Accessibility links

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайын ба?


Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мақсатында жүргізіп жатқан келіссөздердің 80 пайызын аяқтады. Мамандар егер келіссөздердің қалған бөлігі аяқталса алдағы 1-2 жыл көлемінде Қазақстан аталған ұйымға кіруі мүмкін деп отыр.

Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мақсатымен Қазақстан 25 елдің 20-сымен келіссөздерін аяқтады. Бұл жөнінде маусымның 17-18 күндері еуропалық комиссияның сарапшыларымен жүргізілген екіжақты келіссөздерден кейін Қазақстанның индустрия және сауда вице-министрі Жанар Айтжанова хабарлады.

- Қазіргі таңда АҚШ және Еуропалық Одақпен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Олар жыл соңына қарай аяқталады деп үміттенеміз, - деді вице-министр.

Аталған ұйымға мүшелікке ену мезгілі жақындаған сайын Қазақстан оған кіруге қаншалықты дайын деген сауал мамандарды алаңдатуда. Кәсіпкер Бауыржан Смағұлұлының пікірінше, бүгінгі күнге дейін түрлі құжаттарға қол қойылып, дайындық шаралары жасалып жатқанымен Қазақстан аталған ұйымға кіруді кемінде 3-4 жылға шегере тұрғаны жөн болмақ.

- Бізде бәсекеге қабілетті кәсіпорындар өте аз. Мен қазірдің өзінде Қазақстанның нарығын ала алмай отырмын. Әрең-әрең дегенде шығып жатырмыз. Ал ертеңгі күні сауда ұйымына кірген кезде дүниежүзілік танымал фирмалармен бәсекеге түсу маған өте қиын болады. Ең әуелі кадр мәселесіне кезігеміз. Жақсы кадр болса, жақсы маман болады. Жақсы маман болса, жақсы кәсіпорын болады, - дейді қазақстандық кәсіпкер.

Қазіргі таңда ТМД көлемінде Дүниежүзілік сауда ұйымына 8 мемлекет мүше. Ал Қазақстанды қоса санағанда 5 мемлекет ұйымға кіру қарсаңында тұр. Экономист Рахман Алшановтың айтуынша, қазіргі уақытта аталған ұйымның құрамында болмағандықтан Қазақстан көптеген қиындықтарға кезігуде. Сол себепті ел осы ұйымға тезірек мүше болуға ұмтылуы тиіс деп есептейді экономист:

- Қарасаңыздар, Ресейдің теміржолшылары тарифті өзгеше қоямыз деп жатыр. Еуропада Қазақстанның металдарын өткізу жөнінде мәселелер болып жатыр. Кірейік-кірмейік, онсыз да біз қазір 220 елмен сауда жүргізіп жатырмыз. Ертеңгі күні мына кәсіпорындар мен тауар өндірушілер арасында сапаға байланысты, келісім-шарт орындауға байланысты кәдімгідей дау тууы мүмкін. Осы кезде кімге айтасыз? Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретін болсақ, онда олардың ережелерімен байланысты көп жерге баруға болады. Ал қазір бейшара сияқты барсаң «білмейміз, біздің заңымыз осындай» деп иық сілтейді.

Рахман Алшанов Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретін болса, көптеген мүмкіндіктерге жол ашылады деп отыр.

- Қазір тек қана Қазақстан шеңберінде жүрміз. Өзімізге жетпейді, қалай шығарамыз дегендей. Ал кіретін болсақ, өнімдеріміз стандарт, техникалық ережелерге сәйкес келетін болса, онда Эмиратқа барып сатыңыз, мейлі Қытайға барып сатыңыз, еш жерде әлгіндей қысым болмайды.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру қарсаңында тұрса да шешуін таппаған мәселелер әлі көп деп есептейді.

- Әсіресе ауыл шаруашылығы бұл салаға дайын емес. Біздің ауыл шаруашылық өнімдеріміз әлі бәсекеге қабілетті өнімдер емес. Сондықтан да бірінші кезекте біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретін болсақ, өзіміздің ауыл шаруашылығымызға бүгінгі күннен бастап қолдау көрсетіп, шикізат өнімдерін өңдейтін, бәсекеге қабілетті тауар шығаратын кәсіпорындарды құрып сол арқылы дайындығымызды жақсартуымыз керек. Өзімізден шығарылатын тауарлардың сапасын және өнімдердің талапқа сай, бәсекеге қабілеттілігі деңгейін қарастырып алғанымыз дұрыс. Өйткені, ертең көптеген кәсіпорындарымыз, өнім өңдейтін фирмаларымыз банкрот болып қалуы мүмкін. Міне, осы жағын талдап қарастырып алуымыз керек, - дейді парламент мүшесі.

1995 жылы негізі қаланған Дүниежүзілік сауда ұйымына қазіргі таңда 152 ел мүше. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге 1996 жылы өтініш беріп қойған болатын. Мамандар Қазақстанның аталған ұйымға кіруі жүргізіліп жатқан келіссөздер мерзіміне байланысты деп отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG