Accessibility links

Баспасөзге шолу. 20.06.2008 жыл


Жұма күні жарық көрген басылым беттерінде Астананың 10 жылдық мерейтойы қарсаңында Астана күнін мемлекеттік мереке етіп енгізу туралы заң жобасы қаралып жатқаны, ел президенті Н.Назарбаевтың Жапония еліне жасаған сапары туралы жазылған.

«Айқын» газетіндегі Ерлан Бекхожинның мақаласында, президент Н.Назарбаев Жапония Парламенті өкілдері палатасының спикері Йохо Кономен кездесуінде парламентаралық байланыстардың маңыздылығын және «Жапония-Орталық Азия» форматындағы қарым-қатынастарға қолдау білдіргендігі баяндалған. Мақалада спикер, Қазақстан мен Жапония арасындағы серіктестікті жоғары бағалайтындығы, сондай-ақ Жапонияда білім алып жатқан қазақстандық жастардың қатарын арттыруды сөз еткен.

Газеттің осы бетіндегі «Жауапсыз депутаттар сынға алынды» деген журналист Айхан Шәріптің мақаласында, президент әкімшілігінде «Нұр Отан» саяси партиясының парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысының өткендігі баяндалған. Мақалада «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Әділбек Жақсыбеков, шенеуніктер мен депутаттарды қатты сынға алғандығы баяндалған. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарын әзірлеу кезінде ескерілсін деп фракция ұсынған 200 баптың 168-і ғана көрініс тауып, тұғырнамалық 32 баптың ескерусіз қалғандығы да айтылған. Мақалада үкімет парламентке заң жобаларын кеш енгізіп жатқандығы, «Нұр Отан» партиясының 2008-2009 жылдар аралығында 34 заңның қабылдануын қарастырғанымен, оның 19-ы өмірге жолдама алуы керектігі жазылған. Сондай-ақ, мақалада билік партиясы төрағасының бірінші орынбасары Әділбек Жақсыбеков, атқарушы билік атына айтылған ескертулерді партия мүшелері дер кезінде қолға алып, жауапсыздыққа бой алдырмайды деген сенімін айтқандығы сөз болыпты.

«Литер» газетіндегі «Астана күні мемлекеттік мереке» деген мақалада, Астана күнін мемлекеттік мереке қылу мәселесі сенаттың жалпы отырысында қаралғандығы жазылған. Газетте Мәжіліс мақұлдап, сенатқа жолдаған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Қазақстанның күнтізбесінде қызылмен белгіленген мерекелер күніне тағы бір күн қоспақ екені айтылған. Яғни, 6-шілде «Астана күні» болып белгіленіпті. Сондай-ақ бұл заң жобасын депутаттардың бәрі бірауыздан қолдағандығы, оны сенаттың жалпы отырысына шығаруға келіскендігі айтылған.

«Экспресс К» басылымындағы журналист Марк Айсбергтің «Сакураның бұтағы, бәйтеректің тамыры» деген мақаласында президент Н.Назарбаевтың күншығыс еліндегі сапары туралы жазылған. Мақалада автор Қазақстан президентінің Жапонияның жоғарғы мемлекеттік наградасы «Ақ лентадағы хризантема» орденімен марапатталғанын, ол орденнің Назарбаевқа «ядролық қарусыздану ісіне, бейбітшілік пен ұлтаралық үйлесімді нығайтуына» байланысты табыс етілгендігін баяндаған. Сондай-ақ, президент Н.Назарбаевтың Жапония императоры Акихитоға Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасы «Алтын қыран» орденін табыстағанын, орден императорға екі ел арасындағы достықты нығайтуға орай берілгендігі сөз болыпты. Былтырғы жылғы көрсеткіш бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 1,7 миллиард долларды құрап отырғандығы да мақалада қамтылған.

Ал «Жас қазақ» газетіндегі Төлен Тілеубайдың «Астананың туған күні - мемлекеттік мереке» деген мақаласында, төменгі палата депутаттарының Астананың 1 жылдығына тағы бір тарту жасағандығын, осы мерекелік күнге орай, автор бірнеше депутатты әңгімеге тартыпты. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан басылымға берген түсініктемесінде: «Астананың президент туған күнімен сәйкес келуінде тұрған өрескелдік жоқ. Бұл науқандық даңғаза емес, алаштың мерейі» деген.
XS
SM
MD
LG