Accessibility links

Наразы тұрғындар Алматы әкіміне талап-хат табыс етті


Маусымның 11-і күні Алматы қаласының аумағына енетін «Шаңырақ-5» және «Қызыл еңбекші» елдімекен тұрғындары қалалық әкімшілік алдына жиналып, әкім Ахметжан Есімовке үндеу хат жолдады. Жиналғандар өздері отырған жер телімдері мен қозғалмайтын мүлкін заңдастыруды және тұрғындардың мүддесін қорғайтын комиссияның құрылуын талап етті.

Осындай талап қойып келуші тұрғындардың бірі Ғазиз Алмағанбетов, үй-мүлкін заңдастырмай қойған әкімшілік шешіміне наразы 69 адамның Бостандық аудандық сотына арыз бергенін айтты:

- Бізге құрылған комиссия тарапынан қысым жасалынып отыр. Күнде келіп, құжаттар талап етеді. Ауданда 400-дей үй бар, оның көбісі көп балалы отбасылар мен зейнеткерлер. Біз өз жеріміз бен баспанамызды ешкімге бермейміз. Далада қалғымыз келмейді.

Наразылық акциясын осымен 3-ші рет өткізіп отырған шағын ауданның тұрғындары, құқықтарының аяққа тапталып жатқандығын айтады:

- Біздің құжаттарымыздың барлығы қалалық жылжымайтын мүлік орталығында жатыр. Естуімізше, комиссияда қаралып жатқан көрінеді. Күнде қалалық мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау департаменті мен «Алматыжер» кәсіпорнынан адамдар келеді. Олар 3 күннің ішінде құжаттарды реттеуімізді талап етуде. Егер біз құжаттарды дайындамаған жағдайда, сыртымыздан жалған құжат жасап, сотқа бермекші, - деді Ғазиз Алмағанбетов.

Бұл мәселеге байланысты түсініктеме алу үшін Алматы қалалық мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау департаментінің директоры Асқар Тұтыбаевқа бірнеше рет телефон шалғанымызбен сөйлесудің сәті түспеді.

Есімін айтудан бас тартқан, өзі жоқта үйінің сүріліп тасталғанын әңгімелеп берген мына бір тұрғын, аудандық билік өкілдерінен құрылған комиссия мүшелерінің олардан түсініктеме жаздыртып алуының жиілеп кеткендігін тілге тиек етті:

- Олар бізден түсініктеме жазуымызды талап етіп отыр. Түсініктемеде жердің кімнен, қашан алғандығы туралы жазылуы керек екен. Біз түсініктеме беруден бас тартқан соң, өздері жазған дайын түсініктемені әкеліп, біздің қол қоюымызды сұрады. Түсініктемеде жердің сатылғандығы туралы жазылыпты. Мәселен, мен жерді сатып алғаным жоқ, сол кездегі әкімшіліктен алдым.

«Шаңырақ» қоғамдық қозғалысының мүшесі Айнұр Құрманов, «Шаңырақ-5» және «Қызыл еңбекші» тұрғындарының талабы орынды деп отыр:

- Тұрғындар қала әкіміне жай ғана келген жоқ, олар өздерінің үй-мүліктерін заңдастыруына көмектесуін сұрап, үндеу хат жолдап отыр. Олар осыған дейін құрылған комиссия мүшелерінің жұмысына разы емес. Сондай-ақ үй-мүліктері заңдастырылмаған. Өткен жылдың қараша айында 32 баспана сүріліп тасталды. Шағымданушылардың тағы бір талабы – олар комиссия мүшелерінің қайта жасақталуын сұрап отыр. Себебі, осыған дейін құрылған комиссия қоқан-лоқы көрсетіп, үйлерін қиратуға уәде еткен, - деді Айнұр Құрманов.

Алматы қаласы жылжымайтын мүлік орталығы директорының орынбасары Сейсен Оразақынов, «Шаңырақ-5» және «Қызыл еңбекші» тұрғындарының үй-мүліктерінің заңдастырылмауы орынды дейді:

- Ол екі ауданның тұрғындары да заңсыз баспана салып алған. Олардың қолында ешқандай құжаттары болмағандықтан заңдастырылмай отырғандығы да сол. Қаланың бас жоспары бойынша ол жерге үлкен ықшамаудан салынуы тиіс.

«Шаңырақ-5» және «Қызыл еңбекші» тұрғындарының ынталы тобы қала әкімі Ахметжан Есімовтің бұл мәселеге тікелей араласуын сұрап отыр.
XS
SM
MD
LG