Accessibility links

«Халық рухы» партиясының тіркелмегеніне бір жыл


Сәрсенбі күні түстен кейін «Халық рухы» партиясының бір топ өкілдері мен қолдаушылары, партия 60 мың мүше жинап, заңның барлық талаптарын орындаса да, Әділет министрлігінің тіркемей жатқандығын мәлімдеді.

Оппозицияға да, билікке де жатпайтынын айтқан партия өкілдері не себептен өздерін Әділет министрлігінің тіркемей жатқандығын түсінбей отыр.

«Халық рухы» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Мұқанбет-Шәріптің айтуынша, осы мәселеге байланысты құзырлы органдарға талай хабарласқанымен, тексеріп жатырмыз деген секілді сырғытпа жауап алған.

- Олардың тексерулерінің қашанға шейін созылатындығы бізге белгісіз. Министрліктен нақты жауап болмаған соң, тіркелмеген бойы 2030 жылға шейін жүре беретін шығармыз, -дейді, ол.

«Халық рухының» өкілдері Қазақстандағы саяси партиялар туралы заңның демократиялық стандарттарға қайшы екенін де тілге тиек етті.

Құдияр Біләл, «Жалын» журналының қызметкері:

«Қазақстанда белгілі бір партияны тіркеу үшін, оған мүше болғысы келетін адамдар саны 50 мыңнан кем болмауы тиіс, оның сыртында Астана мен Алматы қалаларындағы партия мүшелерінің саны 700 болу керек. Бұл Қазақстанда партияны тек алпауыттар мен қаржылы топтардың ғана құруға шамасы жетеді дегенді білдіреді. Өйткені, осыншама жұмысты ұйымдастыру үшін қыруар қаржы қажет екені айтпаса да түсінікті. Ендігі уақытта билік қандай тапсырма берсе, солай болады. Тірке десе тіркейді, тіркеме десе тіркемейді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тәрізді беделді ұйымға өнегелі төраға болғымыз келсе, партия туралы заңды демократиялық талапқа сай қайта өзгерту керек».

«Халық рухы» партиясын құру барысында да олардың құрылтайшылары біраз қиыншылықтарға тап болыпты. Партияның бірінші съезін өткізу үшін, Республика сарайын жалға алып, оның ақшасын төлеп қойса да, жеме-жемге келгенде, басшылары үзілді-кесілді қарсы болып, жиынды Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайына ауыстыруларына тура келіпті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG