Accessibility links

Интернетті пайдалану Қазақстанда неліктен қымбат?


Келесі аптада Алматыда Қазақстандағы интернет мәселесіне арналған тұңғыш халықаралық конференция өтпекші. Конференцияны ұйымдастырушылар Қазақстанда интернеттің жеткілікті деңгейде неге дамымай отырғанына талдау жасап, осы салаға инвесторлар тартуды жоспарлап отыр.

Интернет саласының мамандары қазіргі кезде Интернетті қазақстандықтардың ең көп дегенде 18-25 пайыздайы ғана пайдаланады деген пікір айтып отыр. ТМД аумағымен салыстырғанда бұл көрсеткіште Қазақстан Ресей мен Украйнадан кейінгі үшінші орында екен.

«Бірақ, қазақстандық көптеген интернет-тұтынушылары Ресейдің интернет порталдарын пайдаланады» дейді мамандар. Мысалы, Ресейдің mail.ru сайтын 2 миллиондай қазақстандық тұтынушылар пайдаланады екен. Оның себептері көп.

«Қазақстан экономикасы соңғы жылдары қарқынды дамып, интернетті пайдаланушылар саны жыл сайын көбейіп отырғанымен, Қазақстанға тиесілі домендік атауымен әлемдік кеңістігінде өзінің төл туындыларын не тауарларын ұсынатындар небәрі 5-ақ пайызды құрайды. Қазақстанның интернетте өзінің жеке пошталық қызмет көрсетуі де жоқ!» - дейді «Тенгри» жарнамалық агенттігінің бас директоры әрі осы конференцияны ұйымдастырушылардың бірі Ержан Исабаев.

Ал осы конференцияны ұйымдаструшылардың тағы бірі Дмитрий Зимин жалпы алғанда Қазақстанда интернет айтарлықтай дамымай отыруының себептері деп төмендегілерді атады:

«Бізде интернет саласында қаржы жоқ, осы саланы дамытатын білікті мамандар тапшы, интернет саласын реттейтін заңымыз да жоқ, тек осы саламен жұмыс істейтін банк жүйесіне тәуелсіз төлем жүйесі де, т.с.с. жоқ. Сондықтан Қазақстандағы интернет айтарлықтай әлі дамымай отыр. Біз осы проблемаларды конференцияда алғаш рет талқыламақшымыз. Егер біздің интернет саласының қызмет көрсетуіне келетін болсақ, ол тіпті дамымаған».

Қазақстандағы интернет проблемаларының енді бірқатарын елдегі сөз бостандығының ахуалына бақылау жасайтын «Әділ сөз» қоғамдық қорының заңгері Ганна Красильникова тізіп шықты.

«Біздегі интернеттің жылдамдығы тіпті нашар, оған қоса бағасы да қымбат. Салыстырып айтсақ, Қазақстанда интернетті пайдалану бағасы ТМД елдеріндегі ең қымбаты. Билік тарапынан оппозициялық сайттарды жауып тастау үрдісі жиі кездеседі. Тіпті кейбір сайттардың иелері сайттарының істен жиі шығып қалу себептерін анықтай алмай, өздеріне жасалып отырған кедергілерге биліктің тікелей қатысы бар деген ойда», - дейді Ганна Красильникова.

Ал конференцияны ұйымдастырушылар қатарында «Қазақтелеком», Қазақстан республикасының ақпараттандыру және байланыс агенттігі мамандары да бар. Олар жоғарыдағы аталған кемшіліктерді де конференция барысында талқыламақ ниеттері барлығын айтады.
XS
SM
MD
LG