Accessibility links

Баспасөзге шолу. 21.06.2008 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылым беттерінде алданып қалған үлескерлер проблемасы және тамырын тереңге жайған жемқорлық мәселесі сөз болыпты.

«Айқын» газетінде «Жемқор шенеунік тұрғын үй кешенін жұтып қойыпты» деген Айхан Шәріптің мақаласында, Бас прокуратура экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі көптеген ірі лауазымды шенеуніктердің мемлекеттік меншіктегі жерлерді өз туыс-туғандарына сатып жібергендігі жайында айтылыпты. Оның бірі Астана қаласындағы «Тұран де Люкс» көпқабатты тұрғын үй кешені екен. Билікті бас пайдасына пайдаланған шенеуніктер 2004 жылдың тамыз айында Астанада Есіл бейнелік су шаруашылық басқармасына бөлінген жер телімін сатып жіберген. Қаржы полициясының мәліметінше, қазір бұл үйде үлескерлер тұрып жатқан көрінеді. Мақалада жемқорлыққа қарсы агенттіктің бүгінгі таңда компания басшыларына қатысты Астана бойынша - 7, Алматы облысы бойынша - 2, Ақтөбе облысы бойынша 1 қылмыстық іс қозғағандығы баяндалған. Бас покуратураның мәліметінше, Қазақстанда 200-дей проблемалы нысан бар, ал оларды салуға 123 компания үлескерлердің 104 миллиард теңге қаржысын тартыпты.

«Литер» басылымындағы «Көмектесу мен жазалау» деген тілші Динара Бисембинаның мақаласында, үлескерлер проблемасы басты назарға алынған. Мақалада, үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен отырыста Астанадағы тұрғын үй құрылысына қатысушы үлескерлердің проблемасын шешу мәселесінің қаралғандығы сөз болған. Осы мәселе бойынша «Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов, 2007 жылдың қыркүйегіндегі мәлімет бойынша Астанада салынып жатқан 227 тұрғын үйдің 26-сы пайдалануға берілгендігін, құрылысы аяқталмаған 201 тұрғын үйдің бар екендігін айтқан. Мұндағы 68170 пәтердің 32124-ін үлескерлер сатып алған. Астана қаласы әкімінің айтуынша, 24 тұрғын үй құрылысы проблемалы деп табылып отыр. Қазіргі күні онда 5977 үлескердің мәселесін шешу жұмыстары қолға алынды» деп жазыпты мақала авторы.

«Экспресс К» газетіндегі «Үлескер адамдар» деген тілші Владислав Шпаковтың мақаласында, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов, қаладағы құрылысы әлі аяқталмаған 6 мың пәтерді сатып алуға үкімет 41 миллиард теңге бөлгендігін, сондай-ақ «Қазына» даму қоры арқылы 30 тұрғын үй кешенінің құрылысы қаржыландырылып жатқаны айтылған. Мақалада «үкіметтің экономиканы тұрақтандыру шараларына қатыспаған екінші деңгейдегі банктер мен инвесторларды тарту арқылы 79 нысан құрылыс жүргізушілердің жеке қаражаты есебінен салынып жатқандығы, бұлардағы 12290 үлескердің мәселесі алдағы уақытта шешіледі» делінген.

«Егемен Қазақстан» газетіндегі Айбатыр Сейтақтың мақаласында «лауазымды адамдардың қызметін асыра пайдалану фактілері бойынша республикалық және өңірлік кеңестерге азаматтар мен заңды тұлғалардың арыз-шағымдарының жиі түсуі, заңбұзушылықтың толастамағындығын көрсетеді» делінген. Жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін беру туралы өтініштерді қарау кезінде, 20700-ден астам заңсыздықтардың орын алғандығы, сондай-ақ жер учаскесіне құқық беру кезінде негізсіз артықшылық беру фактілері анықталғандығы да айтылған.

«Время» басылымы Қазақ мемлекеттік құрылыс-сәулет академиясының әкімшілігі осы оқу орнына қарасты №5 жатақхана тұрғындарынан баспананы босатуды талап еткендігі туралы жазыпты. Мақалада жатақхана тұрғындарының академия қызметкерлері еместігі және олардың 3 жыл бойы коммуналдық қызметке ақша төлемей отырғандығы сөз болған. Мақалада аталмыш академияның 150 студентінің баспанасыз болуына орай, әкімшілік жатақхананы босатуды қолға алып отырғандығы баяндалған. Ал тұрғындар болса академия әкімшілігінің бұл әрекетін өздерін қудалау деп бағалап, бұл баспананы оңайлықпен босатпайтындығын айтыпты.
XS
SM
MD
LG