Accessibility links

Заң жобасы діни азшылықтағылардың көңіліне жақпайды


«Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар күшіне енсе, Қазақстандағы барлық діни бірлестіктер бір жарым жыл ішінде қайта тіркеуден өтуге тиіс болады. Заң жобасы маусымның 11 күні парламенттің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды. Өз кезегінде секта өкілдері жаңа заң жобасынан мүшелері аз бірлестіктерді тіркеуге тыйым салу туралы бапты алып тастауды сұрайды.

Заңға түзетулер енгізуге бастамашы болғандардың бірі, парламент мәжілісінің депутаты Берік Бекжанов жаңарған заң жобасын парламент пен президент мақұлдаса, Қазақстандағы барлық діни бірлестіктер бір жарым жылдың ішінде қайта тіркеуден өтуге тиіс болатынын айтады.

Ал Парламент мәжілісінің депутаты Гүлнар Сейтмағанбетова заң жобасының олқы тұстары көп деген пікірде.

«Заң жобасында ата-аналары рұқсат берген балаларға дінді уағыздауға рұқсат етілген. Бұлай болса балалар бала-бақшадан бастап діни уағыздай бастайды, ол дұрыс емес», - дейді депутат.

Қаржыға байланысты дау-дамайдың туындағандығын сөз қылған депутат Алдан Смайыл, діни топтардың тіркелу мәселесінің заң жобасында дұрыс шешілмегендігін алға тартты.

«Діни топтарға әдейі жағдай жасалды», - дейді парламент мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов.

Оның түсіндіруінше, «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң жобасында діни топтарға аударылатын мол көлемдегі қаражат көзі қадағаланғанымен, адамдар оған қалаған көлемде қаражат бере алады.

Ал діни азшылықты құрайтын секта өкілдері жаңа заң жобасынан мүшелері аз бірлестіктерді тіркеуге тыйым салу туралы бап алынсын деп отыр. Алайда жоба дайындаушылар бұл талаппен келіспейді.

Әзірше заң жобасы мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.
XS
SM
MD
LG