиғылды адамдар немесе ұйымдар, мұсылманның атын жамылып осыны әдейі бұрмалап, өршітеді. Сөйтіп олар Ислам дініне қарсы жұмыс істейді, солардың кесірі мұсылмандар туралы теріс түсінік қалыптастырады.

Ал шынтуайтында Ислам оларға жат. Өйткені, қасиетті Құрандағы аяттарда Аллатағала кімде кім бір адамды жазықсыз өлтірсе, ол жер бетіндегі барлық адамдарды өлтіргенмен бірдей екендігін айтқан. Ал егер кімде кім бір теріс жолда жүрген пендені тәрбиелеп, жөнге салса, адамшылық шыңына шығарса, ондай жақсылық істеген адам жер бетіндегі барлық адамдарды тірілткенге пара-пар делінген.

Жазықсыз адам қанын төккендердің ісі қоғам үшін қатерлі вирус секілді. Одан бойды аулақ салмаса, ол бүкіл қоғамға жайылады. Аллағатала адам өлтірушілерге осындай баға берген. Сондықтан, мұсылман адам террорист бола алмайды, ал терроризм жолында жүргендер мұсылман бола алмайды, бұл екеуі бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар. Рас, терроризм мен экстремизмді қару етіп жүргендер арасында өздерін мұсылман етіп көрсеткісі келетіндер бар, бірақ Құрандағы сөзде Аллатағала оларды мұсылман қатарына жатқызбайды.
XS
SM
MD
LG